$ 520.91  544.25  5.29
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.07.2021, 11:42
Қоғам

«Бұрынғы әкім жақсы еді»: Үржар ауданындағы Егінсу ауылында халық егінді суара алмай отыр

Сондай-ақ, ауылдың жолы 35 жылдан бері жаңармаған

«Бұрынғы әкім жақсы еді»: Үржар ауданындағы Егінсу ауылында халық егінді суара алмай отыр

Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданына қарасты Егінсу елді мекенінің халқы сусыз отыр. Осыдан 30 жыл бұрын алқапқа арнайы тоған толы су келсе, бүгінде бір тамшы су қалмаған. Керісінше суағардың ішін қоқыр-қоқыс пен шөп-шалаң басқан. Шарасыз тұрғындар жергілікті биліктен көмек болмаған соң редакциямызға хабарласқан еді. 

Ындыны құрыған тұрғындар мәселені айта-айта аудан әкімінің құлағын жауыр қылған сияқты. Бірақ сонда да нәтиже болмапты. Бүгінде тоғанның ішінде жөңкіле су ағып жатқанның орнына арам шөп басып жатыр.

Әлеуметтік желіде тараған видеоны ауыл тұрғындарының бірі түсірген.

«Егінсу ауылы сулы, нулы жер. Екі жағынан да өзен ағып жататын. Бес мың гектардай суармалы жері бар. 700-800 гектар шабындықтан 30-35 мың центнер шөп алатын. Міне, соның бәрі құрып қалды. 1968 жылдары тоғанды халық өз күшімен қазған. Тағаны тазартылмай, ернеуі қирап жатыр. Бірнеше жыл бұрын қатты су тасқыны болып, Егінсу су қоймасын жарып кеткен. Қазір онда шырдақсу ғана ағып жатыр. Бары 100 гектардай ғана суармалы жер қалды. Қалғаны сусыз құлантүзге айналды. Билік ауыл халқына мал бағып, егін салып күн көріңдер дейді. Суға жарымаған халық қалай күн кешеді?! Бүрын 30 мың центнер шөп жинайтын болсақ, бүгінде 1000 центнер шөп әрең жиналады. Тоғандар қараусыз қалған. Ауылдың жайі қиын», - дейді ауыл тұрғыны.

Тұрғындардың айтуынша, ауылға су әкелуге болатын көрінеді. Тек аудан әкімі ниет білдірсе болғаны.

«Ауылға су келсе елдің жағдайы жақсаратын еді. Осыдан он шақты жыл бұрынғы аудан әкімі болған Бауыржан Жанақов өзі бас болып су тартқан. Сол жылдары ел егістіктен көп өнім алды. Кейін әкім ауысқаннан кейін судан үмітімізді үзгендей болдық. Бір тоғаннан су келетін болса, 2000 гектардай жер суарылады екен. Аудан мен ауыл әкімі аудандағы мекемелерді аралап жүре бергенше, нақты түйіні тарқатылмаған түйткілді мәселелерді шешудің жолын іздесе құба-құп қой. Бұл жердің топырағы құнарлы. Тек су ғана жетіспейді. Бірақ, оған құлақ асар әкім жоқ. Шекара шебінде орналасқан ауыл ертең қаңырап бос қалуы мүмкін. Сондықтан аудан әкімінен ауылымызға келіп, су мәселесімен айналысуын сұраймыз, - дейді жергілікті билікке ренжіген тұрғындар.

Олардың айтуынша, ауылда 120-ға жуық түтін бар. Негізгі күнкөріс көзі – егін және мал шаруашылығы.

«Аудан шекаралық аумақта орналасқандықтан су мәселесі өте өзекті. Тіршілік көзінен айрылған жұрт ауылдан қоныс аударуы ықтимал. Тұрғындар базынасын жеткізді. Енді тек аудан әкімі іске кіріссе жақсы болар еді», - дейді жергілікті тұрғын Берікқан Тайжігітов.

Үржар ауданы әкімдігі болса проблеманы шешеміз деп «ант-су ішіп отыр». Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр екен.

«Егінсу ауылдық округіне қарасты «Урджарка» өзеніндегі «Соединтельный» каналы 2016 жылы «Шығыс су қоймалары» коммуналдық мекемесінен «Қазсушар» РМК ШҚФ Үржар өндірістік учаскесінің теңгеріміне өтті. Қазіргі таңда аталған жұмыс бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Мердігер компания Алматы қаласындағы «Қазақ жобалау құрылыс» ЖШС-і», - деп хабарлады Үржар ауданының әкімдігі.

Десе де ауыл жұрты әкімдіктің сенбейміз дейді. Ауылға су келмейінше, оны көзбен көрмейінше атқамінерлердің сөзіне сенуге болмайды дейді халық.

Судың проблемасы өз алдына, Егінсуда жөні түзу жол да жоқ. 35 жылдан бері жөндеу көрмеген ауыл жолы жауын жауса – лайы, күн ысыса – шаңы шығып жатады.

«35 жылдан бері жол жөнделмеген. Бұрынғы әкім Серік Зайнулдин бюджеттен жол жөндеуге 140 млн теңге бөлдірмекші болған еді. Бірақ әкім ауысып, қаражат басқа бағыттағы жұмысқа жұмсалды. Өркениеттен құр қалып отырмыз. Ауылда жол, су мен интернет жоқ. Облыс әкімі шекаралық аудандарды дамыту бойынша аудан әкімдеріне тапсырма берген еді. Бірақ ол орындалмай жатыр. Қазір ауылдан халық үдере көшуде. Жастар тұрмайды. 12 шақырымдық жерге бір сағат жүріп барамыз. Әкім жасаймыз дегелі қашан. Халыққа берген уәдесінде еш тұрмады», - дейді Дәулет Тілеуберді есімді тұрғын.

Бұл мәселеге де әкімдік уәдемен жауап берді. Биылдан қалмай ауылға барар жол жөнделеді дейді аудан басшылығы.

«Үржар ауданы Егінсу ауылына баратын 12 шақырым жолға қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылған. Жоспарға сәйкес жөндеу жұмыстары шілде-тамыз айларында жүргізіледі», - делінген Үржар ауданы әкімдігінің мәліметінде.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ағын су мәселесі еліміздің барлық өңірінде дерлік өзекті болып тұр. Ағын судың болмауы және жауын жаумағаннан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында қуаңшылық болып, мыңдаған бас мал аштан қырылды. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса бұл проблемамен Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарының да шаруалары бірер жылда бетпе-бет келуі мүмкін.

Таунар Қайратұлы, Шығыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары