$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.04.2021, 09:24
Қоғам

Нұр-Сұлтанда халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына қандай көмек көрсетіледі?

Елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 19 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді

Нұр-Сұлтанда халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына қандай көмек көрсетіледі?

Елордада халықтың әлеуметтік осал топтарын мемлекеттік қолдау шаралары жайлы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Ғарифуллин түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінде елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 19 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Жыл сайын елордада 160 мыңнан астам азамат әлеуметтік қолдаумен қамтылады. Олардың қатарында жасы бойынша зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедек балалар, көпбалалы отбасылар, Алтын алқа және Күміс алқа алған аналар, сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған азаматтар бар.

«Мерекелік және атаулы күндері біржолғы ақшалай төлем түрінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Көмектің бұл түрін шамамен 140 мың қала тұрғыны алады. 120 мыңнан астам адам жергілікті органдардың шешімі бойынша тегін қызмет алады. Нақтырақ айтқанда әлеуметтік көмек, жоғары оқу орындарының оқу ақысын төлеу, қатты отын сатып алуға, газдандыруды қосуға әлеуметтік көмек, ауыз қуысын протез алды тегін санациялау және тіс протездеу. 19-23 сәуір аралығында жасы бойынша зейнеткерлерді, мүгедектігі бар адамдарды, АӘК алушылар қатарындағы көпбалалы отбасыларды және осы қызметті алу үшін ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды тіркеу жүргізіледі», — деді Б.Ғарифуллин.

Тіс протездеуге мына телефон нөмірлері бойынша жазылуға болады: Алматы ауданы – 37 03 92, Байқоңыр ауданы – 38 22 45, Есіл ауданы – 31 32 08, Сарыарқа ауданы – 39 79 49.
Сонымен қатар, ана мен баланы әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Елордада 25 мыңға жуық көпбалалы отбасы тұрады, оның 19 мыңы — төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар. Бес мың ана Алтын алқа және Күміс алқалармен марапатталды.

Спикер 2020 жылдан бастап көпбалалы аналарды қолдау мақсатында көпбалалы отбасылар бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы енгізілгенін еске салды. Бүгінгі таңда елордада көмектің бұл түрін 19 мыңнан астам отбасы алады. Сондай-ақ, олар қоғамдық көліктерде тегін жүру, мектеп асханаларында тамақтану, жазғы лагерьлерде демалу, тіс протездеу, қатты отын үшін өтемақы алады.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда АӘК-ті 3700-ден астам отбасы алады. Бұл отбасыларда 17 мыңнан астам адам бар.

«1 наурыздан бастап электрондық үкімет порталында пилоттық режимде онлайн форматта АӘК алу қызметі іске қосылды. 1 сәуірден бастап көмектің бұл түріне үш мыңнан астам өтініш түсті. Бүгінгі таңда 1 500 отбасыға тағайындалды. Сондай-ақ, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап енгізілген кепілдендірілген әлеуметтік пакет сияқты әлеуметтік қолдау шарасы қарастырылған. Бүгінгі күні көмектің бұл түрі АӘК алатын отбасылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі. Қазір 6 мыңнан астам пакет берілді – бұл 3 750 отбасы», — деді басқарма басшысының орынбасары.

Ол сондай-ақ мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесін түсіндіріп берді. Қазіргі уақытта елордада мүмкіндігі шектеулі 28 мыңнан астам адам тұрады.

Мүгедек адамдарға көрсетілетін оңалту қызметтерін алты мыңнан астам адам алады.

«2020 жылдан бастап мүгедек адамдар үшін әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Оңалту құралдарын өздері таңдайды, жеке оңалту бағдарламасына сәйкес қажетті қызметтерге тапсырыс береді. Ал олардың бәрі үйіне жеткізіледі. Бұл өте ыңғайлы. Барлығы 12 мыңға жуық қызметке тапсырыс берілді, қалада 18 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы бар, онда үйде компьютері жоқ тұлғалар ЭЦҚ арқылы қажетті қызметке тапсырыс бере алады», — деп түсіндірді Б.Ғарифуллин.

Бүгінде елордада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 2 заманауи спорт кешені – паралимпиадалық жаттығу орталығы және "Тарлан" мұз айдыны жұмыс істейді.

Көрсетілетін қызметтерді түсіндіру үшін жұмыспен қамту басқармасының базасында call-орталық жұмыс істейді. Онда елорда тұрғындары кез келген ақпаратты ала алады: Алматы ауданы 87056450638, Байқоңыр ауданы 87056450692, Есіл ауданы 87056450671, Сарыарқа ауданы 87056450653.

Серіктес жаңалықтары