Ақсуда құдықты мекен еткен әйел анасымен қауышты (видео)
Үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген келіншектің туыстарын табуға волонтерлікпен айналысатын Мырзабек атты жергілікті тұрғын көмектесіпті
Ақтау тұрғыны Павлодар облысы Ақсу қаласында екі ай бойы көшеде қалып, құдықта түнеп жүрген қызын іздеп келді. Ана мен қызын қауыштыруға волонтерлікпен айналысатын жергілікті тұрғын көп күш салған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy lada.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Ақтау қаласының тумасы Айнұрдың соңынан анасы іздеп келіпті. Үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген келіншектің туыстарын табуға волонтерлікпен айналысатын Мырзабек атты жергілікті тұрғын көмектесіпті.
Еске салсақ, біршама уақыт бұрын әлеуметтік желіде Ақсудағы жылу трассасының құдығын мекен етіп жүрген келіншек туралы видео тарап кеткен болатын.
Жергілікті тұрғын оның Ақсуға тұрмысқа шыққан ақтаулық әйел екенін анықтапты. Кейіннен күйеуі үйінен қуып жіберген келіншек бөтен қалада барар жер, басар тауы болмағандықтан, құдықта өмір сүруге мәжбүр болған. Оның Ақтауда 12 жасар қызы бар екен.