«Қысым көрсеткен»: Түркістан облысында суицид жасаған оқушының жақындары мектеп директорын кінәлайды

Эльвира Мықтыбектің ата-анасы әділдік іздейді

2 маусым күні Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Көкарал ауылында 9-сыныпты бітірген Эльвира Мықтыбек өзіне-өзі қол жұмсап, қайтыс болды. Арада 1 апта өткеннен кейін қарындасының өліміне қатысты Алматыда техникалық колледжінің 2-курсын оқитын білім алып жүрген Эльвираның туған ағасы әлеуметтік желілерге видео-үндеу жариялап, бұл істің әділ өтуін сұрады.

Қарындасынан айырылған Нұрдәулет Мықтыбек Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Бас прокурор Ғизат Нұрдаулетов, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннан көмек сұрады.

Эльвираның жақында жас түлектің өзіне-өзі қол жұмсауына М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектеп директоры Айсара Нұржігітқызы Стаеваның жасаған қысымы себеп болғанын айтады.

Azattyq Rýhy тілшісі істің мән-жайын білу үшін Эльвираның әкесі Ақылбек Тәліпбаев мырзамен телефон арқылы сөйлесті.

«Қызым 9-сыныпты үздік аяқтап, қызыл аттестатқа тапсырып жатқан. Математикадан емтихан болған күні мектеп директорынан қысым көрген. Ол қызымның қолындағы қағазын жұлып алып, айқайлаған. «Мен саған көрсетемін, сен негізі 3-ке оқитын оқушысың, сол үшін балыңды 10 балға түсіремін» деп, барлық сыныптың көзінше дауыс көтеріп, алдыңғы партаға отырғызған. Негізі оқушылар отыратын орнын өздері таңдайды. Одан соң, емтихан аяқталғанша қызыма бетпе-бет отырып алып, тесіліп отырған. Не жазарын білмей қалып, қызым жылап шыққан. Оны құрдастары - бәрі көрген», - дейді Ақылбек мырза.

Эльвираның анасы орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі және қызының сынып жетекшісі екен. Ол емтиханнан кейін қызын шақырып алып, сөйлескен.

«Қызымды қайтадан шақырып алып, әйелім Айман сөйлескен. «Қызым, бәрі жақсы ма, не болды?» десе, Эльвира директордың емтихан кезінде отырып, қысым жасағанын айтқан. Анасы екеуі сабақ жөнінде, болашақ мамандығы жөнінде 1 сағаттай сөйлесіпті. Одан кейін олар мені шақырды. Жолдасымның да, қызымның да көңіл-күйі болмай тұрғанын көрдім. Қызымды үйге апарып, өзім егін шаруашылығым бар, сол жаққа кеттім. Содан кейін телефон шалсам, қызым көтермеді. Жұмысымда жүргенде бір жамандық боларын біліп, шыдай алмай, келдім. Сөйтсем, қызым қайтып кетіпті», - дейді әке.

Эльвираның әкесі Ақылбек қызын жер қойнына тапсырған соң, оның мән-жайын анықтауға тырысқан.

«Қызымды жерлегеннен кейін оның сыныптастары келді. Оолар қызымның тура сол күні жылап, әділетсіздік көргенін айтты.

Жоғалтатын адамымды жоғалттым. Бұл – ата-ана үшін орны толмайтын қайғы. Ендігі біздің қалайтынымыз – әділдік. Қарғадай қызыма осындай қысым көрсеткеннен кейін, заң жүзінде әділ жазасын алса деймін. Мұғалімдерге айтар еш наразылығым жоқ», - деп, директордың заң жүзінде әділ жаза алғанын сұрайды.

Марқұмның ағасы - Нұрдәулет Мырзабек ата-анасы мен әжесінің қарындасының өлімінен кейін ауыр халде жатқанын айтты.

«Емтиханның соңында жеке алып қалған. Не айтып, не қысым жасағаны белгісіз. Қарындасым сыртқа қатты ызаланып, жылап шыққан. Бұған мұғалімдер мен сыныптастары да куә. Қалған үздік аттестатқа үміткер оқушыларға қысым көрсетпеген. Олардан ақша алуы да мүмкін. Ауыл арасында ондай әңгіме де бар.

Осындай қысымнан кейін бұған дейін беске оқыған қарындасым бір сабақтан төртке шығып, қатты күйзеліске ұшырап, суицид жасады.

Осы жағдайдан кейін ата-анам мен әжем өте ауыр халде жатыр», - дейді Нұрдәулет Мырзабек. 

Оқиғаға қатысты Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы түсініктеме берді.

«Аталған жайт бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің білікті тергеушілерімен ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде және қажетті деген барлық жан-жақты шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде мектеп ұжымынан, мұғалімдер мен оқушылар арасында жауаптар алынуда. Тиісті сараптамалар да тағайындалды. Істің заң аясында жүргізілуі қадағалауда», – дейді Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы Қайрат Далбеков.

Айтуынша, Ақылбек мырза мен мектеп директорының арасында еш араздық болмаған. Өзі де, әйелі де Эльвира үшін директордың алдына барып ескерту естіп, түсініктеме жазбаған.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.