«Алтын белгіге» бітірген түлектер арасында мұғалім болғысы келетіндер екі есе өсті
Болашақта ұстаздық ететін студенттердің шәкіртақысы 42 000 теңгеге өсті

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепті «Алтын белгі» төсбелгісімен бітірген түлектер арасындағы жаңа тренд туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Министрдің айтуынша, мектепті үздік болып тәмамдаған талапкерлер арасында педагог мамандығын таңдау ниеті артып келеді.
«Ағымдағы жағдай мынадай, 347 мың педагог бар. Болашақ педагогтардың стипендиясы екі есе өсті және ең жоғары шәкіртақы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір болашақ педагогтер 42 мың теңге көлемінде стипендия алады. Біз педагогикалық мамандықтарға өту балын 50-ден 75-ке дейін арттырдық. Себебі, бізге мықты деген мектеп түлектерінің осы мамандықты таңдауы маңызды. Орта есеппен педагогикалық мамандықтарға түсушілердің орташа балы 60-тан 90 баллға дейін өсті», - деді ол.
Министр реформалар нәтижесінде соңғы 1,5-2 жыл ішінде ең мықты түлектертер арасында мұғалім мамандығын таңдау үрдісі пайда болғанын айтты.
«Бұл мамандыққа деген қызығушылық «Алтын белгі» иегерлері арасында да байқалды. Өткен ҰБТ қорытындысы бойынша біз осы мамандықты таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің үлесі екі есе өскенін көріп отырмыз. Осы жылы ҰБТ-ны өткізген кезде алғашқы жаңалықтар 135-137 балл жинаған түлектер де педагог мамандығына түскісі келетінін көрсетті», - деді Асхат Аймағамбетов.