$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.03.2021, 11:27
Қоғам

Темір тор адасушылардың пікірін тез өзгертеді - имам

800-ден астам қазақстандық азамат деструктивті діни ағымның кесірінен шекара асып, ажал құшқан

Темір тор адасушылардың пікірін тез өзгертеді - имам
Фото: ашық дереккөзден

Ресми деректерді сөйлетсек, елімізе деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар саны 20 мыңнан асады. Олардың жетегіне ерген 800-ден астам қазақстандық азамат шекара асып, ажал құшқан. Аман қалғандары «Жусан» операциясы арқылы елге қайтарылуда. Жастарды ата-ана, туған-туыстарынан бас тартқызып, бөгде адамдардың соңынан еріп кете беруге итермелейтін қандай күш? Адасушылықтың басты себебі неде? Өзімізді, жақындарымызды мұндай қателіктен сақтау үшін не істеу керек? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Петропавл қаласындағы филиалы «Мухсин» мешітінің бас имамы Абылай Құрмашұлымен сұхбаттасқан еді.

- Елімізде діни білім беретін оқу орындары мен мешіттер саны жетерлік. Осыған қарамастан қаншама жас қыз-жігіттер адасып, жат ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Діни экстремистік топ өкілдері жастарды өз қатарына тартуда қандай әдіс-тәсілдерді жиі пайдаланады?

- Тәжірибе көрсетіп отырғандай, діни экстремистік топ өкілдері жастарды өз қатарына тартуда олардың сауатсыздығын пайдаланады. Діни көзқарасын өз пайдасына қарай бұруға тырысып, өздері қолдан жасап алған жолдарды, бұрмаланған және әлсіз хадистерді дәлел ретінде келтіреді. Діни білімі таяз жастар оған оңай иланып, дұрыс жолдың сол екеніне сеніп қалады. Сондықтан адасушылықтың басты себебі – білімсіздік дер едім.

- Мұндай фактілер жайлы білген жағдайда қалай әрекет етесіздер?

- Әлбетте адасу жолына қадам басқалы тұрған адаммен сөйлесіп, ескерту жасаймыз. Барлығын түсіндіреміз. Ондай топтарға ермеу керек екенін, оның адасушылық екенін, қауіпті еукенін айтып, Әбу-Ханифа мәзхабы, ата-бабамыздың жолы туралы айтып, оларды райынан қайтаруға тырысамыз. Түрлі хадистерді негізге аламыз.   

- Жастар көбіне қандай жат ағымдардың жетегінде кетіп жатады?

- Көбіне салафия ағымына еріп кетеді. Себебі жастар өз қатарластарына қарайды.  Салафиттердің арасында өрімдей қыз-жігіттер көп. Жастары сәйкес келетіндіктен, бір-бірін түсінетін орта пайда болған. Олардың дені қазақ тілін жақсы білмейтіндер, толық жоғары білімі жоқ, діни білімі таяз, интернет, әлеуметтік желілерде отырып, өз бетімен діни білім алушылар. Басты қателік осы – білімді интернеттен емес, имамдардан, ғалымдаран, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстаздарынан алу керек.  

- Жастар алданбауы үшін, адаспауы үшін не істеу керек? Қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

- Дін – өте нәзік дүние. Таңдалған жол – адамның тағдырына, болашағына тікелей әсер етеді. Оған үлкен жауапкешілікпен қарап, бәрін зерттеп салыстыру керек. Теріс жолға түсушілер шырмалып, шыға алмай қалады. Адасқан үстіне адаса береді. Жат ағымға адам бір күнде түсіп кетпейді, шығу үшін де қаншама уақыт, күш, білім керек. Бір адасып кетіп, қайта өз қазығын таба алмай жүргендер біздің қоғамда баршылық.

- Петропавл түзету колонияларында терроризм, діни экстремизм баптары бойынша сотталғандар баршылық. Дін жолында адасқандармен имамдар жұмыс атқаратыны белгілі. Сотталғандармен қандай нақты іс-шаралар жүргізесіздер?

- Топпен және жеке кездесудлер өткіземіз. Олардың сұрақтарына жауап береміз. Олардың адасып жүргенін Құранмен, хадиспен дәлелдейміз. Оған хадистер бұрмаланып жеткізілуі мүмкін. Олардың бізбен келісіп жататын кездері де болады. Бірақ сол жолдан қайтты ма, жоқ па ашып айтпайды. Бәлкім қорқатын болар. Дегенмен, сөзге иланған болады.

- Түсінігі, нанымы басқа азаматтар Сіздердің дәрістеріңізді қалай қабылдайды?  

- Дәріс емес, уағыз деген дұрыс болар. Өз позициясын мықтап ұстап алып, блок қоятындар, сөзімізді қабылдамай, мән бермейтіндер бар. Көбіне жеке кездесулер болған сәттерде бұл айқын аңғарылады. Көпшілікпен бірге тыңдалған уағыз адамға психологиялық тұрғыдан көбірек әсер етеді.

- Шалыс қадам басқанын мойындап, қатесін түсінетіндер қаншалықты жиі кездеседі?

- Шалыс басып, қатесін мойындағандарды сирек кездестіремін. Дегенмен, діни қөзқарасына байланысты заңға қайшы әрекет жасап, жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айрылып қалғандардың барлығы дерлік пікірін тез өзгертеді. Соған қарағанда олардың діни сенімдерінің жалған, боямалы, әлсіз екенін көруге болады.

- Кейбір психолог мамандардың пікірінше, жастардың жат ағымның жетегінде кетуінің себебін бала кезден іздеу керек. Олардың айтуынша толық емес отбасында тәрбиеленген, жоғары білімі жоқ қыз-келіншектер экстремистерге еріп кетіп жатады. Бұл пікірлермен келісесіз бе? Жалпы жат ағымдарға түсіп кететіндер арасында бәріне ортақ мінез-құлық байқала ма? (агрессия, өз-өзіне сенімсіздік, білімнің таяздығы, біреудің сөзіне тез сеніп қалу, ақшаға қызығу деген сынды т.б)

- Психологтармен әрине келісеміз. Жат ағымдардың жетегінде жүрген адамдардың басым көпшілігінің мінезінде агрессия байқалады. Барлықтары өздерін басқалардан артық санайды. Өзгенің пікірін қабылдағысы келмейді. Сондай мінез-құлық қалыптасып қалған. Өз позицияларында тұруға тырысады. Осы жайт агресссияның туындауына себепші болады.

- Діни білімін тереңдетіп, намазға бет бұрғысы келіп жүрген жастарға не айтар едіңіз?

- Өздерін мазалаған сұрақтардың жауабын мешіт имамдарынан сұрау керек. Оған қанағаттанбаса, мүфтиятта еңбек етіп жүрген жоғары білімді азаматтар бар. Діни білім іздеушілер өздерін мазалаған сұрақтардың жауабын  белгісіз адамдар мен сайттардан іздесе, мұндай әрекеттің адасуға алып келуі әбден ықтимал.

- Ұзақ уақыт бойы жалғасқан үзілістен кейін мешіттер қайта ашылып, жұма намазы жамағатпен оқыла бастады. Мешітке келушілердің карантинге дейінгі легі сақталды ма?

- Біздің мешіт сонау 1970 жылдары ашылған екен. 120 адамға есептеліп салынған деп ойлаймын. Петропавл қаласының Береке ықшам ауданында орналасқан. Жерлігікті халық үшін орын саны жеткілікті. Өзімнің осында еңбек етіп жүргеніме 20 жылдан асыпты. Карантинге дейін мешітке халық көп жиналатын. Қазір бұрынғыдай емес, адам аз келеді. Екі-үш есе кем деуге болады. Бұл сақтық та болар.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары