«Астана Аруы-2019» байқауының жеңімпазы анықталды
Айзада Хабиболлаеваға «Астана Аруы-2018» байқауының жеңімпазы сұлулық тәжін сыйлады
19 жастағы Айзада Хабиболлаева «Астана Аруы-2019» байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Айзада Хабиболлаеваға «Астана Аруы-2018» байқауының жеңімпазы сұлулық тәжін сыйлады. Ал байқаудың бірінші вице-аруы – Ханзада Әзірбай болды. Екінші орынды 23 жастағы Наталья Фетоденкова иеленді. Сондай-ақ, 18 жастағы Қарлығаш Жанғарина екінші орынның жеңімпазы атанды.
«Бұл байқауда қатысушылардың әр қырын бағаладық. Біреуі көркімен, біреуі ақылымен, енді бірі харизмасымен ерекшеленді. Байқау жалғасын тауып, дами берсін дегім келеді»,- дейді әділқазылар алқасының мүшесі Серік Сәпиев.
Байқау «Еріктілер жылы» аясында өткендіктен, әрбір финалист сынаққа айрықша дайындалып, волонтерлік жұмыстарға белсене қатысты. Қыздар өз қолымен шала туған сәбилерге арналған жүн шұлықтарын тоқып, балалармен бірге жаңажылдық ойыншықтар дайындаған болатын. Сонымен қатар, қалалық қан орталығына барып, ерікті түрде донор болды. Ол үшін қыздар медициналық тексеруден өтті.
Айта кетсек, биыл Нұр-Сұлтан қаласының ең сұлу аруы атағынан 16 мен 24 жас аралығындағы 583 қыз үмітті болса, олардың тек 19-ы ғана финалға өткен еді.