$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.03.2021, 12:50
Қоғам

Біржынысты неке тәрізді құбыжық құбылыстардан сақтайтын заң нормаларын енгізу керек - Бекболат Тілеухан

Депутат 8 наурызда өткен феминистердің митингін сынға алды

Біржынысты неке тәрізді құбыжық құбылыстардан сақтайтын заң нормаларын енгізу керек - Бекболат Тілеухан
Алматыда әйел құқығын қорғау үшін өткен митинг, фото: informburo

8 наурызда Алматыда феминистердің ұйымдастыруымен өткен митинг тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шеру секілді көрінгенмен, шерудің мақсаты мүлде басқа арнаға бұрылып кетті. Мұндай пікірді Мәжілістің кезекті отырысында депутат Бекболат Тілеухан айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мәжіліс депутаты көшеге шыққан қыз-келіншектердің кей ұранын сынға алып, ұлттық дүниетанымымызға қарсы келетіндігін алға тартты.

«Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде жарыққа шыққан бейнелерді қарап отырмыз. Шеруге шыққандардың Алматы қаласы әкімдігіне берген өтінімде көрсетілген сұрақтардан басқа дүниетанымымызға, болмысымызға жат дүниелерді көтергені, тіпті, Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйымдардың (Көше партиясы) лозунгтарын көтергендердің болғанын байқап отырмыз. Белсенділердің сөйлеген сөздері бүкіл әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Ол видеоларды біздің балаларымыз да көреді. Бұл баршамыздың рухани құндылықтарымызға жасалған шабуыл деп түсінеміз», - деді халық қалаулысы.

Осылайша феминистердің әрекетіне теріс баға берген Бекболат Тілеухан Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

«Алматыдағы шерудің заң талаптарына сай болған-болмағанын, экстремистік топтардың еркін алаңға шығуына қала әкімдігі жол берген-бермегеніне сараптама жасауды; балаларды зиянды ақпараттан қорғау бағытында жыныстық азшылық топтың азғындығы, біржынысты неке тәрізді құбыжық құбылыстардан сақтайтын заң нормаларын Парламентке енгізуді қарастыруды және жауабын ҚР заңдарында көрсетілген тәртіппен жазбаша беруіңізді сұраймын», - деді Тілеухан.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары