Суицидке оқталу: 150 сенім орталығына хабарласатын жасөспірімдердің проблемасы қандай?
Өзіне қол жұмсауға бейім адамдарға көмек көрсететін орталық маманымен сұхбат
Түркістан облысында 15 жастағы оқушы қыз мектептегі емтиханнан кейін өзіне қол салды. Қайғылы жағдай 2 маусымда Ордабасы ауданындағы Көкарал елді-мекенінде болған. Қара жамылған отбасы бұған мектеп директорын кінәлап отыр. Мамандар 15-17 өтпелі кезең жасындағы жасөспірімдер арасында суицид жиі екенін айтады.
Статистика комитетінің ресми мәліметі бойынша, Қазақстанда 2020 жылы – 2145 адам, 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында – 635 адам өз-өзіне қол жұмсаған.
Azattyq Rýhy тілшісі өз өзіне қол жұмсауды ойлаған жасөспірімдерді қандай мәселелер алаңдататыны, оларға көрсетілетін көмек туралы Дағдарыс орталықтарының одағы координаторы Айгүл Жеңісбековадан сұрап білді.
«Карантин кезінде 150 сенім телефонына хабарласатын жасөспірімдердің саны екі-үш есеге артып кетті. Жастардан бөлек, ересек ерлер мен әйелдер де жиі хабарласып жатады. Жалпы, жыл сайын республика бойынша бізге хабарласатындардың саны 9 мыңнан асып отыр. 24 сағат бойы орталықтың психолог мамандары түрлі жағдайды бастан кешіп жатқан адамдарға жедел психологиялық қолдау көрсетіп, ары қарай психотерапевтерге жөн сілтейді. 150 сенім телефоны Дағдарыс орталықтары, ІІМ, білім басқармаларымен бірлесіп жұмыс істейді. Телефон арқылы психотерапевтік көмекті жан-жақты бере алмаймыз, бірақ өмірден түңілгендер жандарға үміт сыйлап, құштарлығын оятып, қайғылы жағдайдың алдын алуға барынша тырысамыз», - дейді маман.
СУИЦИДКЕ ИТЕРМЕЛЕЙТІН БАСТЫ ФАКТОРЛАР
Айгүл Жеңісбекова орталыққа хабарласатын жасөспірімдердің проблемалары бір-біріне ұқсас екенін айтады. Балаларды өлімге итермелейтін факторлардың бастысы - отбасылық кикілжің.
«Жасөспірімдердің басты проблемасы – ата-аналарымен қарым-қатынасының нашар болуы және тұрмыстық зорлық. Ата-аналары 15-17 жастағы балалардың телефонын тартып алады, қыдыруға тыйым салады, кейбірін өгей әке-шешелері ұрады, қатыгездік көрсетеді. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің болу себебіне әсер етуші екінші бір фактор – жыныстық зорлық. Хабарласқандардың арасында туған әкесі, ағасы, немере туыстары мен көршілері зорлаған ұл-қыздар көп. Балалар зорлық көргендерін аналарына айтса, көп жағдайда оларға сенбестік танытады. Туысқандық байланыстың кесірінен зорлықшы көп жағдайда жазасыз қалады, өңірлердегі жасөспірімдерге психологиялық қолдау жетпей жатады. Соның кесірінен олар өмірде өздерін керексіз сезініп, қыршын кетеді. Қоғамда ата-аналар тарапынан балаларға көрсетілетін моральдық қысымдар, шектеулер жиі ұшырасады. Әсіресе, ҰБТ кезінде орталыққа хабарласқан оқушылар саны көп болды. «Ата-анамның, туыстарымның үміттерін ақтай алмай қалсам қайтемін?», «Грантқа түспей қалсам ата-анам ренжиді» деген сауалдарға жауап таба алмай, тұтқаның ар жағында жасөспірімдер шырылдап тұрады. Біз сенім телефоны болғандықтан, көпшілігі анонимді түрде хабарласады, мекен-жайын айтпайды. Ондай жағдайда ештеңе істей алмаймыз. Өзін-өзі өлтіру мақсатында арнайы дәрілер ішіп алып, хабарласып, соңғы сөзін айтатындар бар. Бірақ ондай жағдайлар сирек. Ондай кезде біз дәрменсізбіз...», - дейді маман.
АТА-АНАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ КЕҢЕС
Сарапшы маман ата-аналарды балаларымен диалог орнатуға шақырды.
«Балаларыңызды ҰБТ, емтихан сынды өмірдің болмашы сынақтары үшін өлімге итермелемеңіздер. Егер үйдегі балаңыз тұйық болса, онымен жеке отырып, қорқытпай, үркітпей сөйлесіңіз. Балаға ата-анасының сенімінен асқан қолдау жоқ. Егер, балаңыз зорлық құрбаны болса, зорлықшыны заңды түрде жазалауға асығыңыз. Сіздің балаңызға жәбір көрсеткен адамды жазасыз қалдыруыңыз - оның психикасына қатты соққы. Ол өзін болашақта да қорғансыз сезініп, қоғамнан, жақындарынан қорғаныш күтпейтін болады. Мұндай сенімсіздіктің соңы ішкілікке салыну, нашақорлық, абьюзер болуға апарады. Ал қыздар жағы өзіне жылы қарап, маңдайынан сипаған адамның жетегінде кете беретін болады. Балаңызбен тіл табыса алмай, бірақ оның себебін білмей жатсаңыз, психологқа жүгініңіз. Маманға жүгінуге қаражаты жетпейтіндер түрлі орталықтарға хабарласса болады, тегін көмек көрсетушілер бар.
Ата-ана баласы үшін, өзі үшін барынша тырысуы қажет. Балалардың кейбірі ата-аналары тарапынан махаббат пен мейірім болмағандықтан түрлі әрекеттерге барып жатады. Өзіне назар аудартуы үшін ашық түрде қол жұмсайтынын айтатын балалар да бар. Көп жағдайда ата-аналар оларға мән бермейді, сосын кеш қалып ах ұрады. Балаларыңызбен дос болуды, сырлас болуды үйреніңіздер. Жылы сөзіңізді айтып, еркелетіп, мейірімге қандырыңыз. Мейірім көрмеген бала – мейірім танытпайды. Өзгерісті өздеріңізден бастаңыздар», - деді ол.
Психотерапевт мамандардың зерттеуінше, суицидтің негізгі үш түрі бар:
- Шын суицид - өзін-өзі өлтіру әрекетін жасауға, өзін өмірден айыруға бағытталған қасақана әрекеттер. Бұған өмірдің мәні, депрессиялық күй немесе депрессиялық көңіл-күйге жетелейтін ойлар себепші болады.
- Демонстрациялық суицид - бұл өлімге қатысты ниетпен байланысты емес. Керісінше, бұл басқалардың назарын өзіне аударуы мен әлсіз адамдар қолданатын көмекке шақырудың, шантаждың түрі;
- Жасырын немесе жанама суицид (жанама суицид) - бұл өз өмірінің ұзақтығының күрт немесе біртіндеп төмендеуіне бағытталған перделік суицид, өзін-өзі жою әрекеті. Бұл өліммен ойын түрі (алкогольдің, никотиннің, қатты есірткінің көп мөлшерін қасақана қолдану, экстремалды спорт, өзін-өзі оқшаулау). Адам мұндай мінез-құлық оның өмірі үшін қауіпті екенін түсінсе де, суицид туралы жиі ойлайтын болады.
Қазақстанда суицидке бейім адамдарға көмектесетін 150 сенім орталығы бар. Орталыққа Актив және Билайн операторларынан тегін хабарласуға болады. 150 сенім орталығында орыс және қазақ тілінде сөйлейтін білікті психотерапевт мамандар отырады. Орталыққа тұрмыстық зорлық құрбандары, суицид жасауды ойлап жүргендер, күйзеліске түскен адамдар хабарласып, көмек ала алады. Орталық Ішік істер министрлігі, аймақтардағы дағдарыс орталықтары және білім басқармаларымен тығыз жұмыс істейді.
Аймақтардағы психикалық денсаулық орталықтарының жедел байланыс нөмірі:
- 150 - психологиялық көмек телефоны
- 111 - балалар мен жасөспірімдерге арналған сенім телефоны
- 112 - төтенше құтқару қызметі
- 1415 - тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған сенім телефоны
Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан