Әлмерек: көшесі бар – жолы жоқ, құбыры бар – газы жоқ шағынауданның проблемасы қашан шешіледі?
Алматы құрамына кірген елдімекенде өркениеттің белгілері байқалмайды
Осыдан бес жыл бұрын Әлмерек - Алматы облысы Талғар ауданындағы ауыл болатын. Ол Гүлдала ауылдық әкімшілік округінің құрамында еді. Қаладан 3 шақырым жерде орналасқан елдімекен кеңес заманыда «Черный ищак» деген атпен танымал болатын. Жергілікті тұрғындары негізінен цыган халқынан құралған.
Ал, қазір бұл жер Алматы секілді мегаполистің құрамына енсе де, сүреңсіз тіршілік кешкен, тұрмыстан қажыған адамдардың мекеніне айналып отыр. Себебі мұндағы көшелердің атаулары әдемі болғанымен, илектелген балшығы көп, электр жарығы жиі сөнеді. Ал, газ құбыры тартылғанымен, ішінде көгілдір отыны жоқ. Мыңдаған тұрғыны бар аумаққа қоғамдық көлік қатынамайды. Ресми дерек бойынша, аумағы жағынан Түркісіб ауданының құрамына кірген шағынауданда 3 мың тұрғын бар. Azattyq Rýhy тілшісі елдімекендегі Астана, Мәңгілік ел, Қасымхан көшелерінің қазіргі кейпін фото көріністермен жеткізуге тырысты.
Әлмерек елдімекеніндегі орталық көшенің бірі - Астана жазда шаңнан, күз-көктемде балшықтан көз ашпайды.
Қалалық №79 және №106 маршруттық автобустар ескі Әлмерекке келеді, ал бір жарым шақырым жерде тұратын халық ол жерге дейін жаяу барады. Жергілікті тұрғын Дастан Ахунжанов орталықтағы дүкенге амалсыз атпен қатынайтынын айтады.
Мұнда кейбір үйлер ауданның бас жоспарынан тыс салынып кеткен. Халықтың орталыққа қатынап жүрген төте жолдағы жер телімі де сатылған. Тұрғындар енді жолды ұзартып, ауылдың екінші шетін айналып өтуге мәжбүр.
Елдімекен тұрғыны Смайыл Әлқожаев бұл мәселені айтып, талай мекеменің есігін қаққан. Алайда, қызыл сызыққа салынған баспананы бұзып тастауға ешкім асығар емес.
Шағын аудандағы ең үлкен мәселе - электр энергиясының тапшылығы. Бұрынғы МТФ-2 шаруашылығын тоқпен қамтамасыз ететін трансформаторға 200-ден астам үй қосылған. Оның қуаты он есе аз болғандықтан, тұрғындарда жарық жиі сөніп қалады. Кешқұрым шамдар сығырайып, тұрмыстық техникаларды пайдалану мүмкін емес, дейді тұрғындар.
Нұршашқан, Әлмерек және Қайрат ықшамаудандарына 28 шақырым газ құбыры тартылуы керек болған. Әлмеректегі Астана, Қасымхан және Мәңгілік ел көшелеріне 2017 жылы газ құбыры жүргізілген. Бірақ желіде көгілдір отыны жоқ. Сондықтан, Мәрияш Ыдырысова биыл да көмір сатып алғанын айтады.
Шағын ауданның сұрқын бұзып тұрған Сүт-тауар фермасы соңғы 30 жылда іске алғысыз болып қалған. Аумағы ондаған гектарды алып жатқан шаруашылық қазір жекеменшікте болғанымен, қараусыз жатыр. Қоршауы құлап, ғимараттары қирап тұрған МТФ аумағы нашақорлардың жиналатын орнына айналған.
Ауыз суды ауласынан жер қазып, арнайы су сорғыштың көмегімен шығарып тұтынатын отбасылар да бар. Олар мынадай қолдан жасалған құрылғылармен құдықтан суды сорып алып, пайдаланады.
Елдімекеннен мынадай зәулім, сәні келіскен баспананы да, тозығы жетіп, күйі қашқан киіз үйді де кездестіруге болады.
Жергілікті билік көшенің эстетикалық келбеті мен тазалығына да мүлдем мән бермейді. Астана көшесінде өртеніп, тек қанқасы қалған дүңгіршектер мен көліктерді кездестіруге болады. Мәңгілік ел көшесіндегі үйіліп жатқан күл-қоқысты жинауға ешкімнің қолы бармайтын сияқты.
Жардың қабағына екі қабаты үй салуға рұқсат берілген бе? Ал жергілікті тұрғындарға арналған спорт алаңы сайдың табанында орналасқан.
Әлмерек елдімекені Алматы халықаралық әуежайына іргелес орналасқан. Әуе айлағына баратын жолдың бойында қала басшысы Бақытжан Сағынтаев аудан халқымен кездесу өткізді. Мұны естіген «Әлмерек» тұрғындары да соңғы үмітін арқалап әкімнің алдына келді. Бес жылдан бері шешімін таппаған қарапайым тұрмыстық қажеттіліктерге қатысты кезекті рет уәде берілді.
«Қазір бұл аудандағы электр энергиясы мәселесі бойынша сұрақтар назарда. Бұрын Талғар ауданының аудандық электр тарату торабына қарағандықтан мәселе бар. Қайрат, Әлмерек, Нұршашқан ауылдарының электр желілерін жаңалаудың жобасы жасалып, 2020 жылы сәуір айында аяқталады. Сосын тораптар қойылады. Ал қоғамдық көліктер жүргізу үшін ауылдың соңғы аялдамасына дейін апаратын көлік жолы жоқ, себебі жолдарда инженерлік желілер тартылып бітпеген. Наурыз айында энергетиктер бітіреді, сосын маршруттарды созатын боламыз»,- дейді Алматы қаласы Түркісіб ауданының әкімі Павел Кулагин.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы