Маңғыстау облысында коронавируспен күреске бөлінген ақшаның «қызығын» дәрігерлер емес, бухгалтерлер көрген
Қаражат көлемі 30 млн теңгеден асады
Маңғыстау облысында коронавируспен күрескен дәрігерлерге үстемақы ретінде төленуі тиіс қаражатты бухгалтерлер, экономистер мен кадр бөлімінің мамандары алып келген. Бұл туралы сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің тергеушісі Иманмағзұм Шағырбаев мәлімдеді деп жазады Lada.kz.
Оның айтуынша, Маңғыстау облыстық ауруханасының басшылығы мен қызметкерлерінің үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Коронавируспен күрескен медициналық қызметкерлерге үстемақы ретінде бөлінген 30 миллион теңгеден астам қаражатты аурухана әкімшілігінің 14 қызметкері өзара бөліп алған. Мәселен, бір қызметкер 425 мың теңге алса, өзгесі 850 мың алған. Бұл оқиға былтыр пандемияның шарықтау кезеңінде болған», - деді И.Шағырбаев.
Қылмыстық жауапқа тарту мәселесі тергеу амалдары аяқталғаннан кейін белгілі болады. Ал, қазір аурухананың үш қызметкері сөгіс алыпты.