$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.06.2021, 18:32
Қоғам

«Ерғожинға қарсы емеспіз, бірақ Қожановтың есімін қалдырсын»: Алматы тұрғындары көше атауын өзгертуге қарсы

Ал бұған жауаптылар көше атауын ауыстыруда ешқандай заң талаптарының бұзылмағанын айтады.

«Ерғожинға қарсы емеспіз, бірақ Қожановтың есімін қалдырсын»: Алматы тұрғындары көше атауын өзгертуге қарсы
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда бірнеше тұрғын үй кешенінің тұрғындары аяқ астынан көше атауының ауысқанына қарсы наразылық танытты. Бостандық ауданына қарасты Сұлтанбек Қожанов атындағы көше бүгіннен бастап Еділ Ерғожин есімімен аталады. Тұрғындардың айтуынша, осыдан 6 жыл бұрын «Бәйтерек», «Талисман», «Алтын Орда» кешендеріне Алаш қайраткері С. Қожановтың аты берілген. Кеңес уақытында, тәуелсіздік алған жылдары да бұл жер «Водозаборная» деген атауды иеленіп келген. Ал бүгіннен бастап бұл көшелердегі Сұлтанбек Қожанов деген жазбалар алынып, орнына Еділ Ерғожин көшесі деген тақтайшалар іліне бастады. 

Сұлтанбек Қожанов Түркістан республикасының Ішкі істер халық комиссары, Алаш қайраткері, 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы Қожанов ақталған. Ал Еділ Ерғожин - химия ғылымының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері. Ол былтыр жазда 80 жасқа қараған шағында коронавирустан қайтыс болған еді. 

«Бұл көшеде біз 6 жылдан бері тұрамыз. Бұрын Водозаборная деп аталған еді. Халқымыз енді ғана үйрене бастағанда, яғни Қожанов деп атап жүр едік, енді Ерғожин деп өзгертіп тастады. Бұл тұрғындарды шатастырады. Сұлтанбек Қожановтың еңбегі ұшан-теңіз. Мүмкін оның да химик ретінде еңбегі бар шығар, мемлекеттік қайраткер дейді. Біздің көшенің атауын әкімдік қайтарып берсін. Бұл ойланбай, ақылдаспай жасалған шаруа»,- дейді Айгүл Көккөзова есімді тұрғын. 

Фотода Айгүл Көккөзова

«Шынымды айтсам қазір үйімнің нөмірі қандай екенін де білмеймін. Ертең ерте шыққанда Қожанов 78 деген үй еді. Қазір келсем мүлдем басқа. Бүгін біздің кіреберістерге жаңа нөмірлер іліп тастапты. Біз осы маңда тұратын бірнеше тұрғын үй кешенінің тұрғындары осы бастамаға қарсымыз. Меніңше Еділ Ерғожиннің өзі тірі болса бұған өзі де қарсы болар еді. Тұрғындармен кеңесу, қоғамдық тыңдау өткізбестен ауыстырып тастағаны ашуымызға тиді. Мұнда Сұлтанбек Қожановқа арналған үлкен ескерткіш тақта орнатылған. Оны енді бұзып тастай ма?!»,- дейді «Талисман» ТҮК тұрғыны Мария Буянова. 

«Мен Алтын Орда ТҮК тұрғынымын. Осы жерде 10 жылдан бері тұрамын. Бүгін ертең ерте келіп, өздерін әкімдіктен деп таныстырды да, жаңа тақтайшаларды іле бастады. Мен осы ТҮК-тің басқарушы компаниясына жетекшімін. Шаруашылығына қараймын. Маған осы қағазды берді де, бүгіннен бастап, осындай көшенің атауы болады, деді. Оған үңілсем «қала халқының пікірін ескеріп, осындай шешім қабылдады» деп басталады екен.... Бұл өтірік кім үшін қажет? Біз тұрғындар келісім берген жоқпыз. Ендеше бұрынғы қалпына келтіруін талап етеміз»,- дейді  Ләйла Бабанова. 

«Әлбетте бұл біз үшін құжаттарды ауыстыруға әкеліп соқтырады. Мұнда екі көпқабатты үйде 88 тұрғын пәтері мен 2 коммерциялық нысан орналасқан. Оның барлығы қаражатты, уақытты талап етеді. Тұрғындарға, кәсіпкерлерге де ыңғайсыздық тудырады. Мұндай нәрсе алдын ала келісіммен, қоғамдық тыңдаумен өтуі керек еді. Бүгін алып, ауыстырып, жаңа атауды іліп кетті. Аң-таңбыз. Ешкімге, тұлғаларға мін жоқ, еңбегі бар, әрине. Бірақ қалада ауыспаған көшелер көп, Кеңес Одағынан қалған көшелерді ауыстырса болар еді ғой»,- дейді жергілікті пәтер иелері кооперативінің басшысы Айдос Алтай. 

Фотода Айдос Алтай 

Алматы қалалық тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының басшысы, ономастика комиссиясының жетекшісі Мамай Ахетов көше атауын ауыстыруда ешқандай заң талаптарының бұзылмағанын айтады. Оның мәліметінше, 2015 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидасы бекітілгенге дейін объектілер сол маңға жақын көшелерге тіркеліп келді. 

Осыған орай атаусыз көшенің бір бөлігіндегі объектілер перпендикуляр жатқан С.Қожановтың атына тіркеліп келген. Ұзындығы 800 метр болатын осы көше енді Еділ Ерғожиннің атымен аталмақ, дейді орталық басшысы. 

«Жаңа қағиданың талабы бойынша бұрылысы 30 градустан асқан көшелерге жаңа атау берілуге тиіс. Осы талапқа сәйкес Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының 2019 жылғы 3 сәуірдегі № 130 бұйрығымен Бостандық ауданындағы атауы жоқ көшеге № 28 жобалық атауы берілген болатын. 
Қаладағы көшелерді ретке келтіру мақсатында Республикалық ономастикалық комиссияның келісімімен Алматы қаласы әкімдігі мен Мәслихатының бірлескен шешімімен Бостандық ауданындағы атауы жоқ оңтүстіктен солтүстікке созылған № 28 көшеге мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға ерекше үлес қосқан академик Е.Ерғожиннің есімі берілді»,- деді М. Ахетов. 

Ал 1995 жылдың 25 тамызындағы №184 шешіммен берілген Бостандық ауданындағы батыста П.Тәжібаева көшесінен шығысқа қарай Е.Ерғожин көшесіне дейін созылған С.Қожанов көшесі сол қалпында сақталған, дейді қалалық әкімдік өкілі. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары