Министр тараздық кәсіпкерге мемлекеттік награда тапсырды
Мемлекеттік наградаларды Мемлекет басшысының атынан ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов тапсырды
Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Ұлттық экономика министрлігінде Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік наградалармен салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді. Мемлекеттік наградаларды Мемлекет басшысының атынан ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына сіңірген еңбегі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін тараздық кәсіпкер Бексұлтанова Анар «Шапағат» медаліне ие болды.
«Менің туғаннан бері екі қолым жоқ. Мен барлығын аяғыммен істеп үйрендім. Тігінді де аяқпен тігіп үйренгенмін. Жоғары оқу орнын бітіріп, өлкетану музейінде жұмыс істеуіме, кәсіпкерлікпен айналысуыма, қыз балаларды өсіріп, тәрбиелеуіме ештеңе кедергі келтіре алған жоқ. Бастысы, қиыншылықты жеңе білу қажет. Бұған көзім әбден жеткен. Егер ниет болса, жұмыс та табылады», - дейді Анар.
Анар Бексұлтанованың айналысып отырған бизнесі – көпшілікке үлгі. Ол – кәсіпкер, қолөнер шебері, тігінші және бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік грант иесі. Оны өңір халқы жақсы біледі, батыл, табанды, іскер бизнес өкілі деп таниды.
Биыл жазда Жамбыл облысының кәсіпкері Анар Бексұлтанова шағын кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыс орнын құруға қосқан үлесі үшін Ұлттық экономика министрінің Құрмет грамотасына ие болған еді.
Руслан Дәленов атап көрсеткендей, қайсар, батыл, іскер Анардың өмір жолы мен табандылығы тәнті етеді.
Сонымен бірге, салтанатты жиын кезінде «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары, сондай-ақ, экономиканы дамытуға қосқан елеулі үлесі, адал және мінсіз мемлекеттік қызметі үшін ведомстволық марапаттар берілді.