ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2549 адамнан коронавирус анықталды

«Ажырасқалы іздеген жоқ»: 4 баланың анасы алимент төлемей жүрген бұрынғы күйеуіне шара қолдануды сұрайды

Көпбалалы ана Түркістан облысының сот орындаушыларынан көмек сұрайды

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Төр баланың анасы Батпа Бердалиева бұрынғы күйеуінің алимент бойынша қарызы 742 266 теңгені (2020 жылдың мамыр-желтоқсан аралығы) құрайтынын айтып, Azattyq Rýhy тілшісіне жанайқайын жеткізді.

Айтуынша, бұрынғы күйеуі жұмыссыз екенін айтып, жаңадан отбасын құрғанын сылтауратып, 4 баласын ұмытқан. Тіпті, өзі Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатса да, тұрғылықты жері бойынша Түркістан облысында тіркелген.

«Балалардың екеуіне ауыр диагноз қойылғандықтан, ай сайын алатын айлығым ештеңеге жетпейді. Ал, Түркістан облысының сот орындаушыларына бірде-бір рет хабарласа алмадым.

Біз 2020 жылдың мамыр айында заңды түрде ажырастық. Содан бері ол (бұрынғы күйеуі – авт.) балаларын бір рет те іздеп келген жоқ, тіпті хабарласпады. Бес уақыт намазы түгел үлкен ұлым әкесіне өкпелі екенін айтты. Екінші ұлыма дәрігерлер ЗПР (ақыл-ойының бұзылуы) диагнозын қойды. Ал кенжем – 6 жасар қызым «эпилепсиямен» туылған. Олардың дәрі-дәрмегі бар, пәтерақы, азық-түлік, несие бар – 120 мың теңге айлығым түкке жетпей қалады», - дейді Батпа Бердалиева.

Айтуынша, Батпа ханым мен оның бұрынғы күйеуі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Ұшқын ауылының тумалары. 2004 жылы тұңғышы дүниеге келген соң, елордаға көшіп келген. Алайда, үшінші бала дүниеге келген соң, Батпа ханым күйеуінің бөтен әйелмен көңіл көтеріп жүргенін білген.

«Ол әйелмен 5-6 жыл кездесіп жүріпті. Жұмысындағы әріптесі екен. Оның да күйеуі болған, бірақ соған қарамастан менің күйеуіммен ойнас құрған. Осындай жайттарды білгенде психологиялық ауыр стресс алдым. Төртінші балама аяғым ауыр еді, ол тұқымымызда болмаған «эпилепсия» диагнозымен туылды. Жолдасыммен қарым-қатынасымды реттеймін деп жүргенімде, дәрігерлер екінші ұлыма ЗПР диагнозын қойды. Ал күйеуім әріптесімен арасын үзіп, тағы басқа әйелмен ойнас жасап жүр екен. Ақыры мені тастап кетті. Сондағы айтқаны: «макарон қуыра бересің». Басқа ешқандай себеп айтпады. Тапқан ақшаны балалардың қажетіне әрең жеткізіп отырғанда, макароннан басқа нені пісіріп беремін, айтыңызшы?» - дейді ашынған әйел.

Қазір Батпа Бердалиева Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Бұлақсай ауылдың округі, Қостомар ауылында тұрады. Осы ауылдағы мектепте жұмыс істеп жүр. 120 мың айлығының 50 мың теңгесін көлік үшін рәсімделген несиеге төлейді, қалған 70 мың теңгені төрт баласымен талғажау етіп отыр.

«Тұрғылықты жерін, тіркеуін елордадан Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Ұшқын ауылына ауыстырып қойған. Мен оны білмей, осы Нұр-Сұлтандағы сот орындаушыларына хабарластым. Сол кезде белгілі болды. Ол еш жерде жұмыс істемейтінін, жағдайының жоқтығын айтып, әйелінің аяғы ауыр екенін жеткізген. Мемлекет белгілеп берген аз қаражатты да төлемейді.

Ерлі-зайыпты кезімізде менің атымнан жолдасыма несиеге көлік рәсімдегенбіз. Заңды түрде ажырасқан соң, ол көлікті басқа біреудің атына ауыстырды. Сол көлікті әлі күнге дейін өзі айдап жүр, мен әлі 1,5 жыл ол несиесін төлеуім қажет», - деді Батпа ханым.

Батпа ханымның 6-сыныпта оқитын ұлына диагноз қойылғанда, мектептегі ұжымы ақша жинап берген. Сол қаражатқа баласын емдете бастаған. Алайда, дәрі-дәрмек құны қымбаттаған соң, ем-дом да тоқтап қалған.

«Ұлым өз бетімен киініп-шешіне алмайды, бір орында айнала береді. Тіл байлығы нашар, ойын жеткізе алмайды. Көзі нашар көреді. ПМПК (Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия) 6-сынып емес, 2-сыныптың бағдарламасын оқуы тиіс деп анықтама берді.

Ал қызым ашуланса, тез талып қалатын, қазір жағдайы аз да болса түзеліп қалды. Үнемі дәрі ішеді. Екінші ұлым мен қызыма ЭЭГ түсіру керек. Оған менде қаражат жоқ.

Пәтер жалдап тұрамын. Балаларымның бәрі мектеп жасында. Бар талабым – балаларға тиесілі қаражатты Түркістан облысының сот орындаушылары заң жүзінде талап етіп, орындалуын қадағаласа болғаны», - дейді төрт баланың анасы.

Батпа ханымның айтуынша, 17 жыл некеде болған бұрынғы күйеуі қазір елордада тұрады. Құжат жүзінде жұмыссыз болғанымен, «Шанхай» базарында ет сатады. Одан бөлек, «Яндекс такси» қызметінде жұмыс істейді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан