$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.09.2019, 11:25
Қоғам

Алпауыт компаниялар экология туралы заң жобасының өзгеруіне қарсы

Жаңа заң бойынша кәсіпорындар экологиялық шаралар кешенін орындауға міндетті болады

Алпауыт компаниялар экология туралы заң жобасының өзгеруіне қарсы

Экология қатысты кодекстерді өзгерту туралы ұсыныстар қыркүйек айының аяғына дейін қабылданып, жаңа заң жобасы желтоқсан айында мәжілісте қаралады. Ұсыныс ретінде ірі компанияларға салықтан бөлек, әкімшілік айыппұл көлемін 10 есеге дейін көбейту де қарастырылған. Сонымен қатар, келесі жылдан  бастап  қоқыс таситын компаниялардың көлігіне GPS навигаторларын орнату да міндеттеледі. Кодекске енгізілетін жаңа талап бойынша экологтар қоқыстың қайдан, қашан алынғанын және қоқыс полигонындағы  жағдайды қадағалай алады. Кеше Алматыда экологтар мен белсенділердің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілінің қатысуымен жаңа кодекске енетін ұсыныстар талқыланды. Қызу пікірталасқа белгілі экономист Рахым Ошақбаев модераторлық етті.

«Экологиялық кодекстің ішінде отыздан аса тарау бар. Әрбір тарауға ұсыныс енгізу үшін қауымдастықтар, қоғам белсенділері қатысып жатыр. Бірақ, біраз ұсыныстарға ірі бизнес өкілдері қарсы. Себебі жауапкершілік күшейіп, айыппұл 100 есеге дейін көбеймек. Жаңа технологияны қолданбаған жағдайда салынатын тағы да айыппұл бар. Сондықтан ірі компаниялар бұған  қарсы», - деді «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің менеджері Төлебай Әділов.

Жаңа заңнамалық норма бойынша алдағы уақытта ірі зауыт, құрылыс жұмыстарын салу кезінде экологияға зиян тигізетін жайттар анықталса, оған тапсырыс беруші емес, жобалаушы мекеме жауапты болады. Бұл да қазір қызу талқыланып, қарсылыққа тап болып отыр. Жаңа заң бойынша кәсіпорындар экологиялық шаралар кешенін орындауға міндетті болады. Басты мақсат - алдағы 10 жыл ішінде экотехнологияларды енгізу. Сонымен қатар, қоғамдық және мемлекеттік органдарда ірі кәсіпорындардағы ауаның ластану деңгейін бақылау мүмкіндігі пайда болады.

«Қоқыс шығаратын компанияларға, республикадағы полигондардың жұмысына, біздің облыс орталықтарының айналасында пайда болатын жабайы, заңсыз қоқыстарға қатысты  сұрақтар бар. Бұған қатысты  көптеген мәселелер жаңа экологиялық кодексте қамтылып, қарастырылады. Ұсыныстар қыркүйек айының соңына дейін қабылданып, желтоқсан айында мәжіліске жолданады», -деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.

Ел аумағында 8 жарым мыңнан астам заңсыз қоқыс полигоны анықталса, соның ішінде рұқсат етілген 3 мыңнан орынның 17% ғана экологиялық талапқа сай жұмыс істейді. Қазақстан көлемінде жыл сайын 4,3 млн тонна қалдық шығарылса, оның тек 12% ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Жергілікті әкімдіктер қоқысты сұрыптап салатын арнайы дүңгіршектер қойғанмен, қалдық таситын көліктер  оны тиегенде араластырып тасиды. Талқылауға қатысушылар қоқыс мәселесін шешуде  тұрғындарға да, шығарушы компанияларға да жапон әдісін қолдануды ұсынды. Қалдықты сұрыптамай,  әрі уақытылы шығармағаны үшін жапон тұрғындарына айыппұл салынады.

«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов ұсыныс беруге нағыз ғалымдар кіріспегендіктен заң тағы да шала болуы мүмкін дейді. 

«Бұл мәселені асықпай, жақсылап жасау керек. Екіншіден, бізде заң орындалу керек. Орындалмаса одан нәтиже, пайда жоқ. Бізде бұл сала ұзақ уақыттан бері қаралмады. Экология саласы күрделі. Ұсыныстарды әлі де жақсылап талқылау керек. Ұсыныс беруге бұл саланы нақты білетін адамдар мен ғалымдар қатысып жатқан жоқ. Белсенді болып жатқандар әдеттегідей ұсақ-түйек қоғамдық ұйымдар ғана. Нағыз мамандар қатыспаған соң, заң шала болуы мүмкін», -  деді белгілі эколог.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары