Павлодардағы құс фабрикасы топырақ пен суды ластап жатыр – экологтар
Фабриканы жапса жұмыртқа бағасы күрт қымбаттайды

Павлодарда экологтар өңірдегі құс фабрикасы топырақ пен жерасты суын ластап жатыр деп дабыл қақты. Айтуларынша, кәсіпорынан шыққан қалдықтар жерге көмілген. Бұл топыраққа сіңіп, су көздерін ластайды дейді мамандар. Сондықтан, облыстық экология департаменті «Павлодар» құс фабрикасының жұмысын уақытша тоқтата тұру туралы сотқа жүгінді деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Экология департаментінің тексеру жүргізуіне тұрғындардың шағымы себеп болған. Құс фабрикасы орналасқан Жетекші ауылының халқы жағымсыз иіске тұншығып отырғандарын айтқан.
«Топырақтағы зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша калий, фосфор, магний, кальциде күкірттің көрсеткіштері 2 есеге артық екені анықталды. Яғни, ол топыраққа әсері етеді. Осы арқылы ол жер асты суына жетеді. Бұл заңбұзушылық», - дейді Павлодар облысы бойынша Экология департаментінің инспекторы Александр Степаненко.
Экологтар кәсіпорын жұмысын тоқтату туралы бұйрық шығарды. Алайда, бұл бұйрықпен фабрика басшысы келіспейтінін айтады. Өйткені кәсіп тоқтаса, қарызға белшеден батамыз дейді.
«Мен тұрғындардың қарсылығына байланысты құс фабрикасын ауылдан 2 шақырымға дейін көшіруге дайынмын. Оған қоса иіс шығармайтын қорғаныс құралдарын күшейтеміз. Қажетті барлық шараны орындауға дайынбыз. Тек бизнесті тоқтата алмаймыз», - дейді «Павлодар құс» фабрикасының жетекшісі Ербол Досыбаев.
Мәселеге кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес өкілдері де араласуда. Себебі, құс фабрикасының жұмысы тоқтаса, жұмыртқа бағасы өседі. Кәсіпорын өнімі жергілікті нарықтың 30 пайызын қамтып отыр.
Соңғы шешім-сотта. Кәсіпорынның заң талабын бұзған-бұзбағаны да сол кезде белгілі болады.