Мәжіліс депутаты Бас санитардың мектеп оқушыларына қатысты қаулысын сынға алды

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерге түсетін ауыртпалық артса, олардың ақысы қалай төленетінін сұрады

Мәжіліс депутаты Бас санитардың мектеп оқушыларына қатысты қаулысын сынға алды
көрнекі фото

Бас санитар дәрігердің сыныптардағы балалар санын 25 оқушыдан асырмай аралас форматта оқыту жөніндегі қаулысын орындау мүлдем мүмкін емес. Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова карантин режиміндегі білім беру саласына қатысты санитарлық талаптарды сынға алды.

«2021 жылдың 25 наурызында жарияланған ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, IV тоқсанда КВИ қаупі төмен және орташа аймақтардағы (жасыл және сары аймақтар) бала саны 300-ден үш мыңға дейінгі оқушыны қамтитын қала және ауыл мектептері аралас форматта оқытуды жоспарлауда. Елорда маңындағы бір ғана Ильинка ауылында 1200 оқушыға арналған орта мектепте бүгінде 3 мыңнан астам бала оқиды. Осы ретте, Бас санитар дәрігердің сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай, аралас форматта оқыту және «1 сынып - 1 кабинет» қағидатын сақтау қаулысын орындау мүлдем мүмкін емес екендігін атап өтеміз», - деді Мәжіліс депутаты.

Сүлейменованың айтуынша, бұл шара өз кезегінде мұндай сыныптарды екіге бөлуге және мұғалім жүктемесін екі есе арттыруға алып келеді.

«Мектептерге бұл орайда қосымша қаражат бөліне ме? Егер бөлінбесе, мұғалімнің еңбегі, ақысы қайдан төленбек? Егер сыныпқа оқушы санын 25-тен көбейтуге шешім қабылданса, онда мектеп директорлары өз қалтасынан айыппұл төлеуге мәжбүр. Пандемия кезінде мектеп директорларына айыппұл төлету қаншалықты қисынды?», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

«Nur Otan» фракциясының мүшесі вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында бірқатар ұсынысын айтты.

«Бас санитар дәрігер Қаулысының талаптарын, атап айтқанда сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмау, мұғалімдерге жалақы төлеу тетіктері толыққанды түсіндірілуі қажет; оқушылардың білім сапасын анықтау үшін, жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық пәндерден Ыбырай Алтынсарин атындағы Білім академиясы, Ұлттық тестілеу орталығының мамандарымен бірлесіп, оқушылардың пәндік олқылықтарын, яғни түсінбей қалған күрделі тақырыптарды қайталап, орнын толтырудың жеке маршрутын әзірлеуі қажет; Білім және ғылым министрлігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, дәстүрлі және аралас оқыту форматын ұйымдастыру ерекшеліктері, сонымен бірге оқу процесінің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері туралы ата-аналар үшін толыққанды әрі кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет; Жергілікті атқарушы билік органдары Бас санитар дәрігерлермен бірлесіп, оффлайн негізде сыныпқа келетін 25 оқушының нақты критериін анықтап, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәстүрлі форматта білім беруге көшуге икемді шешім қабылдауын ұсынамыз», - деді депутат.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.