$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.03.2021, 17:18
Қоғам

«Мандариннің еш қатысы жоқ». Елордалық дәрігер балалардың үстіне шыққан бөртпеге қатысты жауап берді

Ата-аналар балалары жаппай мандариннен ауырып жатқанын айтып, дабыл қақты

«Мандариннің еш қатысы жоқ». Елордалық дәрігер балалардың үстіне шыққан бөртпеге қатысты жауап берді
Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Әлеуметтік желіде бүлдіршіндердің денесіне ұсақ бөртпелер мен жара шығып жатқаны жайында аудио-жазбалар тарап жатыр.

Кешеден бері түрлі мессенджерлерде ата-аналар балаларының үстіне түрлі бөртпе шығып, қызуы көтеріліп, ауырып жатқаны жайында ақпарат тарауда. Аудио-хабарламаларда бөртпенің мандарин және банан жегеннен шыққаны туралы айтылып, аталған жеміс жемеуге кеңес бірілген. Сондай-ақ пандемия уақытында «кавасаки» деп аталатын ауру қарқын алып жатқаны да ескертіліп, балаларды көпшілік ортаға шығармау туралы хабарламалар тарады.

Дабыл қаққан ата-аналар бөртпе балалардың ауыз қуысына, жамбасына, қуығының айналасына шығып жатқанын айтады. Тіпті, қызуы көтеріліп, іші өтеді екен. Қауіптің қайдан келгенін білуге ұмтылғандар дәрігерлерден көмек сұрады.

Осыған орай Azattyq Ruhy тілшісі зардап шеккен балалардың анасына хабарласып, ұсақ бөртпенің неден шығып жатқанын, оның алдын алу үшін не істеу керек? Жеміс-жидектерді жеу қаншалықты қауіпті деген сұрақтар төңірегінде дәрігердің пікірін сұраған еді.

Редакцияға хабарласқан Жансая Уталиева есімді ана қызының үстіне бөртпелер шығып, қызуы қатты көтеріліп, бір апта бойы ауырғанын айтты. Жараның неден пайда болғанын білмеген ол басында қатты уайымдаған.

«Қызым 26 ақпанның түнінде ауыра бастады. Бірінші температурасы көтерілді, сосын тәбеті болмады. Ертесіне аузына стоматит шыға бастады. Екі күн бойы қызуы 39 градустан түспеді. Екінші күні аяғына, жамбасына ұсақ бөртпелер шықты. Осылай 1 апта ауырды. Қызым үш жаста. Бұл вирус қайдан жұққанын білмеймін. Ауа арқылы таралады, кез-келген жерден жұғуы мүмкін екенін естідім. Балабақшадағы балалардың жартысынан көбі ауырып жатыр.

Аузындағы стоматитті «В12» және «нистатин» деген дәрілерді араластырып сүрттім, ал температурасын балаларға арналған свечамен түсіріп отырдым», - дейді ана.

Ал, Мақпал есімді ананың баласынан энтеровирустық (ішек) инфекция анықталған. Бөртпе алдымен аяқтарына, кейін алақаны мен саусақтарына дейін шығып, көбейіп кеткен. Оған дәрігерлер «Супрастин» және «Кагоцел» деп аталатын дәрілерді жазып берген. Мақпал қазір баласының жағдайы біршама жақсарып қалғанын айтады.

Динара есімді тағы бір ата-ана белгісіз вирус балалардың мазасын алмайтынын, арнайы белгілері де көрінбейтінін айтты. Баласы тісі ауырғанына шағымданып, оны тіс дәрігеріне апарған. Сонда баланың тісі емес, тамағында ірің мен ұсақ бөртпелер бары анықталған.

Елордалық балалар дәрігері, инфекционист Жадыра Қыдырбаева желіде тараған суреттерге қарап, бөртпелердің энтеровирустық инфекция екенін айтады. Маманның айтуынша, бұндай жаралар күн жылынған уақытта балалар арасында жиі кездеседі және мандаринге түк қатысы жоқ.

«Суреттерге қарап, сізге хабарласөан ата-аналар жылы аймақтан болар деп ойлап отырмын. Себебі, ауыз айналасында, жамбаста шығатын везикулездық бөртпелер - қазіргі ауа райына байланысты энтеровирустық инфекцияның көрінісі. Оның мандаринге еш қатысы жоқ. Бұл ауру күн жылына бастаған уақытта балалар арасында жыл сайын кездеседі. Ол - ішек инфекциясы. Мұндай жағдайда дене қызуы көтеріліп, ауыз, жамбас, алақан, табан мен тізе айналасында суға ұқсас сұйықтығы бар бөртпелер пайда болады. Ал, егер ата-аналар бөртпелер мандарин жегеннен шыққан деп отырса, онда жемісті жеу кезінде гигиеналық талаптарды дұрыс ұстанбағаннан болуы мүмкін. Жемісті жумау немесе лас қолмен жегенде түрлі инфекциялар жұғуы әбден мүмкін. Бұндай аурулар тек биыл емес, жылда болатын құбылыс», - дейді маман.

Ал, мандарин сияқты цитрустық жемістердің әсерінен болатын бөртпелер көбіне аллергиялық белгілерден болады. Аллергия белгілері ешқандай дене қызуынсыз болады. Артық мазаламайды.

«Мандарин және басқа да өнімдерді цитрустық жеміске жатқызамыз. Цитрустық жемістер біздің елде өспегендіктен, оны алғаш жеу кезінде балаларда аллергиялық бөртпелер пайда болуы мүмкін. Бірақ, аллергиялық бөртпелерде ішек инфекциясындағыдай дене қызуының көтерілуі немесе іш өту болмайды. Цитрустық жемістерді тұтынғанда шығатын аллергиялық бөртпелерде тек қышу белгілері байқалады. Ондай жағдайда бөртпелерді жақсылап анықтап, сипаттап, дәрігердің нұсқауымен арнайы дәрілер алып ішкен жөн.

Негізі, нәресте 6 айдан асқан соң, оған қосымша тамақ беру басталады. 6-7 айда тек көкөністер - сәбіз, асқабақ беруге болады. Жемістерді 8-9 айдан бастап ғана береміз. Көбіне алма мен алмұрт берген дұрыс. Өзімізде өсетін жемістерді таңдау керек. Ал, цитрустық жемістер біздің елде өспегендіктен және аллергиялық белгілер тудыратын болғандықтан, оны балаға бір жарым, екі жастан бастап аз мөлшерде берген дұрыс», - дейді Жадыра Қыдырбаева.

Маман пандемия уақтында көп тарап жатқан «каваксаки» синдромы жайында толық ақпарат беріп, аурудың алдын-алу мен күтіну жолдарын айтты.

«Кавасаки» синдромына келсек, ол басқа ауру. Қазір таралып жатқан ауруды «кавасаки» тәрізді деп атаймыз. Бұл коронавирустан кейінгі бір емес, бірнеше ағзаның зақымданып, қабынуы. «Кавасакимен» шатастыратын себебі, сыртқы белгілерінде ұқсастық бар. Ол жерде де бөртпелер шығады, қызу, одан бөлек жүрек-қан тамырлары жүйесі, орталық жүйке жүйесі де, тірек-қимыл жүйелерінде зақымданулар болуы мүмкін. Негізі «кавасаки» синдромы үш жасқа дейінгі балаларда болады. Оған ұқсас мультисистемалық аурулар үш жастан асқан - мектеп жасындағы ересек балаларда кездеседі. Одан бөлек, аталған ауру коронавирус инфекциясы анықталған балалар арасында болады. Алдын алу үшін барлық қорғану шараларын сақтау керек. Маска режимін сақтау, адам көп жиналатын жерлерге бармау және әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау керек. Даладан келген бетте бірден қол жуыңыз. Сырттан әкелген барлық өнімдерді тазалаңыз. Егер баланың дене қызуы түспей жатса, немесе түсініксіз бөртпелер шығып, бала тамақтан бас тартып жатып қалса, шұғыл түрде дәрігер көмегіне жүгініңіз», - деп кеңес берді маман.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары