Павлодар облысында масаның қаптауынан үй жануарлары өле бастады
Бұған дейін құстар қырылған еді
Павлодар облысындағы Қожамжар ауылында бір үйдің екі қойы түнде арам өлді. Тұрғындардың айтуынша, малдың танауына маса кіріп тұншыққан деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Өңірде масаға қатысты мәселе ушығып барады. Жұртшылықтың өзі де маса мен шіркейдің көптігінен далаға шығудан қалдық деп зар еңіреп отыр.
Мәселен, жергілікті тұрғын Мұрат Әбдумәліков бағып отырған тоқтысының өліп қалғанын таңертең көріпті. Кешкісін өрістен сау келген түліктің аурудан өлмегені анық дейді. Өйткені, маса мен шіркейге шыдамаған марқа да, қорадағы иттер де түні бойы азан-қазан болған.
Тұрғындар табиғаттың «тосын сыйына» әкімдікті кінәлап отыр. Жергілікті шенділер жәндіктерді улау жұмысын жүргізбейді дейді олар.
«Масадан мал өлді дегенді естігенсіздер ме? Міне, бізде өліп жатыр. Мал түгілі адамның өзі жүре алмайды. Жылда улайтын, биыл улаған жоқ. Бұлар халықты неге ойламайды? Үкімет неге көмектеспейді?» - дейді Қожамжар ауылының тұрғыны Айтмағанбет Мақашев.
Аудан атқамінерлері қансорғыштарды улау жұмыстары жүргізіліп жатыр деп ақталады. Халық нәтиже жоқ деп ашуланып отыр. Ал малдың өлексесі арнайы сараптамаға жіберілмек.
«Ақтоғай ауданының бюджетінен 1 млн. 380 мың теңге ақша бөлінді. Ол ақшаның 510 мыңы препарат сатып алуға, қалғаны улау жұмыстарына бөлінді. Бүгінде күніне 4 рет улау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - дейді Ақтоғай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ермек Маршықов.
Осыдан 2 апта бұрын Павлодар ауылында масадан құстар қырылды. Жұрт 100-ге жуық қаздың балапаны мен қаздан айрылды.
Павлодар облысында биыл қансорғыш жәндіктермен күреске 602 млн бөлінген. Алайда, улау жұмыстары нәтиже берер емес.