Сәуірде 1 млн-нан астам қазақстандық вакцинацияланады – Алексей Цой
ДСМ коронавируспен күресудің ең тиімді жолы - вакцинация деп есептейді
Сәуір айында Қазақстанда 1 миллионннан астам азаматқа коронавирус вакцинасын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Бүгінде республика өңірлеріне 145 мың доза вакцина жеткізілді, наурыздың соңына дейін қосымша 150 мың дозаны жеткізу жоспарланып отыр.
19 наурыздағы жағдай бойынша, Қазақстанда 100 мыңнан астам адамға вакцина салынды: 63 мыңнан астам медицина қызметкері, 22 мың педагог, күш құрылымдарының 7 мың қызметкері, 8 мың – азаматтардың басқа санаттары.
Әзірге вакцина алған жандар арасында иммундаудан кейін қолайсыз жағдай тіркелген жоқ.
Иммундалған адамдардың 1%-ында: мәселен, дене температурасы көтерілген тұмауға ұқсас жай-күйлер, жалпы әлсіздік, сондай-ақ вакцина салған жердің ісінуі және қызаруы түріндегі күтілетін реакциялар болған.
«Халықты одан әрі иммундау мақсатында биыл сәуір айында 1 млн-нан астам азамат вакцинацияланады. Осыған байланысты созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұрған, 65 жастан асқан адамдарды, сондай-ақ азаматтардың басқа да санаттарын қоса алғанда, вакцинациялауға жататын халық топтарын кеңейту көзделуде», - деді Алексей Цой.