ШұғылӨткен аптада Қазақстанда коронавирустан 28 адам қайтыс болды

Тәуелсіздік алғалы қанша қандасымыз елге оралды

Үстіміздегі жылы келген қандастардың 48 пайызы – Өзбекстаннан, 30 пайызы – ҚХР-дан, 8 пайызы – Моңғолиядан, 7,1 пайызы – Түркіменстаннан, 2,3 пайызы – Ресейден келген

Биылдың өзінде 6 мыңнан астам отбасы елге оралды, деп жазады Елорда Инфо.

Кезінде қиын заманның қыстауына ұшырап жер жүзіне шашырап кеткен қандастарымыз Тәуелсіздік алғалы елге орала бастады. Ол үшін арнайы заң қабылданып, «Оралман» деген статус берілді. 28 жылдың ішінде миллиондаған этникалық қазақтар туған жерге оралып, ата кәсібін жалғастыруда. Мемлекет басшысының өзі «оралман» сөзінен бас тартып, «қандас» дегеніміз жөн болады деген еді.

«1991 жыл мен 2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 314 017 отбасы немесе 1 057 343 қандасымыз елге оралды. Қандастарымыздың негізгі бөлігі Өзбекстаннан (61 пайыз) оралды. Одан бөлек, 13,2 пайыз – ҚХР, 11,3 пайыз – Моңғолия, 7 пайыз – Түркіменстан, 3,7 – Ресей және 3,8 пайыз басқа елдерден. Елге келген қандастарымыздың орналасуына келсек, Түркістан облысы – 21,2 пайыз, Алматы облысы – 17,6 пайыз, Маңғыстау облысы – 12,9 пайыз және Жамбыл облысы – 9,2 пайыз. Қазақстанға келген оралмандардың 56,4 пайызы еңбекке жарамды, кәмелет жасына толмағандар – 38,8 пайызды құрайды, 4,8 пайыз ол зейнеткерлер», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Ал биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 6678 отбасы келіп, оралман мәртебесін алды. Бұл дегеніміз 11 185 этникалық қазақ. Үстіміздегі жылы келген қандастардың 48 пайызы – Өзбекстаннан, 30 пайызы – ҚХР-дан, 8 пайызы – Моңғолиядан, 7,1 пайызы – Түркіменстаннан, 2,3 пайызы – Ресейден және 4,6 пайызы басқа елдерден келді.

«Биыл келген оралмандардың 31,4 пайызы – Алматы облысына, 15,4 пайызы – Маңғыстау облысына, 7,8 пайызы – Шымкент қаласына және 6,7 пайызы Нұр-Сұлтан қаласына орналасты. 2019 жылы елге оралған қандастарымыздың 17,4 пайызының жоғары білімі, 26,2 пайызының орта арнаулы білімі және 46,3 пайызының орта білімі және 10,1 пайызының білімі жоқ», - деді министр.   

Министрлік берген мәліметке сүйенсек, биыл қандастарымызды елімізге қайтаруға 2031 квота бөлінген. Оның ішінде Ақмола облысы – 306, ШҚО – 250, Қостанай облысы – 815, Павлодар облысы – 550, СҚО – 110.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстан мигранттардың заңды құқықтарын құрметтеуге және жаһандық және аймақтық деңгейде өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі, сондай-ақ көші-қон ағындарын реттеуге өз үлесін қосуға ниетті.

«Қазақстанда босқындарға қатысты заң 2011 жылы қабылданды және бүгінде ол сұрақпен Ішкі істер министрлігі айналысады. Статистикаға келсек, бүгінде елімізде 523 босқын бар, оның 509-ы Ауғанстаннан келген. Қалғаны басқа елдерден. Халықаралық конвенцияға сәйкес, мемлекетке келгенде олардың жағдайы арнайы комиссия отырысында қаралып, содан соң босқын куәлігі беріледі. Сондай-ақ, біздің елде оларға мемлекеттер арасында жүріп тұруы үшін көліктік құжат беріледі. Қазіргі уақытта босқындардың елдер арасында кедергісіз жүріп-тұруы үшін аталған құжатты электронды түрде беруді көздеп отырмыз. Онда сонымен қатар босқынға қатысты биометриялық деректер болады», - деді ол.

Әрине қандастарымыздың елге оралуы қуантарлық дүние, құптарлық іс. Дегенмен жыл санап елден жыраққа кетіп жатқандар да аз емес. Айтар болсақ, 2018 жылы 29 мың отандасымыз елден көшіп кеткен. Өкінішке қарай, елімізге келушілерге қарағанда кетушілердің саны басым, олардың айырмашылығы 20 мыңды құрайды. Қазақстандықтардың елден кету себептерінің бірі лайықты өмір сүру.  

«Елден кетушілердің 96 пайызы ТМД елдерінде тұрақтайды. Оның ішінде 89 пайызы Ресейге кетеді. Неге кетеді дегенге келсек, көбісі тарихи Отанына оралғысы келгендіктен, сондай-ақ, сапалы білім алып, жұмысқа орналасу және табыс табу мен лайықты өмір сүруді іздегендер. Иә, кейде жоғары санатты және тапшы мамандар шетелге кетіп жатады. Сол үшін де біз өз елімізде жағдай жасауымыз керек. Ол білім беруден басталады. Себебі көбісі шетелге білім алуға барады да, сол жақта қалып қояды. Бұл мақсатта Білім және ғылым министрлігі жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр», - деді Біржан Нұрымбетов.

Министрлік берген мәліметке сүйенсек, қазақстандықтардың көбінесе кететін елдер қатарына алдымен Ресей, Германия және Беларусь елі. Ал Ішкі істер органдарының мәліметінше, осы жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанға 5,6 млн адам кіріп, әлемнің 200 елінен 5,3 млн шетелдік азамат шығып кетті. Ішкі істер органдарында 1,2 млн, оның ішінде: ТМД елдерінен – 1,1 млн, алыс шетелдерден – 95 мың шетелдік тіркелген. 2 210 жұмыс берушіде 22 мыңға жуық өзге ел азаматы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша еңбектенуде.