Солтүстік Қазақстандағы «Обухов» кен байыту комбинатының жұмысшылары шеруге шықты
Кәсіпорын лицензиясынан айрылып, 400-ден астам адам табыссыз қалмақ

Солтүстік Қазақстандағы «Обухов» кен байыту комбинатының жұмысшылары бейбіт шеруге шықты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған серіктестікпен жасасқан келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатпақ. Оған сәйкес кәсіпорын лицензиясынан айрылады. Кен орны маусымның 12-не дейін ғана жұмыс істей алады. Мұнда еңбек етіп жүрген 400-ден астам адам табыссыз қалмақ. Көпшілік өндіріс орнын сақтап қалу мақсатында жергілікті биліктің іске араласуын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ЖҰМЫСШЫЛАР АТҚАРУШЫ БИЛІКТЕН ЖӘРДЕМ СҰРАДЫ
Тайынша ауданындағы «Обухов» кен байыту комбинаты титан-цирконий өндірісімен айналысады. Бүгін кәсіпорын қызметкерлері жұмысқа барудың орнына 160 шақырым қашықтықтан ат терлетіп, Петропавл қаласына келді. Жастар сарайының алдына жиналған 150 адам комбинат жұмысының тоқтатылмауын талап етті.
«Біз жұмыс орнымыздан айырылғалы тұрмыз. Бұл - заңсыз. Министрлік біздің салық төлемегенімізді, міндеттемелерді орындамағанымызды алға тартып отыр. Біз салықты өтегенбіз. Министрлік келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатпақ. Құзырлы органнан өндіріс орнында ешкім төбе көрсетпеді. Біздің жинаған қорымыз бар, бірақ ол 3-4 айға дейін жетеді. Оған дейін кен өндірмесек, ештеңе істей алмаймыз. Лицензиядан айырылғалы тұрмыз. Кәсіпорынның ешқандай берешегі жоқ», - дейді кен байыту орнының атқарушы директоры Виктор Долгалев.
ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС ТОҚТАР ЕМЕС
Биыл 19 наурызда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі серіктестік атына жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшартты бұзу туралы хабарлама жіберген. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға кәсіпорынның қаржылық міндеттемелерді орындамауы себеп болып отыр. Жалпы, «Обуховка» кен байыту комбинатының төңірегіндегі даулы мәселелер 10 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Оған екі құрылтайшы арасындағы текетірес себеп болып отыр. Салдарынан кен орны жабылып қалуы мүмкін.
«Жеке кәсіпкерлердің арасында бітпейтін сот процестері ұзақ жылдардан бері келе жатыр. Саны өте көп. Ол құрылтайшылар арасындағы жеке мәселе. «Теолайн» компаниясы «Обухов» кен орнын ашып, министрліктен қазба байлықтарын өндіру жөнінде лицензия алған. Былтыр құзырлы орган нысанда тексеріс жұмыстары жүргізген еді. Серіктестік контракт алған кезінде көрсетілген міндеттемелер орындалған жоқ. Құжатта қанша қазба байлығы өндірілетіні, салынатын инвестиция, төленетін салық көлемі көрсетіледі. Олар толыққанды жүзеге асырылған жоқ. Былтыр министрлік олқылықты жоюға уақыт берді. Өкінішке қарай компания бір жылдың ішінде барлық міндеттемелерді орындамады. Соған байланысты келісім бұзылып жатыр. Комбинат басшылығы мен жұмысшылары бізден іске араласуды талап етіп отыр. Бірақ бұл облыс әкімінің құзіретіндегі мәселе емес. Оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі шешеді. Біз проблеманы жан-жақты зерттеп, не істеуге болатынын қарастырамыз», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Бүгінгі күні серіктестіктің салық бойынша берешегі 47 млн, әлеуметтік аударымдар бойынша қарызы 35 млн теңгені құрайды.
«400-ден астам адам жұмыссыз қалады. Олардың отбасында бір мыңнан астам адам бар. Жұмыс орындарын сақтап қалу үшін облыс әкімі министрлікке хат жолдап, кен орнының жабылып қалмауы үшін әрекет етуін талап етеміз. Халық табыс көзінен айрылсын десе, өзі біледі», - дейді Виктор Долгалев.
ЖҰМЫСШЫЛАР НЕ ІСТЕЙДІ?
«Обухов» кен байыту комбинаты өңірдегі жалақысы жоғары мекемелердің бірі. Өндіріс орны басшылығының мәліметінше, еден жуушының ай сайын қолына тиетін жалақысы 240 мың болса, мамандар 800 мың теңгеге дейін жалақы алады.
«Обуховка - еліміздегі бірегей кен орындарының бірі. Титан-цирконий қорына бай. Алдағы 25 жыл жұмыс істеуге болады деп ойлаймын. Ол бірнеше рет тізерлеп барып, тік тұрды. Өзім соның куәсімін. Қазір кәсіпорынның жабуылуына барынша жол бермеген дұрыс. Қолда барды сақтап қала алмасақ, қалпына келтіру оңайға соқпасы анық. Қаншама адам жұмыссыз қалайын деп тұр. Қазір олар қайда барады. Бүгінгі күні екі қолға бір күрек табу оңай емес», - дейді кен орнының бас геологы Николай Федусев.
Кәсіпорын өкілдерінің алаңдауы заңды. Ауыл тұрғындарына жақсы жұмыс табу қиын болары сөзсіз. Қазір жергілікті әкімдік 400 адамды қызметке орналастыру жолдарын қарастыруда. Ауданда бәріне бірдей жалақысы жоғары жұмыс табылуы екіталай.
Жастар сарайында өткен жиынға облыс, қала басшылығы толық жиналды. Екі сағат бойы жалғасқан пікірталас түйінсіз қалды. Билік өкілдерімен мәмілеге келе алмаған көпшілік кездесу соңы бітпей, орындарынан тұрып кетіп қалды. Ертең олардың кен орнындағы соңғы жұмыс күні.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО