Жалған вакцина паспортын сатуға жол берген ұйым басшылары қызметінен кетуі мүмкін

Қазақстанда екпенің ІІ компонентін алғандарға вакцинация паспорты беріледі

Жалған вакцина паспортын сатуға жол берген ұйым басшылары қызметінен кетуі мүмкін
Коллаж

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқарма басшысының орынбасары Лаура Мырзағали жалған вакцина паспортын сату фактісін болдырмаудың жолын айтты.

Басқарма өкілінің айтуынша, медицина ұйымдарының бәрінің бірінші басшысына жемқорлыққа жол бермеу туралы тапсырылған. Олар күн сайын өз ұжымын және вакцинация пунктерін тексеріп, бақылауға міндеттелді.

«Әрбір медициналық ұйымның басшыларына жауапкершілік жүктелді. Бұл мәселеге әр медициналық ұйымның басшысы жауап береді. Яғни, дербес жауапкершілік бар. Егер мұндай әрекеттер анықталып жатса басшы атқарып отырған қызметінен кетуі де мүмкін. Сондықтан, олар бұл туралы жақсы біледі және ескертілген», - деді Лаура Мырзағали.

Еске салайық, мамыр айында Алматыда вакцинация паспортын сатты деген күдікке ілінген емхана қызметкерлері өз еркімен жұмысынан кетті. Емхана қызметкерлері құжатты 15 мың теңгеден сатып келген.

Қазақстанның вакцинация паспорты бірнеше елде жарамды. Моңғолия, Венгрия және Тайланд тараптары Қазақстанға паспорттарды өзара мойындау туралы өтінішпен жүгінген. Бұған қоса, Түркия, Кипр сынды елдер барлық елдің вакцинация паспортын мойындайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.