Қисайған үйдің тұрғындары көшіріледі – Алматы әкімдігі
Уақытша пәтер жалдап тұратын тұрғындарға қаражат әкімдік арқылы беріледі

Алматы қаласының Зерделі шағын ауданында қисайып кеткен көпқабатты үйдің тұрғындары уақытша көшіріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Уақытша пәтер жалдап тұратын тұрғындарға қаражат әкімдік арқылы беріледі. Бүгін Алматы қаламының әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындармен кездесіп, көмек қарастырылатынын жеткізді. Тұрғындар қисайған 72 пәтерлі үйдің іргетасы қайта бекітілгенше пәтер жалдап тұрады. Қажетті қаржы қала бюджетінен бөлінеді. Ал прокуратура үйдің қалай қабылданып, пайдалануға берілгенін анықтап, тексеру жұмыстарын бастамақ.
«Біз сіздерді сараптама жасалып біткенше басқа жаққа уақытша көшіреміз. Шешім қабылданды, ақша бөлінеді. Егер жалдамалы пәтерді өздеріңіз тапсаңыздар, ақшасын төлейміз. Мереке қарсаңында әкімдікке ақша аударатын карталарыңыздың нөмірін берулеріңізді сұраймын», - деді шаһар басшысы.
Ал пәтерлерді тонап кетпес үшін полиция күзетке тұрады. Тұрғындардың бұрынғы қоныстарына қайту-қайтпау мәселесі сараптамадан соң белгілі болады. Егер Зерделідегі қисайған №179 үй қауіпті деп танылса, ғимарат сүріліп, тұрғындарға әкімдік басқа пәтер береді.
Еске салсақ, 11 желтоқсан күні Зерделі-6 ықшам ауданындағы № 1/179 үйдің тұрғындары ғимараттың 30 см-ге қисайып кеткені жайлы әкімдікке хабарлағаны, мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған 9 қабатты үйдің 2013 жылы ғана пайдалануға берілгені туралы жазған болатынбыз.