ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2549 адамнан коронавирус анықталды

Елордаға отандық QazVac вакцинасы жеткізілді

Азаматтар вакцинаны емханалардан бөлек ірі ойын-сауда орталықтарында да ала алады

Отандық өнімі саналатын QazVac вакцинасы 6 мың доза мөлшерінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймаларына жеткізілді. Қазіргі таңда қоймаларда ресейлік «Спутник-V» вакцинасымен қоса 55 мыңдай вакцина дозасы бар деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

«Өткен аптада ғана қазақстандық вакцина QazVac вакцинасының бірінші партиясының жеткізілімі өтті. Енді халықтың сұрауы мен қалауы бойынша қазақстандық өнімін екпе ретінде қолдана аламыз. Дәрігер ретінде және Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің вакцина шығаруға қабілетті елдердің қатарында болғаны мен үшін мақтаныш», - деді Басқарма басшысы Тимур Мұратов.

Екпе алмас бұрын азаматтар қай вакцинаны алғысы келетінін өздері таңдай алады. Таңдау ресейлік «Спутник-V» және қазақстандық QazVac вакцинасы арасында. Бүгінде отандық вакцина тапсырыс бойынша емханалар мен сауда ойын-сауық орталықтарына таратылды.

«Күніне 6 мың адамға дейін екпе салынады. Бастапқыда тұрғындар вакцинаға сақтықпен қарады. Бірақ вакцина алмау денсаулыққа әлдеқайда қауіпті екенін және тек осылайша өзімізді инфекциядан қорғай аламыз деген кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы азаматтар вакцинацияланғандардың қатарына өз еркімен қосыла бастады. Халық арасында қорқу мен сенімсіздік жойылып, өз денсаулығы үшін жауапкершілік арта түсті», - деді Т.Мұратов.

Басқарма басшысы сауда орталықтарында вакцинация пунктерін ашудың оң жағын да атап өтті.

«Сауда орталықтарында вакцинация аймақтарын ұйымдастыруы айтарлықтай нәтиже беруде. Кейде азаматтар тіркелген емханаларын біле бермейді, көбісі БМСК ұйымдарына бара бермейді. Осылайша, екпе салдырып жүрген сауда орталығына келіп, дәрі-дәрмектің компоненттерін еш қиындықсыз алу өте ыңғайлы», - деп мәлімдеді басқарма басшысы.

Бір күннің ішінде ОСО-ның вакцинация аймақтарында 250 адамға дейін екпе егіледі. Бүгін елордада вакцинация пункттері Mega Silk Way, Keruen, Хан Шатыр және Абу-Даби Плаза сауда орталықтарында ашылды.