$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.06.2021, 18:45
Қоғам

Елордада көпбалалы ана 8 жыл бұрын сатып алған үйінен айырылып қалуы мүмкін

Манат Көлбаева Президент көмекшісіне дейін жүгінген, бірақ әлі нәтиже жоқ

Елордада көпбалалы ана 8 жыл бұрын сатып алған үйінен айырылып қалуы мүмкін
Манат Көлбаева, көпбалалы ана

Елордалық көпбалалы ана 8 жыл бұрын сатып алған үйінен айырылып қалуы мүмкін. Үйдің бұрынғы иесі араға бінеше жыл салып, жерін қайта тартып алмақ екен.

Манат Көлбаева 2013 жылы Нұр-Сұлтандағы саяжайлардың бірінен жалға берілген үйді 3 млн теңгеге сатып алғанын айтады. Оған дейін келіншек отбасымен бірге бас қалада 8 жыл бойына пәтер жалдап тұрған екен. 

«Осы үйдің сатылатынын алғашқыда жолдастарымнан естідім. Олар да осы маңда тұрады, үйдің бұрынғы иесімен көрші болған. Келіп көрдік, орналасқан жері, бағасы бәрі ойдан шықты. Толық төлем жасамас бұрын үйдің иесіне алдын-ала 150 мың теңге бердік. Көп ұзамай ақпан айында қалған соманы төлеп, осы үйді сатып алдық. Осылайша 9 наурыз күні біз осы үйге көшіп келдік. Ал үйдің иесі Шымкентке кері көшіп бара жатқанын айтты», - дейді Манат Көлбаева.

Алайда бұл мекенжайдың жері мемлекет тарапынан жалға берілгендіктен, мүлік иесі Манат Көлбаеваға нотариус арқылы рәсімделген сенімхатты және үйдің құжаттарын ғана табыстаған.

«Үйдің иесі Абай Сартбаев нотариус арқылы маған сенімхат жазып берді. Ол жерде менің үйді сатуыма, барлық коммуналдық қызметтерді төлеуіме, сүрілуге кеткен жағдайда банктен ақша алуға рұқсат берілген. Үйдің иесі үш жыл сайын сенімхат беріп тұратынын айтқан болатын. Содан 2016 жылы бұл кісі хабарласпағаннан кейін, арада тағы бірнеше жыл өткеннен соң, оны өзім іздестіре бастадым. Сөйтіп, 2019 жылы телефон нөмірін тауып хабарластым, сөйтсем, ол кісі осы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады екен. Оған сенімхат жазудың уақыты келгенін айтқанымда, ол аяқ асты ойынан айнып қалды. Айтуынша, 4 жарым млн теңге кредиті бар екен, сол үшін осы үйді кепілдікке қойғанын айтты. Алайда, бұл мемлекеттің меншігіндегі үй болғандықтан, оны еш жерге кепілдікке қоя алмайтынын білемін. Осылайша, ол менен ақша алу үшін мені алдағысы келді», - дейді елодалық тұрғын.

Көпбалалы ана жер үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ауласына бақша егіп, ретке келтіргенін айтады. Алайда, жасалған еңбек тұрып жатқан отбасының емес, бұрынғы иесінің пайдасына жарауы мүмкін. Өйткені араға 8 жыл салып, қайта пайда болған үйдің бұрынғы иесі Манат Көлбаеваны сотқа берген болып шықты.

«Мен бұл үйді 6 жылға жалға бердім, ол «үйімнің құжаттарын кері қайтарып берсін» деген арызымен мені сотқа берді. Оның жалға бергендігін дәлелдейтін ешбір құжаты жоқ. Үйді сатып алу туралы қолхат алмағандығым, бәлкім, менің сауатсыздығымнан болар. Бірақ 2013 жылы 3 млн теңге деген қомақты қаржы болатын. Сондықтан мен 3 млн теңгеге үйді жалға алатын ақымақ адам емеспін. Одан да ол 3 млн теңгені алғашқы жарна ретінде ипотекаға құяр едім», - дейді көпбалалы ана.

