Тоқаев күйеуін өлтірген екібастұздық Лариса Антонюкке рақымшылық жасады
Енді сотталған әйел мерзімінен бұрын бостандыққа шығады
Қасым-Жомарт Тоқаев жұбайын өлтіргені үшін сотталған екібастұздық Лариса Антонюкке рақымшылық жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент Лариса Антонюктің рақымшылық жасау туралы өтінішіне қол қойды, енді ол мерзімінен бұрын бостандыққа шығады.
Лариса Антонюк 2011 жылы жұбайын өлтіргені үшін сотталған. Түркіменстан соты оны 21 жылға бас бостандығынан айырған еді. Тағы 10 жылы қалған. Бұған дейін бірнеше рет жазасын жұмсартуға өтініш жазған, бірақ өтініші қабылданбаған.
Лариса ол жігітпен Қазақстанда танысқан, уақыт өте келе қарым-қатынасын заңдастырған. Үйленгеннен кейін жастар жігіттің туған жеріне, яғни Түрікменстанға көшіп барады. Сотталушының айтуынша, күйеуінің ата-анасы оны бірден қабылдамаған. Кейін ол жұбайының есірткіге тәуелді екенін білген. Ер адам қаржылық қиындықтарға тап болып, отбасы мүшелеріне қол көтере бастаған, есірткі алу үшін тіпті ақша талап еткен.
Лариса жұмыста жүргенде балалардың өмірі үшін үнемі қорқып отыратынын айтқан. Алайда бір күні кезекті жанжал кезінде ол өзін қорғау мақсатында абайсызда күйеуін өлтіріп алады. Лариса жергілікті колонияға қамалып, төрт баласы балалар үйіне жіберіледі.
Кейін Лариса Қазақстанға қайтарылады, Өскеменнен 200 шақырым жердегі әйелдер колониясында жазасын өтейді. Ларисаның әпкесі балаларды балалар үйінен алып кетіп, өз қамқорлығына алған.
2020 жылдың мамырында қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері оған балаларымен видеоқоңырау арқылы сөйлесуге мүмкіндік береді, ол сол кезде 10 жылда алғаш рет балаларын көрді. Сотталған кезде баласы екі жаста болған, оған қамқорлықты үлкен қызы алды, қазір ол күйеуімен кішкентайларға қарайды, барлығы бір шаңырақ астында тұрып жатыр.
«Мекеме қызметкерлері қажетті материалдарды уақытылы жинап, жіберді. Қазақстан Президенті Лариса Антонюкке рақымшылық жасады. Сотталушының мерзімі 21 жылдан 16 жылға қысқартылды. Ол тиісті құжатпен танысты. Рақымшылыққа байланысты оның ресми мерзімі 2021 жылдың шілдесінің соңында аяқталады. Лариса жазасын өтеу кезінде өзін жақсы жағынан көрсетті. Тігін цехында жұмыс істейді. Барлық мәдени іс-шараларға белсенді қатысады», – деді ШҚО Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Жанболат Кәлетаев.