«Проблемалық несиелер қоры» АҚ департамент директоры ұсталды
Күдікті ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды
ҚР Қаржы министрлігінің «Проблемалық несиелер қоры» АҚ-ның қарыздарды өндіріп алу департаментінің директорының міндетін атқарушысы аса ірі мөлшерде ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген ҚР Қаржы министрлігінің «Проблемалық несиелер қоры» АҚ-ның қарыздарды өндіріп алу департаментінің директорының міндетін атқарушысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Ол бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, Ақтөбе облысында орналасқан кепілдік элеваторды төлеп алу кезінде ЖШС басшысы мен құрылтайшысының сенімін теріс пайдалану мен алдау арқылы аса ірі – 20 млн теңге мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлады деген күдікке ілінді», - делінген хабарламада.
Күдікті ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде.
Күдіктінің кінәсінің деңгейін анықтау туралы шешімді сот қабылдайтын болады.