Сарыарқа ауданының сот залында өткен процеске Манат Көлбаева үйді сатып алар кезде шаруаның басы-қасында жүрген адамдардың барлығын апарған.

«Көршілерімнің бәрі сотқа куәгер ретінде қатысты. Бір қызығы, Сартбаев пәленбай жыл көршілес болған тұрғындарды сотта танымаймын деп шықты. Судья барлығының сөзін тыңдағанымен, шешімді бұрынғы үй иесінің пайдасына шешіп берді. Себебі, менің қолымда осы жерді сатып алғандығымды дәлелдейтін қолхат болған жоқ. Ал көршілерімнің куәгер ретінде айтқандарын судья ескерген жоқ. Тіпті, судья бұл жалға берілген жердің қазір кімге тиесілі екенін сұраған да жоқ», - деп назын айтты Манат Көлбаева.

Манат Көлбаеваның айтуынша, соттың шешімі шығырылып қойғандықтан, жергілікті әкімдік үйді әлдекімнің атына жазып беруге құқығы жоқ.

«Әкімдікке барып, үйді атыма ауыстырайын десем, сенімхаттың мерзімі өтіп кеткен. Тиісінше, әкімдіктегілер үйдің бұрынғы иесі келу керектігін айтуда. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы бұл жердің Сартбаев Абайға тиесілі емес екендігін дәлелдейтін құжат берді. Алайда, соттың шешімі шығарылғандықтан басқарма үйді менің атыма ауыстыра алмайды», - деді Манат Көлбаева.

Талай жердің табалдырығын тоздырған елордалық әйел осы мәселемен ҚР Президентінің көмекшісі Тамара Дүйсенованың қабылдауында да болғанын айтады.

«Екі жыл бойына бармаған жерім қалмады. 600 мың теңгеге адвокат жалдап, жоғары сотқа да жаздым. Тіпті ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР Президенті әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамар Дүйсенованың да қабылдауында болдым. Ол кісі жағдайды өз бақылауында ұстайтынын хабарлады. Алайда аудандық соттың шешімі өзгертілмей, сол күйінде қалып отыр. Ал Абай Сартбаев менен 5 млн теңге сұрауда», - дейді Көлбаева.

Аталған даулы істі зерттеп, көпбалалы анаға көмек қолын созған заңгер Марлен Молдырайым соттың шешімінде шикілік барын айтады.

«Бірінші сатыдағы сот өз шешімінде ҚР Жер кодексінің 21-бабының 1-тармағына, 164-1-бабының 1- тармағына, ҚР Азаматтық кодексінің 260 және 264-баптарына, ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы занының 8-бабына сәйкес шешім шығарған. Жоғарыда аталған заң нормалары жер, үй немесе мүлік иелерінің құқықтарын қорғауға бағытталған. Алайда Сартбаев Абай мырза, жердің иесі емес. Ол жерді мемлекеттен уақытша бақша егінін егу мақсатында жалға алған. Оны дәлелдейтін Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мемекеттік мекемесінің берген жауабыңда көрсетілген. Демек, Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданы, Полянка тұтынушылар кооперативі, Цветочная көшесі 129 мекен жайы бойынша орналасқан жер телімін жалға алу мерзімінің өтуіне байланысты бүгінгі күні А.С. Сартбаев аталған жер учаскесінің иесі емес», - дейді Марлен Молдырайым.

Заңгердің сөзіне сенсек, Жер кодесінің 33-бабының 2-тармағына сайкес, үйдің бұрынғы иесінің аталған жерді сатуға, сондай-ақ басқа азаматтарға жалға беруге құқығы жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, Манат Көлбаеваға қатысты сот шешімі бірнеше инстанциядан өткенімен, әлі де өзгеріссіз қалып отыр.

«Бұл жағдайда Көлбаева ханымға Жоғарғы сот төрағасының ұсынысымен күшіне енген сот актілеріне қайта қарау жайлы өтініш беру керек. Өкінішке қарай, көптеген мәселелер Жоғарғы сот төрағасына дейін жетпейді. Әлде әдейі жетпейді...», - деді заңгер.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары