$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.04.2021, 15:25
Қоғам

«Қарызын қайтармайды, пышақпен қорқытады»: алаяқтық құрбаны болған бір топ өскемендік шағымданды

Жәбірленушілер қарызын қайтаруды талап еткен үш адамның жазықсыз түрмеге жабылғанын айтты 

«Қарызын қайтармайды, пышақпен қорқытады»: алаяқтық құрбаны болған бір топ өскемендік шағымданды
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

«Ол ақшамызды алдап алады, оны өзінің бизнесіне салады. Қарызын қайтармайды. Пышақпен қорқытады». Өскемен қаласының бірнеше тұрғыны Azattyq Rýhy редакциясына хабарласып, осындай сұхбат берді. Жәбірленушілер шағымында жылдар бойы естіп келе жатқан өтірікке «тойғанын», соттан әділ шешім күтетінін айтты.

ШҚО тұрғыны Ерік Қабылов пен оның ұлы Берік Дәлеловке қарсы 13 тұрғын Өскемен қалалық Ішкі істер басқармасына «алаяқтық» бабы бойынша арыз жазған. Қазір басқармада қылмыстық іс қозғалған. Алайда, белгісіз себептермен ол тұқтап тұр.

ОН ЕКІ АДАМҒА 41 МЛН ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ

«12 адамнан келіп түскен арыз бойынша Өскемен қалалық ішкі істер басқармасында «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс тексеріліп жатыр. Тұрғындар не себепті «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғады? Себебі, күдікті 2 азамат тұрғындардан қарыз алып, оны жылдар бойы алдап, бермеген. Екіншіден, бұл – тұтас жүйе. Бір адамнан 1 млн алады, екінші адамнан 2 млн, үшінші адамнан 4 млн, 10 млн – солай-солай кете береді. ҚР Жоғарғы сотының қаулыларын қарасаңыз, мұндай жүйе – алаяқтық схемасын білдіреді. Үшіншіден, бір адамнан қарыз алып, оны қайтармай жатып, екінші, үшінші, оныншы адамнан қарыз алу да алаяқтық белгісі», - дейді заңгер, адвокат Клара Нұрқасқызы.

Шағымданған азаматтардың бірі – 31 жастағы тұрғын Зарина Омарова мен оның жолдасы Алмас Шөкенов. Олар Берік Дәлеловке 2017 жылы қарызға 2 млн теңге берген. Төрт жыл ішінде Берік Дәлелов бұл отбасыға қарызының аз бөлігін ғана қайтарған (әлі 1,3 млн теңге қарыз).

«Мен қазір Ішкі істер басқармасына келіп отырмын. Тергеу бөлімінің басшысы – Райхан Альбина, ал іс бойынша Жасұлан есімді тергеуші. Қазір Жасұлан мырзамен сөйлестім. Ол іс бойынша қанша адам шағымданғаны, я күдіктінің қанша қарызы барын білмейді. Құжаттар бойынша, 12 адамға қарыз көлемі – 41 119 000 теңге. Неге бұл іс ұзақ уақыттан бері тоқтап тұр? Біздің БАҚ өкілдерінен басқа көмек сұрайтын ешкіміміз қалмады», - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Зарина Омарова.

«АЛАЯҚ АДАМ СЫПАЙЫ КЕЛЕДІ, СОТТАН ДА ҚОРЫҚПАЙДЫ ЕКЕН»

Берік Дәлеловке сеніп, қарызға ақша берген жанның бірі – Жазира Смағұлова. 35 жастағы әйел осы қарыз үшін үй ала алмай сенделгенін, жолдасымен сөзге келгенін де айтты.

«2019 жылы 1,2 млн теңге қарыз алған. Сонда айтқаны әлі есімде: «тендер алып тұрмын, шотымда ақша болу керек, ақыңызды жемеймін, 1 айда үстіне пайызын қосып қайтарамын». Мен ол кісіні дұрыс танымаймын да, құрбым арқылы қарыз сұрады. Үй аламыз деп ақша жинап жүргенбіз, қолхат жазып беріп, қарыз алды. Алайда, 1 ай өткен соң ақшаны қайтармады. Арада жарты жыл өткенде «апай, күте тұрыңыз, әні берем, міне берем» деген сөздеріне әбден тойып, сотқа беретінімді айттым. Ол соттан да, заңнан да қорықпайтын болып шықты. «Сотқа бере беріңіз» деді. Одан бұрын әкесінің алдынан өттім. Ол кісіге де бәрібір. «Баламның ешқандай бизнесі жоқ, ол, тіпті, ЖОО да аяқтамаған» деді. Сөйтсем, күзет агенттігі Беріктің емес, әкесінің атында екен», - дейді Жазира.

Жәбірленушінің айтуынша, сот шешімімен Берік Дәлкелов алған қарызын қайтару керек. Алайда, ол 2-3 мың теңгеден ғана салып қойып, соттың шешімін орындап жүрген сыңай танытады екен. 

«Білесіз бе, алаяқ адам сыпайы келеді. Ең бірінші қымбат көлікпен келіп, ақшасы көп, бизнес тілін білетін адамдай сөйлескен. Ешқашан менімен ұрысқан емес. Телефон қоңырауына жауап береді, ешқашан «ақшаны қайтармаймын» деп айтпайды, «апайлап» тұрады. Сөйтсем, осылай алдайды екен ғой. Сотқа арызданған соң тергеушілерден өзім сияқты талай адамның шырылдап жүргенін білдім. Тіпті, Берік Дәлелов микронесиелерге дейін алып шыққан, барлық банкке қарыз. Осы ақша үшін жолдасыммен де қаншама рет сөзге келдім, берекемізді қашырды. Қаншама рет алдады, заң жүзінде жазаланғанын қалаймын», - дейді Жазира.

«МЕКЕН-ЖАЙЫН ӨТІРІК ЖАЗАДЫ, ТЕЛЕФОНЫ СӨНДІРУЛІ»

Ал 43 жастағы Мәрзия Кешубаева 2019 жылы Берік Дәлеловке 2 мың доллар қарыз берген. Айлығының бір бөлігін жинап жүрген балабақшада қызметкерінің де алдануы басқаларға ұқсас.

«Тендерға қатысамын, 10 күннің ішінде ақшаңызды қайтарып беремін» деп қарыз алды. 2019 жылы шілдеде сотқа шағымдандым. Тамыз айында шешім шықты, ол бойынша сот орындаушысы барып, сөйлесті. Алайда, осы күнге дейін 1 тиын да берген жоқ. Содан кейін Полиция басқармасына осы іс бойынша тағы да арыздандым. Сол кезде Берік Дәлеловке мен сияқты шағымданған басқа да адамдар барын білдім. Қарыз алған адамы өте көп, соның бірі мен. Ол – алаяқ, «ертең қайтарам, апай, тоса тұрыңыз, міне, келе жатырмын» осы сияқты өтіріктер айтады. Бізді қазір блоктап тастаған. Мекен-жайын өтірік көрсетеді. Ол қайда өмір сүріп жатыр, білмеймін», - дейді, ауылдасына сеніп, опық жеп отырған Мәрзия Кешубаева.

«ҚАРЫЗЫН СҰРАП БАРҒАНДАР ТҮРМЕДЕ ОТЫР»

Редакцияға хабарласып, көмек сұраған жәбірленушінің бірі Зарина жуырда болатын облыстық соттың әділ өтуін қалайды. Бұл сот – «алаяқтық» ісінен бөлек, Заринаның жолдасы – Алмас Шөкеновке және қарызын ала алмай жүрген тағы 2 өскемендікке қатысты өтеді екен.

«Берік Дәлелов алған қарызды қайтарамын деп, 2020 жылдың 31 тамызында менің күйеуімді және тағы да ақшасын ала алмай жүрген Бекжан Мәуітбеков деген баланы, Бекжанның ағасы Дәулет Әлібековті алдап, үйіне шақырады. Бірақ өзі үйінде болмай шығады. Сосын олар Беріктің әкесіне жолығуға кіреді. Әкесі төбелес шығарады да, полиция қызметкерлерін шақырады. Сөйтіп, үшеуінің үстінен ШҚО, Ұлан ауданы Қайсенов кентінің полиция бөлімшесінде қылмыстық іс қозғалады. Менің күйеуім, Бекжан Мәуітбеков, Дәулет Әлібековті ШҚО Ұлан ауданының сөт төрағасы Әли Асқар деген кісі 389-баптың 3-тармағы бойынша соттап жібереді. 2021 жылы 15 наурыз күні үшеуіне жеке-жеке 2 жыл 2 ай мерзімнен берді. Қазір олар түрмеде отыр. Күйеуімнен алдап ақша алады, оны бермейді, жала жабады, жазықсыз соттатып жібереді. Бұл не сұмдық?», - деп арызданды Зарина.   

«ЖОҒАРЫДА ТАНЫСТАРЫМ БАР» ДЕП ҚОРҚЫТАДЫ

Қазір бұл іс бойынша Алмас Шөкеновтің адвокаты Клара Нұрқасқызы облыстық сотқа апелляциялық шағым жолдаған.

«Мен апелляциялық шағым бердім, себебі, уәждерім өте көп. Алдымен, Ерік Қабыловтың әрекеті. Ол жігіттерге үйінен пышақ ала шыққан, төбелес барысында Әлібековтың санына пышақ жарақатын жасады. Екіншіден, оның ұлы Берік Дәлелов жігіттерді «қарызды беремін» деп шақырған. Шақырмаса, бармайды. Одан кейін, туған-туысы, сыныптасы – бөтен адамдар емес. Бұрын бұл жігіттер сотты болмаған. Жағымды мінезделеді. Әрқайсысының кәмелет жасына толмаған балалары бар. Жұмыс істеп жүрген жауапты адамдар.

Сонымен қатар Мәуітбековтен Қабылов 2,8 млн теңге алып алды. Бірінші сотта тек қана «кешірдім» деп айтты да, оны қағаз жүзінде жазып бермеді. «Кешіремін, моральдық-материалдық залал алдым» деген сияқты мәтінді қағазға жазып бермеген. Шөкенов те «түнделетіп барғанымыз дұрыс емес шығар, 1,3 млн қарызды қайтармай-ақ қойшы, бізден де ағаттық кеткен болар, кешірші» десе, ала-тонын ала қашады. Соның бәрін ескере келе айтатыным, жарайды, айыппұл бермей-ақ қойсын, түзету де бермей-ақ қойсын. Бірақ бас бостандығын шектеуге болар еді. Бас бостандығынан айыру - тым қатаң жаза. Қазір Ерік Қабылов 3 жігіттен 4 млн-дай ақша алды (Мәуітбеков пен Әлібеков – екі ағайынды 2,6 млн берді, Шөкеновке 1,3 млн қарыз). Тіпті, кісі өлтіргенде залал ретінде осындай ақша береді. Соған қанағат етіп, кешірім беру керек еді», - дейді адвокат.

Фото: жәбірленуші Алмас Шөкенов пен оның жары Зарина 

Айта кетерлігі, түрмеге жабылған Алмас Шөкенов – Ерік Қабыловтың жиені, ал Бекжан Нәуітбеков – ұлының сыныптасы.

«Менің ойымша, заң бойынша Ерік Қабылов тек моральдық залалды өтеуді сұрайды. Ал, ол бізге орындалуы мүмкін емес шарттар қойды. Төрт адамның қарызын жауып бер деп отыр. Ол шамамен 6-7 млн теңге. Ұлы Берік Дәлеловтің алған қарызын біз қайтарып беру керекпіз бе? Ерік Қабылдовтың екінші шарты - адвокат Клара Нұрқасқызынан бас тартып, облыстық сотқа өзі айтқан адвокатпен бару.

«Менің жоғарыда таныстарым бар, қолыңнан түк те келмейді» деп сөйлеседі. Қарызын қайтара алмай жүрген басқа кісілерге де «сендерді де соттатып жіберемін» деп қорқытады екен. Жолдасым да, Бекжан Мәуітбеков, Дәулет Әлібеков те жазықсыз сотталды», - дейді Зарина.

Заринаның айтуынша, апелляциялық сот алдағы бір айда өтуі тиіс. Кәмелет жасына жетпеген (7 және 2 жаста) балалары бар Зарина істің әділ өтуі үшін БАҚ өкілдерінен көмек сұрайды. Ол балаларының әкесін негізсіз сотталды деп есептейді. Сонымен қатар, ел-жұрттан қарыз алып, жылдар бойы жылатқан азаматтардың ісі белгісіз себептермен ұзаққа созылып кеткеніне наразы.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары