$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.05.2021, 19:04
Қоғам

Омар Жәлел: «Теріс діни ағымдардан сақтанудың бір-ақ жолы бар, ол – қазақы дүниетаным»

Ғалым бала тәрбиесіне мән керу керегін айтты

Омар Жәлел: «Теріс діни ағымдардан сақтанудың бір-ақ жолы бар, ол – қазақы дүниетаным»
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда діни ахуал тұрақты болғанымен, деструктивті діни ағымдардың қатарында жүрген жерлестеріміз әлі аз емес. Тұрақты деп отырғанымыз, елде дінаралық араздық жоқ, теракт қаупі де сейілген. Халықтың бойынан осыдан 5-6 жыл бұрынғы қауіпті қазір байқамайсыз. Дегенмен, Қазақстанда теріс діни ағым ұстанушылары ешқайда кетіп қалған жоқ, көзқарасын да түгел өзгертіп жіберді деп айта алмаймыз. Яғни, шын мәнінде қауіп әлі сейілген жоқ.

Бұл қауіптің алғашқы дәні сонау тоқсаныншы жылдардың басында еліміз тәуелсіздігін жариялаған уақытта себілді деуге болады. Шекараның ашылуын күтіп отырғандай, миссионерлер бірінен соң бірі Қазақстанға ағылып келді. Олардың қатарында тек салафизм ұстанушылары ғана емес, өздерін мұсылман санайтын өзге де діни ағымдар, христиан ағымдары, сондай-ақ Йегова куәгерлері секілді секталардың өкілдері де бар еді. Міне, 30 жылдан бері билік, күштік құрылымдар осы ағымдарға қарсы идеологиялық күрес жүргізіп келеді. Ал, ол күрестің қалай жүргізіліп келе жатқаны, онымен нақты кімдердің айналысуы керек екені басқа әңгіме. Бұл жайында теолог, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Омар Жәлелдің пікірін тыңдап көрдік.

Еске салайық, Ақтөбе мен Алматыда болған соңғы лаңкестік оқиғалардан кейін Қазақстанның барлық өңірінде ақпараттық түсіндіру топтары құрылды, Діндерді зерттеу институттары ашылып, әліге дейін жұмыс жүргізіп келеді.

«Сіз айтып отырған мәселенің бәрі мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс шаруа. Онымен бірді-екілі адам айналысқанымен, проблеманың түйіні шешілмейді. Бұл істе арнайы мемлекеттік бағдарлама және кешенді жұмыс жүргізілуі керек.

Мысалы, ағылшындарда «Англикандық шіркеу» институты деген бар. Олар балаларына балабақшадан бастап сол «Англикандық шіркеудің» қағидалары мен құндылықтарын үйрете бастайды. Олардан «сіздер неліктен бұл іске қыруар қаражат жұмсайсыздар?» деп сұрағанда, олар «қазір ақша бөлмесек, өскен соң олар радикалды ағымдардың қатарына қосылып кетсе, біздің шығынымыз одан бетер көп болады» дейді екен. Менің ойымша, бізде ұлттық бағдарлама жасалып, ол отбасынан бастап, балабақша, мектеп, жоғары оқу орнын қамтуы керек. Ұлттық бағдарлама – қазақтың ұлттық дәстүрлі дүниетанымынан тұруы қажет. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымымен сусындаған бала ешқашан радикалды ағымдарға кірмейді», - дейді ғалым.

Оның пікірінше, Қазақстанда дін мен руханият тұрғысында жалпымемлекеттік біртұтас бағдарлама жоқ. Соның салдарынан жастардың жаппай жат ағымға еріп кетуі көрініс тапқан.

«Өкінішке қарай, бізде біртұтас бағдарлама жасалмағандықтан, балаларымыз ұлттық дәстүрлі дүниетанымды бойына сіңірмегендіктен, әлбетте ол адамда рухани ваккум пайда болады. Абай атамыз: «Адам баласы дүниеге екі түрлі мінезбен келеді. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам, екіншісі – көрсем, білсем» дейді. Өкінішке қарай, біздің ата-аналарымыз сол баланың «көрсем, білсем» деген жанының құмарлығын қанағаттандырмағандықтан, жанының құмарлығына ерген балалар жат ағымның қармағына ілінеді. Қазіргі кезде мемлекет осының бәрін бақылап, бағдарлап отыр. Бірақ аталған мәселені шешетін кешенді бағдарлама жоқ. Мәселен, бұл мәселені шешкен Түркия сияқты мемлекеттер бар. Олар балаға мектептен бастап, өздерінің бұрынғы дәстүрлі діни өкілдерін, ұлттық дәстүрлі дүниетанымын оқытады», - дейді О.Жәлел.

Теологтың сөзінше, кез келген мемлекетті мемлекет деңгейінде ұстап тұратын ең негізгі фактор – халықтың дәстүрлі дүниетанымы. Мемлекет сол дүниетанымды қорғауы керек. Ал, Қазақстанда бұл тұрғыда проблема баршылық. 

