Жаңа Алматы тұрғындарының мәселесімен арнайы комиссия айналыспақ

Алғабас ықшамауданындағы көшелерді су басу мәселесі бойынша шұғыл шара қабылданатын болды

 

Жаңа Алматы тұрғындарының мәселесімен арнайы комиссия айналыспақ

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде Алатау ауданының Алғабас ықшамауданының тұрғындарын тыңдады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мегаполис әкімі Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы аккаунтында Алатау ауданының проблемалы аймақтарымен танысып, жұмыс комиссиясын құруға шешім қабылдағанын айтты.

«Ең әуелі Алғабас ықшамауданындағы №185 мектептің жанындағы Алдияр көшесінің су басу мәселесін шешу қажет. ТЖД көмегімен шұғыл шаралар қабылданады», — деп жазды Б. Сағынтаев. Инженерлік желілер жүргізілгенге дейін жолдар инертті материалдармен жабылады.

Алғабасқа 13,5 км су құбыры мен 17 км кәріз желісі жүргізілуде. Қосымша 1011 үйді қамтитын желіні жүргізу жоспарлануда. Осылайша бүкіл ықшамаудан сумен жабдықтау және су бұру жүйесімен қамтамасыз етілмек.

Сондай-ақ, Алматы әкімі Әйгерім-1 ықшамауданындағы Набережная көшесіне арық жүйесін салу мәселесін шешуді тапсырды. Бұл аталған учаскені су басу қаупін жояды.

Қала әкімі тұрғындар айтқан барлық мәселе, яғни иесіз желілер, көшеге жарық орнату, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды жұмыстарды жеке бақылауына алды. Атқарылған жұмыс туралы хабарлап отыратын жұмыс комиссиясы құрылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын тексеру үшін ықшамаудандардың белсенді өкілдерінен құрылған қоғамдық бақылау бастамасы қолдау тапты. Б. Сағынтаев аудан әкімдеріне олармен тұрақты байланыста болуды тапсырды.

Б. Сағынтаев жұмыс сапары кезінде Шаңырақ-2 және «14 аумақ» ықшамаудандарындағы сорғы станциясының, сондай-ақ АЗТМ Алғабас ықшамауданындағы салынған желілердің жағдайымен танысты. Желілердің құрылысы аяқталған соң тұрғындарды оларға қосу бойынша шаралар қабылданады.

Сондай-ақ, олар Әйгерім-1 ықшамауданындағы ауданның меценаттары салған дене шынықтыру-сауықтыру орталығын тексерді.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.