«Әйелдердің заң сауатын арттыруымыз қажет»: Ана мен бала құқығы жайлы сарапшылардың пікірі
Қоғам белсендісі Дина Смаилова елімізде 1 млн баланың кедейшілікте өмір сүріп жатқанын айтты
Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің тіркелуі елдің экономикалық жағдайымен байланысты. Еліміздегі 5 миллионнан аса баланың 1 млн-ы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Мұндай деректерді «Не молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смаилова айтты.
Елімізде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері БАҚ беттерінде жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Осыған орай Azattyq Rýhy тілшісі белгілі заңгер Абзал Құспан мен «Не молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смаилованың пікірін білді.
Отбасындағы жанжалдың арты төбелеске ұласып, артынша күйеуінен жапа шеккен немесе педофилдің құрбаны болғандардың басым бөлігі бүгінде қоғамдық қор өкілдерінен жиі көмек сұрайды. Дина Смаилованың айтуынша, әлеуметтік жағдайдың төмендігі кейбір азаматтарды осындай жауыздыққа итермелейді.
«Зорлық-зомбылық фактілерінің тіркелуі елдің экономикалық жағдайымен байланысты деп ойлаймын. Өйткені, қазір жалақысы жоғары жұмыс табу оңай емес. Сондықтан, қарапайым халық үкімет беретін әлеуметтік көмекпен өмір сүруге мәжбүр. Осындайда әйелдер тығырықтан шығу үшін көпбалалы ана болуды көздейді. «7-8 бала тусам, үйлі боламын» деген түсінікпен өмір сүреді. Ал балаларын аяққа тұрғызу үшін амалдың жоқтығынан бірнеше жұмысқа орналасуға мәжбүр. Бүгінгі қоғам екіге бөлінген: кедейлер және байлар. 30 жыл бұрын мұндай құбылыс болған жоқ. Қазір таршылықта күнін көріп жүргендер саны көп. Еліміздегі 5 млн-нан аса баланың 1 млн-ы кедейшілікте өмір сүреді. Екі жарым млн бала отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты көріп өсуде», - дейді Дина Смаилова.
Қоғамдық қордың жетекшісі қылмыстың құрбаны болғандарға мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілмейтіндігін айтады. Өйткені заңда ондай тетіктер қарастырылмаған.
«Мәселен педофолизмге қатысты оқиғаны алайық. Жеті баласы бар көпбалалы ананың бір қызы жолдасынан сексуалдық қысым көреді. Яғни, қыз баланы өзінің туған әкесі зорлаған. Мұндай жағдайда педофил қамауға алынады, ал зорлық көрген бала анасымен сол күйінде тіршілігін жалғастырады. Оларға мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілмейді. Ешкім алимент те төлемейді. Ал темір торға тоғытылған қылмыскердің колонияда құқығы қорғалған. Яғни, педофилдің жұмыс істеуден бас тартуына құқығы бар. Оған ол жақта ақша керек те емес. Ол сот тағайындаған 5 млн теңге сомасындағы моральдық өтемақыны да төлемейді. Көпбалалы ананың мемлекеттік бағдарламалар арқылы көмек алуы үшін барлық балалары бір үйде тіркелген болуы тиіс. Онсыз да пәтерден пәтерге көшіп жүрген келіншектің ондай мүмкіндігі жоқ. Яғни, түрмедегі қылмыскердің «қарны тоқ, көйлегі көк». Ал балалары еркіндікте таршылық күйін кешіп жүр. Осындай жағдайда мемлекет балаларға алимент төлесе дұрыс болар еді. Өйткені, өркениетті елдерде мұндай тәжірибе бар. Сонымен қатар психологиялық көмек бойынша арнайы бағдарлама жоқ. Бұл да үлкен проблема. Өйткені бұл зардап шегуші үлкен соққы алды», - дейді қоғамдық қордың жетекшісі.
Белгілі адвокат Абзал Құспан мұндай олқылықтан құтылу үшін заңды ең алдымен ділге, анаға және балаға ыңғайлы ету керектігін айтады.
«Батыс Еуропада жағдай түсінікті, ол жақта әйел мен еркектің құқығы теңестірілген. Мен БАӘ-нің жергілікті заңнамасымен танысқан кезімде, бір таңғалғаным, әйел мен баланың құқығы жан-жақты қорғалған. Оларда ұлттық менталитет пен заң бір-біріне сәйкестендірілген. Бізде барлық мәселеге тек Еуропаның көзқарасы тұрғысынан қарау басымдыққа ие. Бір қызығы, БАӘ-де әйел мен баланың материалдық құқықтары өте жақсы қорғалған. Мәселен ерлі-зайыптылар ажырасатын болса (кімнің бастамасымен екені маңызды емес), онда әйел адамды мемлекет толығымен өзінің қорғауына алады. Яғни, оған жейтін тағамынан бастап, пәтерақысына дейінгі шығынды мемлекет өтейді. Қарапайым тілмен айтсақ, билік «қайырымды әке» рөлін атқарады», - дейді адвокат.
«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ҚҰБАНДАРЫ ПОЛИЦИЯДАН СЕСКЕНЕДІ»
Дина Смаилованың сөзіне сенсек, зорлық-зомбылықтың құбаны болғандар полицияға хабар берместен бұрын қоғамдық қор өкілдерінен көмек сұрайды екен. Жәбірленушілер қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәртіп сақшыларынан сескенетін көрінеді.
«Кейбір істерде көмекті тек сол құқық қорғау органдары ғана көрсете алады. Алайда, халық оларға тиісті деңгейде сенбегендіктен, бізге хабарласады. Бұл біздің емес, полицияның қателігі. Біз кейде ақпаратты 102-ден бұрын біліп жатамыз. Демек, мұндай ұйымдардың жұмысы қоғамға керек. Құқық қорғау органдары бізбен серіктес ретінде жұмыс істегені жөн деп ойлаймын. Кейбір селекторлық жиындарда полицейлер менің жазған постарымды дәйексөз ретінде келтіреді», - деді Дина Смаилова.
Сондай-ақ, қоғам белсендісі «құқық қорғау қызметкерлері тергеу барысында адами құндылықтарды ескермей, жәбірленушінің ар-намысына тиетін қателіктерге жол береді» деген ойда.
«Құқық қорғау органдарының баспасөз релиздерінде қылмыстық оқиғаларға қатысты мәліметтерде «бірлесіп алкогольдік ішімдік ішкен» деген фактілер келітіріледі. Яғни, оқиғаның мән-жайы дұрыс жазылмайды, бұл зорлық көрген тұлғаны қорлау болып саналады. Күні кеше ғана азапты өліммен көз жұмған Аяжан Еділоваға қатысты материалда біз оқиға құрбаны туралы барлығын білдік, ал күдіктіге қатысты ақпарат тым аз, тіпті суреті де жарияланған жоқ. Бұл әділетсіздік. Тиісінше БАҚ өкілдері тек қайтыс болған қызды ғана талқыға салады, ал қылмыскерге қатысты дерек болмағандықтан, оны ешкім сөз етпейді», - деді Қоғамдық қор жетекшісі.
Әдетте істің ұзаққа созылып, сараптамалық жұмыстың қорытындысы бірнеше аптадан кейін шығатындығы шағымданушы тарапты сары уайымға салатыны белгілі. Дина Смаилова осыған қатысты тергеушілердің жұмысында да олқылық барын айтты.
«Зорланған әйел полиция бөлімшесіне келгеннен кейін оған құқық қорғау қызметкерлері тарапынан нұсқаулық берілуі тиіс. Яғни істің қандай қадамдар арқылы тергелетіндігі жік-жігімен түсіндірілуі қажет. Мәселен, тергеп-тексерудің алғашқы 3 күні өткеннен кейін, шағымданушылар тергеушіні таппай қалатын кездері де болады. Тергеуші де, тергеу тобының бастығы да телефон тұтқасын көтермеуі мүмкін. Осындай кездерде зорлау фактісінің құрбаны болған жандар бізге хабарласып, көмек сұрай бастайды. Олардың шамамен қанша уақыт күтуі тиіс екендігін жауапты органдар ескертуі керек», - дейді қоғам белсендісі Дина Смаилова.
«Не молчи» қоғамдық қоры тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге көмектесу мақсатында былтыр 7 мыңнан аса кеңес беру жұмыстарын жүргізген екен. Соның ішінде қылмыстық іс бойынша 200 арыз-шағым жазылып, 83 адамға айыптау үкімі шыққан.
«Бізден көбіне заң аясында көмек сұрайды. Бұл халықтың сауатсыздығымен байланысты сәттер. Әділет және ақпарат министрліктері халық арасында олардың құқықтарын түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізуі тиіс. Ал олардың жұмысын қоғамдық ұйымдар жасап жүр. Бұдан бөлек зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандарға істің тергеуі аяқталып, сот үкімі шыққанға дейін арнайы пана керек. Себебі қылмыскердің туған-туыстары зардап шегушінің қыр соңынан қалмай, шағымын кері алуын өтінеді», - деді Дина Смаилова.
«РЕСЕЙДІҢ ЗАҢЫН ҚАЗАҚШАҒА АУДАРА САЛУ ӘДЕТКЕ АЙНАЛДЫ»
Бүгінде өңірлерде ашылған дағдарыс орталықтарының көмегіне мұқтаж әйелдердің саны әлі де азаяр емес. Белгілі адвокат Абзал Құспан билік басында мейірімді, әрі қайырымды шенеуніктер жоқ болғандықтан, ана мен баланың құқықтары әлі де дұрыс жолға қойылмай келеді дегенді айтты.
«Біздегі жетіспейтін ең басты тетік ол - шенеунік. Отто Фон Бисмарктың «Нашар заңдармен және жақсы шенеуніктермен елді басқаруға болады. Бірақ шенеуніктер жаман болса, ең жақсы заңдар да көмектеспейді» деген сөзі бар. Осы тұрғыдан алғанда біз жақсы шенеуніктерге зәруміз. Сондай-ақ, біздегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Демек, ана мен бала құқығын қорғау бағытында мемлекеттен тиісті қаражат бөлінбей отыр. Мәселен, бала құқығы туралы халықаралық конвенцияда былай делінген: егер ата-ана түрлі себептермен баланы үймен қамтамасыз ете алмаса, оны мемлекет өз қамқорлығына алып, баланы үй-жаймен қамтамасыз етуі тиіс. Біз дәл осы нәрсені заңға енгізе алмай отырмыз. Өйткені бізде баспанасыз жүргендер саны онсыз да көп. Үндістанда, Африкада үйсіз-күйсіз, кез келген жерді паналап күн көруге болады. Ал алты ай қысы бар Қазақстан сияқты елде үйсіз жүру нағыз сынақ», - деді адвокат.
Сондай-ақ, адвокат қазіргі ата-аналардың балаға құқықтық тәбиені дұрыс бере алмайтындығын сынға алды. Оның айтуынша, қазіргі қоғам тәрбие ұясын шатастырып жүр.
«Заң аясындағы ата-аналардың жіберетін қателігі тәрбиемен байланысты. Бала мектепте оқып жүрсе, тәрбиені мұғалім беру керек деп есептейді, ал студент атанса, оны университеттің мойнына жүктейді. Осылайша ата-аналар тәрбиені мемлекеттің мойнына ысырып қоя салады. Жалпы құқықтық тәрбиені де ата-ана беруі тиіс. Заң - ол логикаға құрылған ілім. Сондықтан логикалық тұрғыда ненің жақсы, ненің жаман екенін үйренген бала заңды бұзбайды. Оған әкімшілік кодексті білу шарт емес. Тек ата-ана осы құқытық тәрбиені бойына дұрыс сіңіріуі керек. Кейбір ата-аналар балаларын оқуға түсіру үшін пара беріп жатады, онысын баласынан жасырмайды. Міне, сондайды көріп өскен бала бәрін ақшамен шешемін деп жүріп жемқорлықтың құрбаны болуы бек мүмкін. Қазір парақорлық бұрын-соңды болмаған деңгейде өршіп кетті. Өйткені қазір ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алмайтын ұрпақ қалыптасты», - дейді Абзал Құспан.
Бүгінде ана мен бала құқықтарына қатысты Конституциямызда бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізілгені белгілі. Дегенмен, әлі де ретке келтірілмеген тетіктер көп сыңайлы. Ана мен балаға қатысты сотқа дейінгі жеткен істердің басым бөлігінде заң мен тәрбие мәселесі жиі қарама-қайшы көрініске ие болады. Абзал Құспанның айтуынша, оған себеп – ұлттық мүдденің ескерілмеуі.
«Шетелдің, оның ішінде көбіне Ресейдің заңын алып, оны қазақшаға аудара салып қолдануды әдетке айналдырдық. «РФ» деген жерін «РК» деп жаза салады. Яғни біздің Ұлттық менталитетіміз ескерілмейді», - дейді маман.
Абзал Құспан қазақстандықтарға қарапайым нормаларды біліп жүру туралы кеңесін берді.
«Ең біріншіден, халықаралық заңнамаларды оқып үйренген дұрыс. Оның ішінде БҰҰ-мен қабылданған, ҚР ратификациялаған әйел құқығына қатысты, халықаралық конвенциядағы бала құқығы туралы заңдардан бастап, шама келгенше өзіміздің Конституциядағы Еңбек кодексін, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңдарды да оқу керек», - деді Абзал Құспан.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан