Алматыда коронавирустың жаңа штамына ұқсас ықтимал мутация анықталды
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан аумағында коронавирустың өзге де түрлеріне қатысты зерттеу жүргізіп, ДДСҰ-мен бірлесіп Covid-19 штамдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингтің жаңа әдістемесін енгізді.
«17 наурызда Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы Алматы қаласы бойынша КВИ-мен ауыратын науқастардан алынған зертханалық үлгілерді зерделеді. Зерттеу нәтижелері бойынша коронавирустың «Британдық», «Оңтүстік Африка», «Бразилиялық» штамдарына ұқсас ықтимал мутация анықталды», - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Мутацияны және оның осы штамдардың біріне жататынын нақты растау толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін бір ай ішінде айқындалатын болады.
«Айта кету керек, КВИ-дің алдын алу және мутацияны емдеу шаралары қолданыстағы тәсілдерге ұқсас. Бұл маска режимін және әлеуметтік арақашықтықты сақтау, адам көп жиналатын орындарға бармау, сондай-ақ халықты жаппай вакцинациялау», - деп жазды министр.
Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының мәліметтері бойынша, қазір Қазақстан қолданылатын «Спутник V» вакцинасының «Британдық» штамға қарсы тиімділігі дәлелденді.