ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Мектептерді арнайы күзетпен қамтуға қаражат жеткіліксіз өңірлер аталды

Бірқатар өңірдегі мектептерде арнайы күзет жоқ

Коллаж

Елімізде терроризмге қарсы тұру үшін қойылатын талаптар күшейтіліп, білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру стандарттарының талаптары бекітілді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгін Үкімет отырысында айтты.

Министрдің айтуынша, бүгінде республикамыздың барлық мектептері 100 пайыз бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Алайда олардың 55 пайызы ғана талаптарға сай келеді. Ал дабыл түймесінің мәселесі әлі алаңдатушылық туғызады.

«Бүгінде олардың саны – 648 (9,3%) құрайды. Алматы мен Нұр Султан қалаларында бұл мәселе толығымен шешілді. Проблеманы шешу үшін жергілікті бюджеттен 980 млн теңге сомасында қаражат көзделген. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Түркістан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында қаражат толық қарастырылмаған», - деді ведомство басшысы.

Үкімет отырысында білім беру мекемелерін арнайы күзетпен қамту мәселесі де сөз болды. Асхат Аймағамбетов мектептерді лицензияланған күзетпен қамту қажеттігін атап өтті.

«Мамандандырылған күзет қызметі бүгінде қала мектептерінің 38%-ында енгізілген (680). Жергілікті атқарушы органдар қосымша 828 млн теңге мөлшерінде сома бөлді. Қаражат 8 өңірде жеткіліксіз: Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында», - деді министр.

Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігі үшін оларды тегін тасымалдау жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі де талқыланып, осы бағытта Жол картасы қабылданғаны белгілі болды.

Оқи отырыңыз: «Антитеррорлық қауіпсіздік тек теория жүзінде үйретіледі»: ТЖМ мамандары мен мұғалімдер пікірін айтты

Еске сала кетейік, 11 мамырда Татарстан астанасы Қазан қаласындағы №175 мектепке қару асынған адам кіріп, оқушылар мен мұғалімдерге оқ жаудырған. Соңғы мәліметтер бойынша, атыс салдарынан 11 адам қаза тауып, зардап шеккен тағы бірнеше адам ауруханаға жеткізілген. Осы оқиғадан кейін Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі жиі-жиі көтеріле бастады. 

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан