ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2549 адамнан коронавирус анықталды

Ақтөбе облысында үйінде жұма намазын өткізген тұрғынға 600 мың теңгеге жуық айыппұл салынуы мүмкін

Үй иесіне алғашқыда 180 570 теңге айыппұл салынған

көрнекі сурет

Былтыр желтоқсан айында Ақтөбе облысы Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабының 1-бөлігі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы ҚР заңнамасын бұзу» бойынша 57 жастағы ер адам өз үйінің жертөлесінде 35-40 адам қатысуымен жұма намазын (жамағатпен - ред.) өткізгенін анықтады.

Діни қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін үй иесіне 62 АЕК (180 570 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Алайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына және профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, ер адам жұма-намаз өткізуді жалғастырған.

Ақпан айындағы тексеру кезінде полиция қызметкерлері ер адамның кезекті рет өз үйінің жертөлесінде 35-тен астам адамның қатысуымен өткен Жұма намазын өткізгенін анықтады. Үй иесіне ӘҚБтК-нің 490-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 583 400 теңге айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар, облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысын бұзғаны үшін заңды шешім қабылдау мақсатында іс тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді.

Ақтөбе облысы Полиция департаменті сақ болуды, дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылардың жетегінде кетпеуді және заңсыз діни бірлестіктер жиналыстарына қатыспауды сұрайды, өйткені бұл өте қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.