$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.12.2019, 22:25
Қоғам

Жемқор қызметкері үшін басшысы жауап береді – Ернар Баянғазин

Бұдан былай мемлекеттік қызметтегі басшылар қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған жағдайда отставкаға кетуге міндеттелмек

Жемқор қызметкері үшін басшысы жауап береді – Ернар Баянғазин

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ернар Баянғазин «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның жаңа редакциясына түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілуі - жемқорлыққа қарсы күресте жаңа кезеңнің басталуы», - деді Ернар Баянғазин.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұдан былай мемлекеттік саяси қызметшілер, яғни министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен әкімдерінің орынбасарлары, аудандардың әкімдері тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға кетуге міндетті.

«Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті», - деп хабарлады аумақтық Департамент басшысы.

Ернар Баянғазин нақты кімдердің жауапкершілікке тартылатынын түсіндіріп өтті:

 - орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) – оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде қызметінен кетеді;

 - облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі – оның орынбасарлары, аппарат басшысы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі үшін жауап береді;

- орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы қылмысқа барса;

 - облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшылары үшін жауап береді;

 - аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда орнынан кетеді.

 Айта кету керек, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметші лауазымға тағайындаған тұлғаға орнынан кету туралы өтініш береді. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыреті.

«Егер саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшісі болса, оған тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылады», - деді Ернар Баянғазин.

Солтүстік Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшылардың дербес жауапкершілігі туралы тапсырма міндетті түрде іске асырылатындығын жеткізді. Бұған қоса, аталған норма құқық қорғау органдарында да таратылмақ.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді.

Серіктес жаңалықтары