«Біз оны қорғай алмай жатырмыз. Біз қорғай алмай жатқаннан кейін, біздің дәстүрлі дүниетанымды бойына сіңірмеген балаларды шетелдің христиандық миссионерлік ұйымдары алып кетіп жатыр. Неге, өйткені дәстүрлі дүниетанымды біз балаларға сіңіре алмай жатырмыз ғой. Негізінен мемлекет қазақ тілін және сақ, ғұн замандарынан бері қазақтың мемлекеттігін сақтап келген дәстүрлі дүниетанымды қорғауға міндетті. Себебі ол мемлекеттің фундаменті, ол құласа мемлекет құлайды. Мемлекет соны қорғай алмай отыр ғой. Қорғамағаннан кейін біздің балаларымыз жат ағымның жетегіне кетіп қалып жатыр. Ал діннің өзі дәстүрлі дүниетанымның ішіне кіреді», - деп түсіндірді ғалым.

Ал, бұл проблеманы шешудің жолы қандай? Ол үшін қазақы дүниетанымды мектептен бастап баланың бойына сіңіру керек дейді Омар Жәлел. Олай болмайды екен, иманды, ұлтжанды ұрпақ күтпеңіз.

«Біз себебімен емес, салдарымен ғана күресіп жатырмыз. Біздегі мектепте қазақы дәстүрлі дүниетаным ұғымы жоқ, мектептеріміздің өзі қазақтың мектептері емес. Себебі онда қазақтың иісі де шықпайды. Бұрынғы Кеңестік инерциямен құрылған мектептер. Балаларымыз мектепте қазақша оқиды, дәлізде орысша сөйлейді. Қошке Кемеңгеров айтқан ғой: «Әр істе қазақтың иісі шығып тұратын күн туа ма екен?!» деп. Қай істен де қазақтың иісі шығуы керек. Елімізде «Бабалар сөзінің» 100 томдығы шығарылды, сол кітап мектептерде баланың жасына сай ертегілерден бастап, жыр-дастандарға дейін бастан-аяқ оқытылуы керек. Сонда әрбір балада рухани вакуум болмайды. Біздегі бұл проблемаға жат ағымға кетіп қалған балалар кінәлі емес, солардың ішкі әлеміне жауап бере алмай отырған біз кінәліміз. Содан ол керегін интернеттен алады. Олардың сұраныстарына жауап беретін қазақы авторитеттер болмағандықтан, радикалды ағымдардың авторитетінен, шейх сымақтарынан кеңес алып, не істеймін, қалай болады деп ақылдасып отырады», - дейді абайтанушы ғалым.

Қазақстан 300 жыл патшалы Ресейдің отары болғаны белгілі. Артынша 70 жыл КСРО құрамында болдық. Ал, қазір еліміз тәуелсіздігін жариялап, зайырлы қоғам құрғанымызда, неоколонализм деген ұғым пайда болды. Бұл дегеніміз – «жер бетінде ұлт жоқ, бәріміз бір мұсылманбыз» дейтін радикалды топтардың идеологиясы.

«Біздің мақсатымыз айқын. Біз – өз ұлтымызды сақтап қалуымыз керек. Өйткені Құранда: «Біз сіздерді ұлттар мен ұлыстар қылып жараттық» дейді. Керісінше сен өз ұлтыңды сақтап қалсаң, ұлтыңа қызмет етсең Алланың ең сүйікті құлы боласың. Өйткені ұлт – шебер құдайдың шедеврі. Ал қазір қаншама ұлттар мен ұлыстар жер бетінен жойылып жатыр. Неге? Олар өздерінің ұлттарын сақтап қалуға қауқарлары жетпей жатыр. Ал құранда айтады: «Егер сендер өздеріңнің ұлттарыңды сақтап қала алмасаңдар, менің айтқаныммен жүрмесеңдер, онда мен сендерді жер бетінен жойып, орнына маған сенетін ұлттарды қайтадан жаратамын» дейді. Сондықтан мен ойлаймын, ұлтыңды сақтап қалу – иманның мәселесі. Иманы күшті ұлт ғана өзін сақтап қалады. Шын мәнінде біздің ғұламалардың айтатын әңгімесі сол ғой. Олар: «Мұсылман боламын десең, әуелі қазақ болып ал» дейді. Мысалы, дінді, фикһты, амалды, ақлақты жеке-жеке мектепте оқыту дәл қазір мүмкін емес нәрсе. Менің ойымша, алдымен қазақ әдебиетін жақсылап оқытып алсақ та жаман емес, соның ішінде бәрі бар. Ғасырлар бойы осылардың бәрі қазақтың қисса-дастандары мен ертегілеріне, жыраулар мұрасы мен мақал -мәтелдеріне сіңген. Сол дәстүрлі дүниетанымды дұрыстап оқытсақ, ұлттық кеңістікті толтыруға мүмкіндік аламыз. Тағы айтамын, ол жеке адамның қолынан келмейді. Оған мемлекет жүйе жасау керек», - деп сөзін түйді Омар Жәлел.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары