$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.04.2021, 14:41
Қоғам

Пандемияның көші-қон саясатына әсері: жыл басынан бері қанша қандас елге оралды?

Соңғы 30 жылда Қазақстанға 1 млн-нан астам этникалық қазақ оралды

Пандемияның көші-қон саясатына әсері: жыл басынан бері қанша қандас елге оралды?
Фотоколлаж

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 3 966 адам  тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Соңғы 30 жылда Қазақстанға 1 млн 74,3 мың этникалық қазақ оралды.

Статистикаға қарағанда, биылғы үш айда Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы, яғни 75,6%-ы Өзбекстаннан, 11,9% –ы ҚХР–дан, 5,8% – Түркіменстаннан, 3,0% – Моңғолиядан және 3,6% – өзге елдерден қоныс аударыпты.

Сырт елдерден келген қазақтар негізінен Алматы (32,6%), Түркістан (16,5%) және Маңғыстау (14,2%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (12,0%) және Нұр-Сұлтан (5,4%) қалаларына орналасқаны белгілі болды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, былтыр тарихи отанына небәрі 12 мың этникалық қазақ оралды. Ал 2019 жылы олардың саны 18 мыңға жуық болатын.

Өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Көші-қон мәселесі тек біздің елімізде ғана емес әлемдегі өте өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, демографиялық өсімге, шетелде жүрген қандастарымыздың тағдырына байланысты оң шешімдер қабылданды: Елімізге келген этникалық репатрианттар және қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау.

  • Ол үшін заң жобасында алдымен шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанда рұқсат алмай-ақ уақытша еңбек қызметімен айналысуға мүмкіндік беріледі.
  • Екіншіден, осы заң жобасында оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын белгілеу құзіреті көші-қон мәселелері бойынша уәкілетті органдарға жүктеу ұсынылады. Бұл оралмандар мен қоныс аударушыларға көмек көрсетуге бөлінетін бюджет қаражатын толығымен игеру қажеттілігін жеңілдетеді.
  • Үшіншіден, қолданыстағы заңда оралман статусын алу үшін тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы талап етілмейтін. Мысалы, бір өңірде тіркелген этникалық қазақ қандас мәртебесін алу үшін басқа өңірге де бара беретін. Енді бұл заң жобасы тек тіркелген жер бойынша ғана қандас мәртебесін ала алады.
  • Төртіншіден, қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын қабылдаудың мүмкіндігін кеңейту мен алуын жеделдетуге жаңа нормалар енгізілді.

Жоғарыдағы статистика көрсеткендей, шетелден келген қандастардың көбі оңтүстік немесе еліміздің батыс өңіріне қоныстанған. Елге оралған этникалық қазақтардың санының күрт төмендеп кеткені айтпаса да түсінікті. Пандемияға байланысты көші-қонның тоқтап қалуы әсіресе, Қытайдағы жерлестерімізді қатты алаңдатып отыр. Azattyq Rýhy тілшісі қалыптасып отырған жағдайға байланысты қоғам белсенділерінің пікірін тыңдап көрді.  

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек  коронавирусқа орай ҚР Премьер-министрі орынбасарының арнайы бұйрығы шыққанын айтады. Бірақ Қазақстанның барысы-келісі жақсы жолға қойылған елдер арқылы Қытайдан келіп жатқан қандастар бар. Соларға байланысты заңнамаға өзгеріс енді. Ең бастысы ауруға байланысты құжаттары түгел болса жеткілікті. Ешқандай шектеулер жоқ, дейді қоғам белсендісі.  

«Ал жалпы көші-қон саясатына бастапқыда көңіл толмайтын, бірақ соңғы 3-4 жылда мына заңдарға енген өзгерістерге байланысты біршама оң қадамдар жасала бастады. Оның басында өзім де жұмыс тобының мүшесі ретінде көптеген бастамалардың басы-қасында жүрдім. 2013 жылдан бастап көші-қон тоқырауға ұшырады. Төрт жылдай азаматтық бермейтін қатаң заң да қабылданған еді. Оның шуы көп болды, ал 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін олар түзетіліп, содан соң қайтадан сең қозғалды. Осының қатты кесірі болды», - дейді Ауыт Мұқибек.

Енді заң біршама кемелденіп, кедергілер алынды. Азаматтық алу барынша жеңілдетілген кезде пандемия басталды. Бұл - бірінші мәселе. Екіншіден, Қытайдағы саяси жағдайға байланысты да ол жақтан келетін көш саябырсыды. Ең көп көшіп келіп жатқандар – қазір Өзбекстаннан, олардың үлесі 60-65 пайыз. Екінші орында Қытайдағы қазақтар. Десе де мемлекет көші-қон саясатына айтарлықтай көңіл бөліп отыр, дейді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Белгілі экономист Атамұрат Шәменов қандастардың елге оралуы Қазақстан үшін экономикалық, саяси әрі әлеуметтік зор маңызы бар мәселе екенін айтады. Біріншіден, саяси жағын айтсақ, бұл - демография, қазақ халқының көбеюі. Ел іргесінің бекуі. Өйткені қазақ елі унитарлық мемлекет болғандықтан, қазақ ұлтының ел ішінде артуы мемлекет үшін үлкен саясат. Ал экономикалық тұрғыдан алғанда, сырттан келген адамдардың арасында оқыған, әр саланы меңгерген азаматтар жеткілікті болды. Олар қазақ қоғамына жаңа леп берді, дейді.

«Қандастар рухани, мәдени сала, экономика, кәсіпкерлік саласында өз орындарын тапты. Бұл біз үшін қозғаушы күш болды. Қандастырымыз салыстырмалы түрде еңбекқор адамдар екені жасырын емес. Қоғам оны мойындайды. Ізденімпаздық -әлеуметтік жағынан тез бейімделіп, елдің толыққанды азаматтары атануына ықпал етті. Қазақтың тілін, мәдениет сақтаған, біздің тамырымыздың жоғалуына аз қалғанда, будан болған қазаққа келіп, жақсы леп берді деп отырғаным осы», - дейді маман.

Жергілікті атқарушы билік органдары соңғы жылдары қандастарды солтүстік өңірлерге орналастыру саясатын жүргізіп жатыр. Ол өте жақсы. Десе де осыған қосымша шекаралас аудандарға  да сырттан келген туыстарымызды орналастыру үрдісін қолға алу керек. Ол оңтүстік болсын, шығыс болсын, батыс болсын бос қалған елдімекендер көбейген соң, өте маңызды. Ол үшін арнайы квота бөліп, жағдай жасалса жеткілікті. Мысалы Семей жақтағы Шұбартау ауданы, шығыстағы өзге аудандар жабылып жатыр. Бұл аймақтар біз үшін керекті өңірлер болғандықтан, бос жатпауы керек, дейді А. Шәменов.

«Бұл пандемия деп, басқа да себептерді айтып, көшті тоқтату стратегиялық тұрғыдан қате шешім болады. Байқап тұрсақ, аз да болса, елге көшіп келіп жатқандар бар екен. Бірақ осыған үкіметтің назары қырағы болуы шарт. Сырттан келетіндер өздері амал тауып көшіп келіп жатыр, ал осында жеткен соң, ішкі көші-қонды реттеу үшін арнайы көлік ұйымдастырып, көшуіне жағдай жасап, баспана және жұмыспен қамтуды жүйелесек, бұл проблема өз-өзінен шешілетін болады», - дейді экономист.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда халық саны 11%, көрші Өзбекстанда 60%, Тәжікстанда 68%, Қырғыстанда 43% өсті. Біздің ел үшін басты қауіп – елден көшіп кету. 1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен адамдар саны 3,7 млн. адамға жеткен. Тек соңғы он жылдың ішінде (2009-2019ж.) Қазақстаннан Ресейге 300 мың адам көшіп кеткен.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлының берген дерегі бойынша, Тұңғыш Президенттің тікелей тапсырмасымен құрылған «Отандастар қоры» жүргізген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесінде, Қазақстанға шетелден 1,5 млн этникалық қазақтың тұрақты қоныс аударғысы келетіні белгілі болған. Бірақ соңғы 8 жылда (2012-2019 жылдары) сырттан келетін қандастар саны жыл сайын орташа есеппен алғанда 10 мың адам төңірегінде қалып отыр. 

Айта кету керек, биыл Қазақстанда ұлттық халық санағы жоспарланып отыр. Соңғы науқан 2009 жылы өтті, келесі санақ 2019 жылы өтуі керек еді. Алайда санақты дайындау мен өткізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді ескере отырып, оны 2020 жылы өткізу туралы шешім қабылданды. Еліміздегі коронавирустық инфекцияның таралуына және енгізілген шектеулі карантиндік шараларға байланысты кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің шешімі бойынша ұлттық санақ 2021 жылы 1 қыркүйектен бастап онлайн түрінде басталады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары