$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.03.2021, 12:04
Қоғам

Ауыз бекіткен адам коронавирусқа қарсы вакцина салдыра ала ма?

Биыл Рамазан айы 14 сәуірде басталады

Ауыз бекіткен адам коронавирусқа қарсы вакцина салдыра ала ма?
Фотоколлаж

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі 2021 жылғы ораза кестесін бекітті. Хижри айлардың басталуы Халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалды. Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді.

Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталады. Қасиетті Қадір түні мамырдың 8-нен 9-ына қараған түніне сәйкес келеді. Ал Ораза айт мерекесі 13 мамырға белгіленген. Құрбан айт 20-22 шілде аралығында тойланады. Azattyq Rýhy тілшісі пандемия кезінде ауыз бекіту жағдайы қалай болатынын, ораза тұтқан жандар коронавирус вакцинасын салдыра ала ма деген сияқты бірқатар сұраққа жауап іздеп, мамандардың пікірін білді.

РАМАЗАН АЙЫНДА ЕКПЕ САЛДЫРУҒА БОЛА МА?

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният редакцияның Рамазан айындағы вакцинация туралы жолдаған сұрағына жауап берді.

«Қазір мамандардың жауабына қарасақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлұлының ресми жауабы бар. Ол кісінің айтуынша, ораза кезінде аузын бекіткен адамдардың КВИ-ге қарсы үзіліссіз, яғни, оразасын бұзбай, егілу мүмкіндігі бар. КВИ-ге қарсы вакцина ораза ұстау шарттарын бұзбайды», - деді Ажар Ғиният.

Осы ретте, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарға вакцинация туралы үндеу жолдады. Ол екпеге кері әсері жоқ қазақстандықтарды вакцинациядан бас тартпауға шақырды. Ведомство басшысы вакцинация вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы екенін атап өтті.

«Ұйымдастырылған ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде вакцинация жүргізу үшін жылжымалы егу пунктері немесе көшпелі егу бригадалары ұйымдастырылады. Вакцинация – вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы. Екпеге қарсы көрсетілімі жоқ әрбір қазақстандықты бас тартпауға және екпе алуға шақырамын. Тек осы жолмен ғана біз қалыпты өмірге орала аламыз», - деді министр.

Айта кетейік, Алексей Цой коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны (QazCovid-in) салдыратынын мәлімдеді. Ол наурыздан бастап халықты тестілеу көлемі тәулігіне 49 мыңға дейін, ал ақпан айында тәулігіне 38 мыңға дейін зерттеу жүргізілетіні жөнінде айтты. Тестілеудің тәуліктік қуаты – 113 мың зерттеу.

ВАКЦИНАЦИЯ ЖӨНІНДЕ ДІН КОМИТЕТІ МЕН МҮФТИЯТТЫҢ ПІКІРІ

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов қасиетті айда вакцина салдыру мүмкіндігі жөнінде Azattyq Rýhy тілшісіне пікірін айтты.

«16 наурызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілі арнайы мәлімдеме жасады. Вакцинация оразаны бұзбайды. Діни тұрғыда, адамның денсаулығына зиян келмес үшін екпе қабылдауға рұқсат етілген. Өзімнің жеке пікірім бойынша, вакцинация – әзірге коронавирустан сақтанудың жалғыз жолы. Бұл туралы Мемлекет басшысы да, Денсаулық сақтау министрі де талай рет айтты. Сол себепті екпеге қатысты теріс пікір қалыптастырудың қажеті жоқ», - деді Ержан Болатқанұлы.

Рамазан айында ауыз бекітуді ниет еткен тұрғындардың «Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау кезінде вакцинация алуға бола ма? Инъекция ораза ұстау ережелерін бұзбайды ма?» деген сұрағына Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлұлы жауап берді.

«Шариғат бойынша ағзаға сұйықтық табиғи жолдар – ауыз, мұрын, ішек арқылы енетін болса, ораза бұзылады. Денеге енген нәрсе, бұл жағдайда коронавирусқа қарсы инъекция оразаны бұзбайды», - дейді Хасан Аманқұлұлы.

Сонымен қатар дін саласының маманы көптеген Ислам ғалымдары инъекцияны энергия ретінде қарастыратынынын атап өтті.

«Егер инъекция тері астына бұлшықет ішіне енгізілсе, онда ораза бұзылмайды. Ал, тамырға инъекция енгізу мәселесінде ғалымдардың көзқарасы әртүрлі. Ауруларды емдеу және алдын-алу үшін пенициллин, инсулин, вакцина салу, ауырсынуды және дене қызуын басатын препараттар мен дәрумендерді қолдану оразаны бұзбайды», - деді Хасан Аманқұл.

2021 жылдың діни күндер кестесі – Мүфтият

Еске салайық, былтыр карантин кезінде Рамазан айында болатын бірқатар дәстүрлі рәсімдерге шектеу қойылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы карантинге байланысты көп адамның басын қосып, ауызашар беруді тоқтату керек деді.

Ал биылғы Рамазан айында қандай өзгерістер болатыны жайлы бірер күнде ҚМДБ өкілдері ресми мәлімдеме жасайды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары