КВИ-ден енді айыққан немесе жаңадан вирус жұқтырған адамға ауыз бекітуге бола ма?
Мамандар ораза кезінде вакцина алуға қатысты сұраққа жауап берді
Биыл Қазақстанда Рамазан айы 13 сәуірде басталады. Осыған байланысты қоғам тарапынан қойылатын бірнеше сұрақ бар: «Коронавирустан жақында айыққан мен жаңадан жұқтырған адамға ауыз бекітуге бола ма?», «Аузы берік адамның вакцина салдырғаны қаншалықты дұрыс?». Бұл сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов жауап берді.
«Ауырып жүрген адамдарға ораза ұстауға болмайды. Ал, сауығып кеткендер ниеті мен денсаулығына байланысты шешім шығарғаны жөн. Әлі ағзасы қалпына келмеген болса, онда ораза ұстамай, иммунитетті қалпына келтіруге күш салу қажет», - деді басқарма басшысы.
Ал, ауыз бекіткен жандардың вакцина алуына қатысты сұраққа Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының міндетін атқарушы Манар Асарқызы жауап берді.
«Ораза ұстап жүргенде вакцина алу-алмауды адам өзі шешкені дұрыс. Бірақ оразаның да, вакцинаның да ағзаға салмақ түсіретіні белгілі. Мүфтият вакцина алуға рұқсат беріп отыр. Бірақ дене қызуы көтерілген кезде оны түсіру үшін кейбір науқастарға дәрі ішуге тура келеді. Мұндай жағдайда ауыз бекіте ме, жоқ па, адам өзі шешеді. Айта кететіні, кез келген адам вакцина алардан бұрын міндетті түрде терапевтің тексеруінен өтіп, ағзасының қаншалықты дайын екенін біліп алғаны абзал. Жалпы, ораза кезінде вакцина алуға қатысты қатаң тыйым жоқ. Бәрі науқастың денсаулығына байланысты», - деді Манар Асарқызы.