$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.12.2019, 22:56
Қоғам

Студенттердің шәкіртақысын өсіруге шамамен 18 млрд теңге бөлінеді

Министрдің айтуынша, бір жылда ЖОО студенттерінің шәкіртақысын көтеруге 13 млрд теңге, колледж студенттеріне 5-6 млрд теңге кетеді

Студенттердің шәкіртақысын өсіруге шамамен 18 млрд теңге бөлінеді
Фото: ашық дереккөзден

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетов Мемлекет басшысының келесі жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы 25%-ға көтеру туралы тапсырмасы қалай жүзеге асырылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Студенттердің шәкіртақысын көтеруге республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. 1 қаңтардан бастап бакалавриат, магистратура және докторантурада оқып жатқан барлық студенттердің шәкіртақысы 25% өседі. Бұл Президенттің тапсырмасы және ол өз уақытында орындалады. Енді ол үшін қанша қаражат керек деген сұрақ туындайды. Бір жылды алып қарасақ, ЖОО студенттеріне 13 млрд теңге қаржы қажет. Ал оған колледж студенттерін қоссақ тағы 5-6 млрд теңге керек. Иә, нәтижесінде айтарлықтай сома, дегенмен бұл маңызды шешім. 2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы көтерілген, олар бұл жаңалықты көп күтті. Біздің студенттер үшін бұл үлкен қолдау болып табылады», - деді А. Аймағамбетов министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің мәлімдеуінше, барлық санатқа жататын студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өседі.

«Шәкіртақы көлемі барлық студенттер үшін көтерілетін болады. Өздеріңіз білетіндей, бізде жоғары дәрежелі шәкіртақы алатын студенттер бар. Одан бөлек, мүгедектігі бар, асыраушысынан айырылған жандар бар. Яғни 25 пайыз барлық студенттерге қатысты», - деді ол.

Айта кетсек, бүгін елордада өткен жастар жылының жабылу салтанаты мен волонтер жылының ресми ашылуы салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға көтеруді тапсырды.

 

 

Серіктес жаңалықтары