Шығыс Қазақстанда 38 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған есепші ұсталды
Аса ірі мөлшерде ақша жымқырды деген күдікті халықаралық іздеуде жүрген
Шығыс Қазақстанда іздеуде жүрген медициналық мекеменің бас есепшісі ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жедел іздестіру іс-шараларының кешені нәтижесінде сотқа дейінгі тергеу бойынша аса ірі мөлшерде ақша жымқырды деген күдікпен халықаралық іздестіруде жүрген «Меновное ауылының дәрігерлік амбулаториясы» ШЖҚ КМК-ның бас есепшісі ұсталып, Өскемен қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.
Ол 38 млн теңге мөлшеріндегі бюджет қаражатын өзінің карточкалық шотына заңсыз аудару арқылы ұрлады деген күдікке ілінді.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тергеу жүргізілуде, басқа ақпарат тергеу мүдделеріне байланысты жария етілмейді.
Күдікті кінәсінің деңгейін анықтай отырып, оған қатысты соңғы шешімді сот шығарады.