$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.03.2021, 13:20
Қоғам

2023 жылы Қазақстандағы мектептердің барлығы қазақ тіліне көше ме?

Білім және ғылым министрлігі ресейлік БАҚ-та жарияланған мақалаға жауап берді

2023 жылы Қазақстандағы мектептердің барлығы қазақ тіліне көше ме?
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

26 наурызда ресейлік Лента.ру сайтында «Ненависть к языку ведет к мракобесию» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда 2023 жылдан бастап Қазақстанда орыс тіліне толық тыйым салынатыны және еліміздегі мектептердің барлығы тек қазақ тіліне көшетіні туралы жазылған.

ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады. БҒМ ұсынған деректерге сәйкес, қазіргі кезде елімізде 6957 мемлекеттік мектептің 3733-і (53,6%) тек қазақ тілінде, 1160 (16,6%) мектеп орыс тілінде, 2047 (29,4%) мектеп қазақ және орыс тілдерінде білім береді.

«Еліміздегі барлық мектептерді қазақ тіліне толық көшіру жоспарда жоқ. Орыс тілі оқу пәні ретінде барлық мектептерде, оның ішінде білім беру процесі мемлекеттік тілде өтетін мектептерде 1-ден 11-сыныпқа дейін оқытылады», - делінген ведомство жауабында.

Сондай-ақ, мақалада түлектердің тек 51%-ы ғана ұлттық бірыңғай тестілеуді қазақ тілінде тапсыруды жөн көретіндігі айтылған. Алайда, бұл мәлімдеме ресми деректерге қайшы келеді. 2020 жылы ҰБТ–ны қазақ тілінде мектеп түлектерінің 75,1%-ы, орыс тілінде 24,8%, ағылшын тілінде 0,1% тапсырды.

«Қазақстанда басқа да этностардың тілдерін дамыту белсенді қолдау табуда. Бұған мысал ретінде ұйғыр, өзбек және тәжік ұлттық тілдеріндегі мемлекеттік мектептерді атап өтуге болады. Қорыта айтқанда, Қазақстанда орыс тіліне толық тыйым салу туралы қауесет негізсіз, ал мақалада ұсынылған фактілер бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейді», - делінген БҒМ жауабында.

Серіктес жаңалықтары