Әкімдік вакцина салынғанын растайтын электронды төлқұжаттың саудаға салынғанын жоққа шығарды
Басқарма өкілдері адамның вакцина алған-алмағанын дәлелдеу қиын емес екенін айтады
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасындағылар шаһарда коронавирус вакцинасы салынғанын растайтын электронды төлқұжаттың саудаға салынғанын жоққа шығарды. Ақпарат құралдарында тараған жаңалықтың анық-қанығы жіті тексеріліп жатыр.
«eGov-та нақтылы осындай вакцина паспорты сатылды деген ақпарат негізді емес. Қазір ары қарай қызметтік тексеріс жүргізіледі. Содан кейін сіздерге осы туралы ақпарат беріп отырамыз. Негізі бұл жұмысты прокуратура және полициямен бірге істеп жатырмыз», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Лаура Мырзағали.
Қызметтік тексеріс қорытындысы бір аптаның көлемінде жариялануы мүмкін. Қазір өзін делдал ретінде көрсетіп хабар алмасқан нөмірдің иесі анықталып жатыр. Алайда басқарма өкілдері адамның вакцина алған-алмағанын дәлелдеу қиын емес екенін айтады. Өйткені екпе салдыруға келгендер куәлігін көрсеткенде жеке сәйкестендіру нөмірі базаға енгізіліп, ол адам қолхат береді. Тіпті, тұрғындардың кіріп-шыққанын бақылайтын бейне камераның көмегімен қауесеттің рас-өтірігін нақтылауға болады.
Еске сала кетейік, электронды паспорт вакцинаның ІІ компонентін алғандарға ғана беріледі.