$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.06.2021, 20:58
Қоғам

«Қоршаусыз қала» бағдарламасы ТМД елдеріне де үлгі – урбанист

Қарсылықтың көптігіне қарамастан іске асқан жоба бүгінде тиімділігін толық дәлелдеген

 
«Қоршаусыз қала» бағдарламасы ТМД елдеріне де үлгі – урбанист

«Қоршаусыз қала» жобасы елдің өзге облыстарына ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағының қолтығынан шыққан ТМД елдеріне де үлгі. Бағдарлама аясында Алматыда 150 км темір қоршаулар алынған. Ал оған дейін қала қоршаудағы алып «түрме» сияқты еді деп санайды мамандар. Қарсылықтың көптігіне қарамастан іске асқан бұл жоба бүгінде тиімділігін толық дәлелдеген. Мегаполис еуропалық күйге еніп, қаланың «тынысы» ашылған. Алматыда «Қоршаусыз қала» бағдарламасы 2016 жылдан бастап қолға алынды.

«Біз «Қоршаусыз қала» бағдарламасын қолға алғымыз келеді. Өйткені, 90-шы жылдары, қылмыс өршіп тұрған ауыр жылдарда қалада дуалдар, қоршаулар көбейіп кетті. Әркім өз ауласынан шықпайтын болды. Қазір де ұсқыны адам шошырлық ескі қоршаулар өте көп. Оның үстіне, бізде Кеңес заманында салынған көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістері аулаға қараған. Бұл да адамдардың бір-бірімен аз қарым-қатынас жасауына әкеп соғады. Әркім өзімен-өзі. Ал Еуропа елдерінде көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістері аулаға емес, керісінше, жол жаққа қараған. Сондықтан керексіз қоршаулар алынып тасталуы керек. Қала ашық болғаны жөн», - деген еді сол кездегі қала басшысы.

Алматыда жеке үйлер ғана емес, жекеменшік нысандар, саябақтар мен оқу орындары, аулалар мен мемлекеттік ғимараттарда темір шарбақтармен қоршалған еді. Қожайындары қоршауды қолынан келгенше биіктетуге тырысқан. Тор шарбақтар мен арматурадан жасалған қоршау көзге оғаш, көңілге қаяу түсіретін. Айналасын темірмен торлаған мекемелердің әрекеті көшедегі жүргіншілер үшін де тиімсіз еді.

«Әсіресе қаладағы ірі көше, даңғылардың бойындағы қоршауларды алып тастау сәтті шыққан идеялардың бірі. Ол жобаның қаншалықты тиімді екенін сол кезде түсінгендер аз болды. Қала көшелерімен кетіп бара жатсаң айналаңның бәрі қоршау болып тұрды. Осыдан бес жыл бұрынғы Алматының көрінісі ойға «казарма» немесе «түрмені» елестететін. Жан-жағыңның бәрі темір қоршау. Қоршауларды алып тастағанда, көптеген адамдар қаланы жаңа қырынан көре бастады. Алматы кеңейіп, үлкейіп кеткен сияқты сезілді. Шындығында, қала, ондағы көшелер де сол қалпы тұрғанымен, қоршау алынғандықтан адамдардың да тынысы ашылып, қала жайлы жағынан көрінді. Жүруге, қыдыруға, бір жаққа барсаң да ыңғайлы», - дейді урбанист Ануар Жүсіпов.

Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, шарбақтар көбінесе стихиялы түрде орнатылған, өйткені көптеген кәсіпкерлер - мейрамхана, кафе және дүкен қожайындары жапсарлас территорияны қоршап алып, қаланың қазіргі ландшафтына зиян келтірген. Қоршаулардың көбі талапқа сай емес әрі заңсыз тұрғызылған. Жұмабай Мәдібайұлы – үш баланың әкесі. Кішкентайларын аулада қыдыртуды күнделікті әдетке айналдырған. Темір кедергілер кеткелі өзінің де тынысы кеңіп қалған. Айтуынша, бұрын қоршау көп болғандықтан көңілде де еркіндік болмайтын.

«Биік дуал, темір қоршаулар айналадағы заттардың, отырып демалғың келсе де «ол жер өзгенікі, жақындауға, жолауға  болмайды» дегенді білдіріп тұратын. Қоршаудың болмағаны дұрыс. Қаптаған қалың қоршау қаланың көркін де бұзды. Кірпіш, блоктан салынған дуалдан ауаның алмасуына да кесірін тигізді. «Қоршаусыз қала» жобасы жүзеге асып, аң қамағандай қалың темір кедергілерді алып тастағанда мен ғана емес, таныстарымының бәрі қуанды», - дейді ол.

«Қоршаусыз қала» бағдарламасы осыдан бес жыл бұрын басталды. Жобаның авторы - даниялық архитектор Ян Гейл. Қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы өкілдерінің мәліметінше, шетелдік кеңесші қаланы өзгертуге қатысты шығармашылық идеяларымен бөліскен. Соның нәтижесінде 150 км астам қоршаулар алынды. Бейберекет қоршаумен қатар, тиісті рұқсаты жоқ 138 билбордқа  демонтаждау жұмыстары  жүргізілді. Оның орнына сәнді ағаштар отырғызылып, нысандардың шекаралық аймағы жасыл желекпен көмкерілді.

«Темірмен қоршалған әрбір ғимарат шағын казарманы елестететін. Қалада қаптаған қақпа, дуалдар болмауы керек. Керісінше, қала адамдарға жайлы, өздерін еркін сезінетіндей ыңғайлы болуы керек. Жеке бастарын ойлаған кейбір адамдардың қарсылығына қарамастан, Алматы қоршаудан құтылды, «азат» етілді. Жекелеген тұрғын үйлерден басқа нысандардың көбі қоршаудан құтылды. Тұрғын үйлердің қоршауын ал деп айта алмаймыз, себебі қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік бірден айқын көрінеді. Ал Еуропада халықтың әл-ауқатында аса айырмашылық болмаған соң бір-біріне деген алакөздік те жоқ, биік дуал, бетон, кірпіш қоршаулар да сирек. Бізде газондарды баспаңдар дейді. Керісінше, Еуропада газондарға отыру, сол жерлермен жүру үшін төселіп, өсіріледі. Алматыда іске асырылған «Қоршаусыз қала» бағдарламасы өте тиімді болғандықтан, елдің өзгеде өңірлері жалғастырып әкетті. Алматыда басталған бұл жоба тек Қазақстанға ғана емес, ТМД елеріне де үлгі. Себебі, Кеңес Одағынан шыққан мемлекеттердің көбі әлі күнге дейін қоршау, дуал қабырғалардан арыла алмаған», - деді урбанист.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметінше, мегаполистің кез келген жерінде қоршау салу үшін әкімдіктің рұқсатын алу керек. «Елдімекендерді абаттандыру» бойынша ҚР Құрылыс нормасының 5.5.2 тармағына сәйкес, қоғамдық орындарды, тұрғын үй, рекреациялық мақсаттағы аумақтарды тұйық және темірбетонмен қоршауға тыйым салынады.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 60-бабының 2-тармағының 11 тармақшасына сәйкес, нобайлау, жобалау, сметалық  құжаттамасынсыз тапсырыс беруші (меншік иесі) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалаларда  жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша ғана жүзеге асыра алады. Шағын сәулеттік пішіндерді салу, аумақты қоршауға рұқсат алу керек», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары