Нұр-Сұлтанда 2 мыңнан астам отбасыға азық-түлік таратылады
8 наурыз мерекесі қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған әр отбасыға бір себеттен беріледі
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен «Игі істер марафоны» аясында 8 наурыз мерекесі қарсаңында халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік себеттері таратыла бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордада 6-9 наурыз аралығында «Игі істер марафоны» аясында 2 мыңнан астам азық-түлік себетін тарату жоспарланған. Әр отбасыға бір себеттен беріледі. Олардың әрқайсысының салмағы 25-27 келі. Ішінде жарма, макарон, күнбағыс майы, күріш, қарақұмық, қант, шай, ұн, түрлі тәттілер, балаларға арналған кәмпиттер, сол сияқты кір жуғыш ұнтақ, сабын, сусабын секілді тұрмыстық химияның 20-ға жуық өнімі бар.
«Біз барлық мұқтаж азаматтарға арнайы тізім бойынша азық-түлік себеттерін тарата бастадық. Олардың қатарында қарттар, I, II, III топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғыз басты аналар, көпбалалы отбасылар бар. Акция аясында 6-9 наурыз аралығында біз 2 мың отбасыға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Мұндай шаралар кешені наурыз айының соңына дейін жалғасады. Ал айдың соңына дейін біз одан да көп отбасын қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шараға түрлі ұйымдар демеушілік етеді. Бұл себеттерді үйлерге әкімдік қызметкерлері, партия өкілдері, қарапайым азаматтар, еріктілер жеткізеді. Біз осы акцияны қолдауға, азық-түлік себетін қалыптастыруға және оны мұқтаж отбасыларға жеткізуге барлық адамдарды шақырамыз», – деді елорданың Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов.
«Nur Otan» партиясы елордалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Кәрібектің айтуынша, көмек елорданың барлық төрт ауданында тұратын отбасыларға көрсетіледі.
Өз кезегінде мерекелік себет алған елорда тұрғыны Ирина Ревуцкая алғысын білдіріп, барлық әйелдерді келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтады.
«Құттықтап келгендеріңізге көп рахмет. «Nur Otan» мен әкімдік, мен сіздердің адамдарға көмектесіп жатқандарыңызға өте қуаныштымын. Әрине, одан да көбірек көмек болса дейміз. Бізді – әйелдерді, ер адамдарды да ешкім ұмытпасын. Әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ерлер әйелдерге көбірек көңіл бөлсін. Бәрі жақсы болсын. Ең бастысы, бәріне денсаулық пен сәттілік тілеймін. Осылай мерекелерде келіп тұрасыздар. Сіздерге мың алғыс», – деді Ирина Ревуцкая.
Мерекелік себетке ие болған өзге тұрғындар да ризашылықтарын білдіріп жатты. Бүгін, яғни 6 наурыз күні азық-түлік себеттері 1 мыңнан астам отбасыға жеткізілді, өзгелеріне жақын күндері таратылатын болады. Іс-шара барысында санитарлық нормалар толықтай сақталады.