ШұғылҮкімет тамызда карантиндік шектеу шараларын күшейтеді

«Экологиялық апат болуы мүмкін»: Түркістан облысында жер қойнауын қазу салдарынан өзендер тартылып барады

Ал, құзырлы органдар проблеманы бір-біріне сілтеп отыр

Көрнекі фотосурет

Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округіне қарайтын 14 ауылдың тұрғындары бірнеше жылдан кейін ауыз сусыз қалуы мүмкін. Мұндағы халықтың айтуынша, бұған жеке бас пайдасы үшін Келес өзенін күндіз-түні қазып, түбінен шыққан тасты тонналап сатып жатқан топтың әрекеті себепші болып отыр.

Azattyq Rýhy редакциясына хабарласқан Ақтөбе ауылдық округі Қызыләскер ауылының тұрғыны Жанболат Сәмбетовтің аталған мәселені көтергеніне бір жылдан асса да, жергілікті билік оның сөзіне мүлдем құлақ аспапты.

«КҮН САЙЫН ЖҮЗДЕГЕН ТОННА ТАС ШЫҒАРЫЛАДЫ»

«Қазығұрт өзенінен бастау алып, дарияға құятын Келес өзенінен алынатын тасты көп қазудың салдарынан Келес арнасын жоғалтып, су деңгейі уақыт өткен сайын азаюда. Егер мемлекет карьер қазуды жалғастыра беретін болса, ауыл халқы, диқандар аз уақыттан соң сусыз қалайын деп тұр. Бұл тастардың мен айтқан елдімекендерде қазылып жатқанына 10 жылдан асты. Кейбір ауыл тұрғындары өздері шығып, тас қазуды тоқтатқан. Дәл қазір біз тұратын Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округінің Қызыләскер ауылында қазылып жатыр. Тасты қазып жатқан кәсіпкерлер бір камазын 15-20 мың теңгеге сатып жатыр. Ауданға тағайындалған экологтың өзі осылармен сыбайлас болуы мүмкін. Тас қазушылар түнде де жұмыс істейді. Менің есептеуімше, бір түнде бір карьерден 300 камаз тас шығарылады. Қызыләскерде 7 карьер бар. Олардың бір күндік табысы 1-2 миллион теңгені құрайды», - дейді Ж.Самбетов.

Тұрғындардың болжамынша, судың қазіргі деңгейі 5 метрге дейін түскен. Егер, тас алу осылай жалғасын таба берсе, бұлақтардың суы тартылып, бөгет қою мүмкін болмайды.

«Шағал тастарды алуға мемлекет рұқсат беретін болса, олар Түркия сияқты таудағы тасты алып, арнайы құрылғы арқылы майдалап, өңдеп сатулары тиіс. Ал бұл Келес өзенінен алынып жатқан дайын майдаланған тас. Бұрын ауылға келгенде өзіміз суына шомылып өскен Келестің аянышты жағдайын көріп жүрек ауырды. Ақтөбе ауылдық округіне 5 ауыл қарайды, сол ауылдардың барлығы дерлік Келес өзенінен су алады. Судың деңгейі қазір 5 метрге дейін түскен. Болашақта осылай қазылатын болса, тағы 4-5 метр түсіп бөгет қоюға келмейді. Салдарынан диқандар сусыз қалайын деп тұр», - деп ашынды белсенді.

«ЭКОЛОГ, ПОЛИЦИЯ, ӘКІМДІК БӘРІ БІР АСТАУДАН ЖЕМ ЖЕП ОТЫР»

Шағымданушы тұрғынның сөзінше, бір ғана Қызыләскерде 7 карьердің қазылуына жең ұшынан жалғасқан жемқорлық себеп көрінеді. Құзырлы органдар табиғатқа жасалып жатқан қастандықты көріп отырса да, көзлерін тас жұмып алған дейді ол.

«Менің бұл мәселе туралы айтпаған жерім қалмады, құлақ асар адам жоқ. Енді ел болып өзіміз бірікпесек, өңір басшылығынан да, Экология министрлігінен де еш қайран болмай тұр. Әкімдік, экологтар, учаскелік полиция бар, барлығы бір астаудан жем жеп отыр. Ұйымдасқан топ мүшелері жазасын алуы тиіс. Бір карьердің қожайыны күніне 1-2 миллион теңге табады. Мұндай миллиондаған табысты ол әкімдік, полиция, экологтармен бөліседі ғой?! Керек десеңіз аталған мәселеге жауапты деген экологтың өзінің карьері бар. Олардың артында учаскелік полиция, прокуратура қызметкерлері тұр деп ойлаймын. Басқа Абай, Сарыағаш сынды жағалай орналасқан ауылдар бірігіп, кейбірін күшпен тоқтатты. Он мыңнан аса тұрғыны бар біздің ауылда бір емес, бірнеше ру тұратындықтан бізде ауызбіршілік жоқ. Бірігіп, қарсы шыға алмай жатырмыз», - дейді Жанболат Сәмбетов.

БҰЛАҚ ТАРТЫЛЫП, ЖЕР ҚЫРТЫСЫ БҮЛІНЕДІ...

Материалды әзірлеу барысында өңірдегі экологиялық проблемаларды зерттеумен айналысатын маман таба алмадық. Су шаруашылығына жауапты «Арал-Сырдария» инспекциясына хабарласып едік, ондағы мамандар бұл мәселеге байланысты жауап бере алмайтындарын айтты.

Аталған аймақтың проблемасынан хабардар ретінде тұрғындар «Байтақ болашақ алянсы» қоғамдық бірлестігінің директоры Азаматхан Әміртайды ғана білетіндерін жеткізді. Карьерлердің табиғатқа зияны туралы біз сол маманнан сұрап білдік.

«Табиғатта тепе-теңдік бұзылмау керек. Баланс сақталмаудың соңы өте үлкен апатқа апарады. Карьердегі тастың мамандар белгіленген мөлшерден тыс алынуы судың жер астына жайылуына әсер етеді. Салдарынан су көлемі азайып, бұлақтар тартылып, жер қыртысы бүлінеді. Карьерден тас пен құмды тонналап алғаннан кейін, олардың орны босап, тура сол көлдің суындай жер тесіліп қалады. Экологиялық стандарт бойынша карьерлерді 30 метрге дейін ғана қазуға рұқсат берілген, ал жеке кәсіпкерлер 100 метрге дейін қазып, жерасты суына дейін барады. Жерасты суы мен көл қосылған соң, су құрамы өзгеріске ұшырап, тығыздық бұзылады. Бұл өз кезегінде аталған өлкенің биоалуандылығына әсер етеді. Өңір басшылығы мұндай трагедияға қалай жол беріп отырғанын түсінбедім. Жақын болашақтағы 20 жыл ішінде жер бетіндегі сулардан айырылып қалуымыз мүмкін деген болжам бар», - деді эколог.

БІРІМІЗ БӘРІМІЗ ҮШІН НЕМЕСЕ ЗАҢСЫЗДЫҚҚА КІМ ЖОЛ БЕРІП ОТЫР?

Azattyq Rýhy тілшісі карьер қазуға рұқсат берген кім екенін анықтау үшін Түркістан облысының Экология департаментіне, экологиялық полиция басшысы мен Түркістан облысының Инвестиция және экспорт басқармасына хабарласқан еді. Сұрақтарға жауап алу барысында түсінгеніміз, өкілетті мекемелердің ешқайсысы бір-бірінсіз заң бұзушыны анықтап, жазалай алмайды.

Алдымен Түркістан облысының Инвестиция және экспорт басқармасы жер бөлімінің бас маманы Қасымхан Керімжановпен сөйлестік.

«Карьерлерді заңсыз қазу мәселесімен Экология департаменті айналысып, шара қолдануы тиіс. Біз тек лицензия берумен айналысамыз. Бізге заңды тұлғалар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен бұрғылау розеткасына 1 жылға лицензия алып келеді. Министрлік өз геологтарымен аудан аумағында лаборатоориялық зерттеу жүргізіп, тас құрамын, тығыздығын тексеріп, қор көлемін бекітеді. Біз кәсіпкерлерге карьерді өндіруге ғана лицензия береміз. Заң бұзушыларды біздің тараптан жауапқа тарту мәселесі ешқандай кодекспен бекітілмеген. Заң бұзушылықтың алдын алатын ең бірінші ішкі істер қызметкерлері. Ауданда ондай заңсыздықтар болып жатса, демек құқық қорғау саласының мамандары жұмыс істемей отыр», - деді бас маман.

«КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ АУМАҒЫНДА ЕШҚАНДАЙ ЗАҢДЫ КАРЬЕР ЖОҚ»

Ал, облыстағы экологиялық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Тұмабаев жауапкершілік Экология департаменті мен лицензия беретін жергілікті атқарушы органның мойнында дегенді алға тартты.

«ҚР Жер қойнауын пайдалану туралы кодексі, Экологиялық кодексі, ҚР жергілікті басқару және өзін өзі басқару заңы бар. Аталған заңның бәрінде жердің қорғалуы мен пайдаланылуын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бар. Біріншісі – жергілікті атқарушы орган, екінші – экология департаменті, жер инспекциясы, Арал-Сырдария инспекциясы. Заңның 60-тармағында көрсетілгендей, біз табиғат қорғау бойынша уәкілетті ұйым емеспіз. Біз тек қана көмек көрсетеміз, қылмыстық іс қозғалып, табиғатқа келтірілген зиян көлемі анықталса ғана тексеріс жүргіземіз. Заң бұзушы топты біз барып ұстауымыз үшін қасымызда жергілікті орган тұру керек, ауыл округінің жер маманы, Сарыағаш ауданының прокуратура мен полициясы бар. Инвестиция басқармасының мәліметіне сәйкес, Түркістан облысында келісімшартпен жұмыс істейтін 114 заңды карьер бар. Оның ішінде құм топырақ қоспасы бары бөлек, тас алатыны бөлек. Олар бізге кірмейді. Келес ауданының аумағында ешқандай заңды карьер жоқ. Егер ол жерде заңсыз карьер жинап жатқан болса, онда мен тексеруге инспекторды жіберемін. Жалпы біз тексеруді арыз түскенде облыс әкімінің орынбасарымен арнайы топ құрылғанда ғана жүргіземіз. Топ жұмысын ұйымдастыру экология департаментінің бастамасымен жүзеге асуы керек. Сол кезде ғана біз жер қойнауын пайдаланушылардың жеке басын анықтап, рұқсат қағаздарын сұрай аламыз. Келестің жанын қазып жатса, неге Экология департаменті барып «бұларың қалай?» демейді. Табиғатты қорғау бәрімізге ортақ іс», - деді Нұрлан Тұмабаев.

Ал, Түркістан облысы Экология департаменті мемлекеттік экология бақылау бөлімінің басшысы Мәди Қожатайұлы кез келген тексерісті, оның ішінде экология саласындағы тергеп тексеруді де полиция қызметкерлері жүргізуі тиіс болғандықтан, қоластындағы қызметкерлердің басын қатерге тіге алмайтынын айтты.

«Кәсіпкерлік кодексінің 130-бабы бойынша тексеру, жедел анықтау жұмыстарын жүргізетін полиция қызметкерлері деп жазылған. Біз жердің заңсыз қазылғанын көргенімізбен, оның кім екенін анықтай алмаймыз. Полиция бізге заң бұзушының аты-жөнін берген күнде ғана біз әкімшілік іс қозғаймыз. Бізге дайын құжат келгенде ғана қозғаламыз. Кез келген тексеріске бару үшін прокуратураға тіркелеміз, ал оған тіркелу үшін кімді тексеретінімізді жазбаша көрсету қажет. 2019 жылдың 26 желтоқсанында шыққан мораторий бойынша шағын және орта кәсіпкерлерді тексере алмаймыз», - деді Экология департаментінің басшысы.

Айта кететіні, осыдан жеті күн бұрын Түркістан облысы Төле би ауданына қарасты 10 ауыл телеарна тілшілерін шақырып, карьер шұңқырлардың кесірінен сусыз отырғандарын айтып дабыл қақты. Біз де Экология министрлігіне хабарласып, жағдайды айттық. Еліміздің экологиясына жауапты білдей министрлік те жауапкершілікті облыстағы Экология департаментіне жүктеді.

Осылайша Келес өзенінің арнасын бұзып жатқан тас қазушыларды кім тоқтатаныны сол күйі анықтай алмадық. Құзырлы органдар бір-біріне сілтеп, экологиялық апаттың болуынан бейхабар екенін жеткізді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан