$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.04.2021, 15:50
Қоғам

Алматыда крематорий салуға нақты не түрткі болды?

Алматыда крематорий биыл қыркүйек айында іске қосылады

Алматыда крематорий салуға нақты не түрткі болды?
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Алматы қалалық жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев медициналық қалдықтар мен қайтыс болғандардың денесін өртейтін крематорий құрылысы жайында айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, пандемия кезінде қалада медициналық бетперде, костюм, пакет, бинт, шприц, ПТР сынақтарын алуға арналған құралдар секілді аса қауіпті биологиялық қалдықтардың көп мөлшерде жиналған. Мұндай қауіпті қалдықтарды арнайы пеште өртеу арқылы жоюға болады. Патологоанатомиялық бюро жанынан крематорий салу туралы шешім сол үшін қабылданған.

Одан бөлек, крематорий қайтыс болғандардың денесін өртеу үшін де қолданылады.

«Былтыр коронавирус салдарынан қалада шетелдіктер қайтыс болды, ал олардың туыстары марқұмдардың денесін өртеуді сұрады. Өйткені, пандемияға байланысты денесін елден шығару жағдайы күрделене түсті. Сондай-ақ, біз әртүрлі дін өкілі тұратын көпконфессиялы елміз», – деді басқарма басшысы.

Сапар Нұрашевтың айтуынша, крематорий құрылысы биыл 21 қыркүйекте аяқталуы тиіс.

Еске сала кетейік, 2020 жылғы 21 желтоқсанда Алматы билігі «Mega Build Kazakhstan» ЖШС-мен 1,47 млрд теңгеге крематорий салу шартына қол қойған. Құжат бойынша жұмыс 2021 жылдың 21 қыркүйегінде аяқталуы тиіс. Сатып алу бір көзден, тікелей шарт жасасу арқылы жүзеге асырылған.

Бір залы мен екі пеші бар крематорий Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ақын Сара көшесінің солтүстігі, ЖЭО-2-нің шығысына қарай орналасқан патологоанатомиялық бюро жанында салынады.

Серіктес жаңалықтары