ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Nur Otan-ға жүгінген Шымкенттегі тұтас шағынауданның өмірі қалай өзгерді?

«Азат» шағынауданында электр, газ және су желілері тартылмаған еді

«Nur Otan» азаматтардың өтінішіне құлақ аса ма? Халық алдындағы уәделерінің орындалуын қалай бақылайды? Бұл сұрақтардың жауабын партияның баспасөз қызметі кезекті сәтті кейсті мысалға ала отырып айтып берді.

2019 жылдың күзінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Шымкентке жұмыс сапары барысында «Азат» шағынауданының тұрғындарымен кездескен еді. Бұған дейін БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар шағын аудан 2015 жылы қалаға қосылғанына қарамастан, төрт жыл ішінде орталық электр, газ және сумен жабдықтау желілерін жүргізу мәселесі шешілмегеніне шағымданған болатын.

«Елбасы, партия Төрағасы мемлекеттің халыққа жақын болып, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, ашық жұмыс істеуді тапсырды. Мемлекет басшысы да «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, азаматтардың сын-ескертпелері мен сындарлы ұсыныстарына жедел ден қоюымыз керектігін айтты. Сондықтан осы мәселені әлеуметтік желіден естіп, біліп, арнайы алдарыңызға келдім. Қазір қала басшылығы, партияның қалалық филиалы бұл түйткілді оңтайлы шешу үшін барлық шараны қолға алды. Біз бұл істі соңына дейін бақылауда ұстаймыз. Әрине, бұл жерде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселенің бар екенін білеміз. Бәрін бірдей шешу мүмкін емес. Сондықтан мемлекет тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, ең алдымен, газ, жарық және ауыз су мәселесін шешуді қолға алды. Кейін жол және басқа да мәселелерді шешеміз», - деген Бауыржан Байбек бұл мәселенің партияның бақылауында болатынын айтқан еді.

Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, күні кеше «Nur Otan» қалалық филиалының төрағасы, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осы шағын аудан тұрғындарымен кездескен.

Бүгінгі таңда шағын ауданда барлық электр желілері жүргізілді. Ұзындығы 8,7 км орталық су құбыры желілерінің және 10 км газ құбырының құрылысы аяқталды. Ішкі жолдардың асфальт жабынын төсеу бойынша жұмыстар 50%-ға орындалды. Сонымен қатар, 87 меншік иесі жер учаскелеріне мемактілер алды. Тағы 22 учаске бойынша құжаттар дайындалу үстінде.

Маусым айының соңына дейін абоненттерді орталық су құбырына қосуды және ауыз су беруді қамтамасыз ету, 1 тамызға дейін автоматты газ тарату станциясының құрылысын аяқтап, газ беру, ал 1 қыркүйекке дейін ішкі жолдардың асфальт жабынының екінші қабатын салу жоспарланып отыр.

Аталған жұмыстардың барлығы «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының ерекше бақылауына алынған.