$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.03.2021, 17:32
Қоғам

Жоғары сыныптарға арналған әдебиет оқулығын қайта жаздыру қажет - ғалым Айгүл Ісмақова

Ғалымның айтуынша, жаңартылған білім бағдарламасы негізінде қолданысқа енген оқулықта «Алаш әдебиеті» қамтылмаған 

Жоғары сыныптарға арналған әдебиет оқулығын қайта жаздыру қажет - ғалым Айгүл Ісмақова
Фотоколлаж

Өкінішке орай, ұлт жанашыры, қазақ алфавитін жасап, тілдің дамуы үшін күрескен Ахмет Байтұрсынұлы  мектептердің 10, 11 сыныптары мен колледждерде оқытылмайды. Жаңартылған білім бағдарламасы негізінде қолданысқа енген оқулықта «Алаш әдебиеті» қамтылмаған. Бұл оқулықта Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, тіпті кеше ғана «Мен қазақпын»-деп қазақ екенін мақтаныш еткен Жұбан ақын да жоқ. Бұл оқулықты жазуға қандай ғалымдар қатыстырлған, дейді филология ғылымдарының докторы, алаш әдібиеттанушысы Айгүл Ісмақова. 

Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында ғалым осы мәселені айтып, 150-ден астам мектеп мұғалімдері ашық хат жазғанын айтты. Айгүл Ісмақова бұл мәселеге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов көңіл аударса дейді.  

«Маған ФБ парақшамда қазақ тілі пәні мұғалімдері жазып жатыр. Олар өздерінің аты-жөндерін айтпауды сұрады. Бірақ 10-11 сыныптарға арналған қазақ әдебиеті пәні оқулықтары қазіргі жазушылармен көркемделген. Бұрын 10-11 сыныпта Алаш әдебиеті болатын. Енді сол тікелей оқушылармен және оқулықпен жұмыс істейтін мұғалімдер мектепті бітіріп шығатын бала Алаш туралы оқып, рухтанып шығатын еді. Отансүйгіштік сезім болатын.  Енді жаңа оқулық мектептердің 10-11 сыныптарынан тыс колледж тәлімгерлеріне де беріліпті. Ол Мұқағали Мақатаевтан басталып, бүгінгі біздің заманымыздың жазушыларымен аяқталады. Арғы жағы жоқ. Жасыратыны жоқ, қазіргі қаламгерлер отансүйгіштік тақырыптарға жазуда  жоқтың қасы.  Енді сол мұғалімдер маған хабарласып, осы бойынша мәселе көтеруімді сұрап отыр. Журналистерден министр құлағына осыны жеткізуді сұраймыз. Бұл қазақ әдебиетін оқытатын мұғалімдердің жанайқайы. Қазақстанның әр жерінен 150 мұғалім осындай өтінішпен маған хат жолдап отыр», - дейді белгілі ғалым.

 Әдебиеттанушының айтуынша, бюджеттің ақшасына шығып, тарап кеткен оқулыққа қомақты қаржы жұмсалған. Құр босқа отырмайын деп, сол оқулықтардың авторларына хабарластым. Олар айтады: "біз оқулықты бекітілген арнайы бағдарламамен жазамыз. Ал бағдарламаны министрлік тапсырмасымен құрылған бір топ бекітеді". 

Айгүл Ісмақованың айтуынша, сол топтың ішінде бір белгілі әдебиеттанушы, ғалым жоқ. Сол топтың бағдарламасымен оқулықты жазушыларға береді. Олар соның аясында жазып  шығады. Бұларға 2 ай ғана уақыт береді. Олар жанталасып жазып шығады. 

«Осындай қазақ әдебиеті оқулықтарына ғалымдар қатыстырылмай келеді. Маған хабарласқан мұғалімдер алаш әдебиеттану кітабымның электрондық версиясын сұрап жатыр.  Олар "жарайды жаңа әдебиет оқулығынан Мұқағалиды берейік, қалғанын сол сіздің кітабыңыздан берейік" дейді. Бірақ олай болмайды. Менің оқулығым білім министрлігімен бекітілмеген, ол жарамайды. Бірақ мен бүкіл Алаш әдебиет қайраткерлерін талдап, мәтінін оқуғы ыңғайлы етіп қойған адаммын. Мұғалімдер оны жақсы біледі.

Мына заманда бәрі ақша қуып кетті. бірақ баланы мектептен оқытып шығарғанда, Алаш қайраткерлерін әдебиеттен оқытпасақ, Әлихан, Ахмет, Мағжанның кім екенін білмесе, олар кейін өздігінен оқи қоюы екіталай. Жоғары сыныптың мұғалімдері, колледж мұғалімдері осыған байланып отыр. Мен Сенатта отырған бір кісілермен ақылдастым,  бірақ ол қаржы бөлініп, кітаптар басылып қойғаны белгілі болды», - дейді ғалым.

Сол жаңағы айтқан топ мұғалімдермен және ғалымдармен неге ақылдаспай жазады?!  Мектеп мұғалімдерімен санасу керек. Тірі жүрген қаламгерлердің шығармасын Алаш әдебиеті туындыларымен қатар тұрмайтынын айтуымыз керек.  Бірақ оны түзетуге болады. Ол министрдің қолынан келетін іс. Бірақ мұны 3 жылдан соң ғана өзгертуге болады екен, дейді Ісмақова. 

Жалпы білім беретін  мектептің қоғамдық- гуманитарлық бағыттағы 11-сыныбына арналған оқулық авторларының бірі Арай Жүндібаева Алаш авторлары оқулықта бар  немесе жоқ деп айту этика жағынан да, теориялық жағынан да дұрыс емес дейді. Мен оны кез келген адамға ғылыми дәлелдермен келтіріп айтып беремін. Бұл жерде жалпы білім беретін мектеп болған соң, Алаш қайраткерлері деген жеке цикл жүрмейді. Бірақ жалпы мектеп бағдарламасында Ахмет Байтұрсынұлы болсын немесе Шәкәрім Құдайберді болсын, олар туралы шығармалары қамтылған, дейді оқулық авторы. 

«Нақты 10-11 сыныпқа келсек, 10-шы сынып қоғамдық –гуманитарлық бағытта Абай жолы романына арналған. Ал 11-ші сыныптарда да белгілі бір тақырыптарға арналған. Ал Алаш қайраткерлері деген арнайы цикл бағдарламада көрсетілмеген. Бұл жерде оқулықтан емес, қателік бағдарламадан кетіп отыр. «Қателік» деп айтуға да келмейтін шығар, бағдарламада ескерілмеген. Сол бағдарламаға қарап отырып, оқулық құрастырылады.  Оны жазушылар аталған бағдарламадан бір қадам алдыға, бір қадам артқа кете алмайды. Ал Алаш қайраткерлері деген цикл қамтылмайды. Себебі 20- шы ғасырдың басындағы әдебиетте діни ағарту кезеңі бар, Кеңестік кезең бар, барлығы, гуманитарлық бағытта, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын балаларға арналмағандықтан, қамтылмаған. Ал Алаш арыстарының шығармалары берілсін деген ол жерде нақты қағида жоқ, жалпылама қамтылған», - дейді маман.

Қазір жаңа бағдарламаның жұмыс тобы жасақталып жатқанын білемін. Ол  осы айтылған оқулықтардың бағдарламасының басы-қасында мен болған емеспін. Сол себепті былай қарастырған дұрыс:біздің әдебиеттегі әртүрлі кезеңдер десек, ол фальклордан басталады. Ежелгі дәуір әдебиеті кезеңі, хандық дәуір әдебиеті кезеңі,  жыраулар поэзиясы, 19-шы ғасыр, 20-шы ғасыр бар. Барлығы цикл-циклмен кетуі керек. Біз осыдан 10 жыл бұрын оқылған әдебиеттің ізіне салып, осы бағдарламаны қайтадан түзіп алып шықсақ, оқушылардың халықаралық рейтингісі бар. Сонда біздің оқушылар көрсеткіштерге қол жеткізе алмай қалады, деп есептейді Арай Жүндібаева. 

«Аға буынның айтып отырғаны да рас, жаңа буын оқулықтары осыдан 4-5 жыл бұрынғы авторық топтың жұмысы. Онда біздің төл әдебиеттегі ерекшеліктер ескерілмеген. Екінші жағдайда қарастырлатын дүние - шығармалардың мазмұны ескерілмеген. Үшінші жағдайда 5 сыныпқа әдеби теориялық ұғымдар өте күрделі берілген. Одан тыс аударма жағынан да кейбір қайта қарастырлатын тұстары бар екені мойындаймын», - дейді  әдебиет пәні оқулығының авторы.

Арай Жүндібаеваның айтуынша, 10-11 сыныптардағы оқулықтарда да теориялық ұғымдар қазіргі балалардың жас ерекшеліктеріне де күрделілеу. Себебі біздің университетте білім алып жатқан, соларға сабақ беретін бакалавр бағдарламасы әлі күнге дейін тиісті талаптарға сәйкес келетін мазмұндарды қамти алмайды. Сол себептен оқу бағдарламасы күрделі әрі түсініксіз болып саналады. Айгүл Ісмақованың айтып отырған сөзінің жаны бар. Алаш циклі қамтылуы керек, сол сияқты ежелгі дәуір әдебиеті  шығармалар да қамтылуы керек. Қайта қаралатын жерлері бар, оны жоққа шығармаймыз. Оқулықтың мәселесінде ішінара араласып жүрген адам ретінде жалпы маман ретінде айтатын пікірім осы, деді жас ғалым. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары