$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.12.2019, 09:29
Қоғам

Қостанай әкімдігі жергілікті кәсіпкердің 80 млн теңгесін қайтармай қойған

Қарызға белшеден батқан бизнесмен банкроттың алдындамын дейді

Қостанай әкімдігі жергілікті кәсіпкердің 80 млн теңгесін қайтармай қойған

Қаладағы Орталық саябақтың кіреберісін сәндеп, безендіру жұмыстарын 4 ай бұрын аяқтаса да, әкімдік кәсіпкерге тиесілі ақшасын әлі бермеген деп хабарлайды «Хабар-24».

Мәлік Бұтабаев бұған дейін мемлекеттен тапсырыс алып көрмегем дейді, тек жеке компаниялармен жұмыс істесіпті. Ал, биыл сәуір айында тендерге қатысып, Орталық саябақтың алдын безендіру міндетін мойнына алыпты. Өз қалтасынан 19,5 млн теңге шығарып, жұмысқа қажетті материалдарды сатып алғаннан кейін, тапсырыс беруші тарап келісімшартты бұзу жөнінде шешім шығарған.

«Келісімшартта «қызмет көрсету» дегеннің орынына «жұмыс» деп жазылып кеткен. Бұл енді өздері жіберген техникалық қателік. Содан кейін «келісімді бұзамыз» деп қысым жасала бастады. Біз оған да көндік, «тек кеткен шығынды өтесеңдер» деген шартымызды айттық», - дейді қостанайлық кәсіпкер.

Бірақ әкімдік Бұтабаевтың шығарған қаржысын қайтарған жоқ. Мердігер бастаған ісін аяқсыз қалдырмай жалғастыра берді. Тамыз айында нысан толық тапсырылғанымен, әлі күнге атқарылған жұмыс актісіне қол қойылмаған.

«Акт бойынша мен бәрін тапсырдым, олар қабылдамайды. Нақты келісімшартқа сәйкес тиісті мерзімінде әкімдік кеңсесіне апардым. Өз міндетімді орындадым. Күзде сот тартысы басталды», - дейді Мәлік Бұтабаев.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мемлекеттік сатып алуға қатысты  келісім-шартты бұзу жөнінде сотқа арыз түсірген. Ал, кәсіпкер атқарылған жұмыс актісін дұрыс деп тану жөнінде қарсы талаппен шығып отыр.

«Әкімдіктің талабы қанағаттандырылған жоқ. Екінші тараптың атқарылған жұмыс актісі заңды деп танылды. Экономикалық соттың шешімімен келіспеген әкімдік өкілдері мен прокурор апелляциялық шағым түсіріп, ол облыстық сотта қаралды. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысына сәйкес алғашқы шешім өзгеріссіз қалдырылды», - дейді облыстық соттың баспасөз-хатшысы Зәуре Едікова.

Сонымен, әкімдіктің кәсіпкерге жалпы берешегі 80 миллион тенгені құрайды. Оның 6 миллионы жұмысшыларға еңбекақы қарызы. Жергілікті билік болса қандай да бір түсінік беруден бас тартып отыр.

Серіктес жаңалықтары